Іс-шараға Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының аға көмекшісі Рүстем Иманғалиев, облыс прокурорының бірінші орынбасары Азамат Күреңкей, Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаев, Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтыбаева мен мектеп ұстаздары және оқушылары қатысты.
Жобаның мақсаты – жас ұрпақтың патриоттық рухын көтеру, құқықтық санасы мен азаматтық жауапкершілігін арттыру, заңға деген құрметін қалыптастыру, сондай-ақ прокурор мамандығына қатысты қажетті мәліметтермен танысу мүмкіндігін беру.
Салтанатты рәсім барысында клуб мүшелері заңға адал болуға, әділдікті ту етуге, ел мүддесіне қызмет етуге арналған салтанатты ант қабылдады. Мұнан кейін қонақтар клуб мүшелеріне арнайы төсбелгілер табыстады.
Іс-шара барысында болашақ өмірін прокуратура органдарымен байланыстыруды қалаған оқушыларға жақсы білім алудың, жоғары оқу орындарында оқуды жалғастырудың маңызы түсіндірілді.
Сонымен қатар Тараз қаласы №66 орта мектеп пен қалалық прокуратура арасында өзара клуб ережесіне қол қойылып, оқушылардың құқықтық білімін жүйелі дамытуға негіз қаланды.
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында алдағы уақытта прокуратура қызметкерлері мен ардагерлерімен кездесулер, құқықтық тақырыптағы диалогтық алаңдар, білім сайыстары, экскурсиялар және басқа да тәрбиелік шаралар өткізу жоспарлануда.
Клуб жұмысы сабақтан тыс уақытта мектеп, прокуратура және өзге де мүдделі өкілдердің қатысуымен жүргізіледі.
«AR-AI»-ақпарат



