Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Электромобильдердің экологияға әсері қандай?

Электромобильдердің экологияға әсері қандай?
Автор
Технология қарыштап дамыған заманда көліктің түр-түрі шығуда. Адамдар тіпті электр қуатымен жүретін көліктерді пайдалана бастады. Электромобильдердің басты артықшылығы – отын шығынын азайтып, дәстүрлі жанармаймен жүретін көліктерге қарағанда атмосфераға зиянды қалдықтарды әлдеқайда төмен деңгейде бөлуі.

Соңғы күндері мұнай бағасының қымбаттауы мен экологиялық талаптардың күшеюіне орай, мұндай автомобильдерге нарықтағы сұраныс бірнеше есе өсті. Сонымен қатар технологияның жетілуі мен өндірушілерге салынатын салыққа берілетін жеңілдіктер бұл автомобильдердің басқа автомобильдермен салыстырғанда өндірістік құнын төмендетеді.

Көптеген мемелекетте мұндай көлік құралдарының иелері жол салығын төлеуде жеңілдіктерге ие және ақылы тұрақтарда ақы төлеуден босатылған. Электромобильдердің саны біздің елімізде де артып келе жатыр. Бұл көліктердің жай көліктерге қарағанда моторы қуаттырақ, ал аккумуляторы көлемдірек. Яғни тек қозғалтқыш арқылы емес, үйдегі арнайы тоқкөзі немесе жылдам қуаттайтын арнайы бекеттен де қуаттауға болады. Электромобильдердің толық қуатталуы 6-7 сағатты алса, қуаты шамамен 200-300 шақырымға дейін жетеді.

Сонымен қатар электр көліктерінің негізгі артықшылықтарының бірі –олардың тікелей зиянды шығарындылар бөлмеуі. Қалалық ортада мұндай көліктердің көбеюі түтін мен улы газдардың азаюына ықпал етіп, ауаның тазалығын жақсартады. Алайда бұл артықшылықтарды экология тұрғысынан қарасақ, табиғатқа бірдей пайда әкелмейтінін байқауға болады.

Шаһарда қазіргі таңда барлығы 15 электр қуаттау бекеті тұрақты түрде қызмет көрсетеді. Зарядтау стансалары негізінен үш түрге бөлінеді. Тоқталып өтеріп болсақ, жылдам, орташа және баяу қуаттау. Жылдам қуаттау стансаларының қуаты шамамен 50 кВт-тан 120 кВт-қа дейін жетеді. Мұндай стансада батареяны 20 пайыздан 80 пайызға дейін орта есеппен 20-60 минутта қуаттауға болады. Орташа қуатты 22 кВт стансаларда аккумуляторды 80 пайызға дейін шамамен 1-2 сағатта толтыруға болады. Ал 7 кВт баяу қуаттағыштарда толық зарядтау 8-12 сағатқа дейін созылады, бұндай баяу қуаттағыштар көбіне үй жағдайында немесе тұрақ орындарында қолданылады. Зарядтау уақыты көліктің батарея сыйымдылығына тікелей байланысты, 30-40 кВт.сағ шағын аккумулятор тезірек толады, ал 90 кВт.сағ және одан үлкен батареяға көбірек уақыт қажет. Ал қуаттау бағасы әр операторға байланысты әртүрлі. Орташа тариф 1 кВт.сағ үшін 40-80 теңге аралығында. Орташа есеппен 60-80 кВт.сағ батареямен жүретін электромобиль бір толық зарядта шамамен 300-400 шақырым қашықтықты еңсере алады. Осындай қашықтықты қарапайым көлікпен жүру үшін шамамен 8 000-10 000 теңгеге жанармай құюыңызға тура келеді. Ал электромобильде бұл шығын орта есеппен 3 000-5 000 теңге шамасында болады. Яғни, күнделікті жүріп – тұрғанға электромобиль үнемдірек. Сонымен қатар электр энергиясының бағасы литр бензинге қарағанда тұрақты әрі арзан болып келеді.

Тараз қаласындағы электромобильдерді зарядтауға арналған стансаларды аралап жүргенімізде, қала тұрғыны Айдана Шайтұмақовамен кездесіп қалдық. Көлігін зарядтап жатқан Айдананың жанына барып, әңгімеге тарттық.

– Бұл көлікті алғаныма жарты жылдан асты. Осы аз ғана уақыт ішінде көлігіммен Астана, Алматы секілді қалаларға барып көрдім. Жалпы көліктің артықшылықтары көп, қыста үйден шықпай-ақ арнайы қосымшаға кіріп қыздырып, жолға дайындап қоямын. Сонымен қатар басқа көліктерден қарағанда ерекшелігігі – өзін-өзі тұраққа қоюы. Көлік жүргізуде үлкен тәжірибем болмағандықтан бастапқыда көлікті тұраққа қоюға қиналатынмын. Сол кезде көлік жүйесіндегі өзін-өзі тұраққа қою батырмасы арқылы тұраққа қойып жүрдім. Көлік толықтай электронды, толық қуаттап алсақ, қуаты шамамен 8-10 сағатқа жетеді. Қуаттау да көлікке бензин құйғанға қараған да арзанырақ шығады. Бірақ алыс жолға шығарда міндетті түрде қосымша қуаттағыш аккумулятор алып жүремін. Жолда жүргеннен кейін барлық жағдайға дайын болып жүруге тырысамын. Бірақ көліктің тиімсіз тұстары да жоқ деп айтпас едім. Ерекше тоқталатын жайт, нарықта электромобильдердің бағасы тұрақсыз. Мысалы осы көлгімді алғаннан кейін 1 айдан соң нарықтағы бағасы күрт түсіп кетті. Оған қоса арнайы жабдықтары қымбат тұрады, – дейді Айдана Еркінқызы.

Сонымен қатар электромобильдерде арналған аккумуляторларды өндіру мәселесі де алаңдаушылық тудырады. Аккумляторға қажетті литий, никель секілді сирек кездесетін металдарды өндіру көп мөлшерде су мен энергияны қажет етеді. Кен, металлдарды өндіру барысында табиғи экожүйелер бұзылып, өндірістік қалдықтар топырақ пен су көздерін ластайды. Ал қолданылған аккумуляторларды қайта өңдеу немесе жою мәселесі әлі күнге дейін толық шешімін таппай отырған экологиялық проблемалардың бірі болып отыр. Тоқтала өтер болсақ, электромобильдердің жарамсыз болып қалған «батарейкалары» келесі пайдаланғанға жарамсыз болады. Қоқысқа тастап немесе өртейтін болса экологияға үлкен зиян әкеледі.

Көзімізбен көріп жүрген кәдуілігі бензин, дизельмен жүретін көліктердің зияны – көзге көрініп тұрған ақиқат. Олардың әрбір қозғалысы – атмосфераға тарайтын көмірқышқыл газы мен күйе. Зиянды газдар жаһандық жылынудың, қала ауасының ластануы мен адам денсаулығының нашарлауына себеп.

Зерттеулерге сүйенер болсақ, электромобильдердің шын мәнінде экологиялық тиімді болуы оның қуат көзіне байланысты. Егер көлік жаңартылатын – күн, жел немесе су электр стансалары арқылы қуатталса, олардың зияны жоқ. Ал егер энергия көмір стансаларынан алынса қарапайым көліктерден айырмашылығы жоқ десекте болады.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар