Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Судың да сұрауы бар

Судың да сұрауы бар
Су ресурстарын сақтау және оны тиімді пайдалану – адамзат өмірі мен табиғат үшін ең маңызды мәселелердің бірі.

Су – тіршіліктің негізі, оның сапасы мен қолжетімділігі адамдардың тұрмысын, ауылшаруашылығы мен өнеркәсіптің дамуына тікелей байланысты. Сондықтан судың мөлшері мен сапасын бақылау, оны рационалды пайдалану және қорғау – әрбір қоғам үшін өмірлік қажеттілік. Адамзат үшін судың рөлі тек тіршілік үшін ғана емес, сонымен қатар экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету тұрғысынан да аса маңызды.

Қазақстанда алқаптарды суландыруға ерекше көңіл бөлінуде. Суармалы жерлерді ұлғайту, суармалы егістік көлемін арттыру арқылы ауылшаруашылығы өнімділігін көтеру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделіп отыр. Суармалы алқаптардың әр гектарынан дақыл түріне байланысты 10-50 тонна өнім алуға болады, бұл ауылшаруашылығының өнімділігін арттырып, экономикалық тиімділікті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ суармалы жерлердің көлемін ұлғайту көктемгі су тасқыны кезінде суды тиімді пайдаланып, табиғи апаттардан қорғануға да мүмкіндік береді.

Су ресурстары тек жер бетінде ғана емес, жерасты қабаттарында да кездеседі. Жерасты сулары әсіресе тұщы судың негізгі көзі болып саналады. Алайда соңғы жылдары адамдардың суды дұрыс пайдаланбауынан су көздерінің ластануына әкеліп соғуда. Өнеркәсіп орындары мен ауылшаруашылығы судың ең ірі тұтынушылары болып табылады. Өнеркәсіпте суды көп пайдаланатын салаларға тау-кен өндірісі, химия, мұнай-химия, қағаз-целлюлоза және тамақ өндірісі жатады. Бұл салалар тұтынатын су көлемі жалпы өнеркәсіптегі судың шамамен 70 пайызына тең. Ал тұрмыстық қажеттіліктер үшін су көлемі әртүрлі. Адам басына шаққанда аймаққа және өмір сүру деңгейіне байланысты 3-тен 700 литрге дейін жетеді.

Судың көлемін есепке алу және тұтынуды бақылау, орынсыз жұмсаудан қашу – болашақта судың жетіспеушілігіне жол бермеуге көмектеседі. Егер судың көлемі мен сапасы үнемі есепке алынбаса, оны ысырап ету немесе дұрыс бөлмеу салдарынан белгілі бір өңірлерде судың тапшылығы пайда болуы мүмкін. Су ресурстарын жүйелі бақылау әрбір су көзінің нақты көлемін, оны кім және қандай мақсатта пайдаланатынын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл шара суару алқаптары, өнеркәсіптік зауыттар және тұрмыстық қажеттіліктер үшін судың әділ бөлінуін қамтамасыз етеді, топырақ пен су сапасын бақылауға мүмкіндік береді, сондай-ақ экожүйелердің деградациясын азайтады.

Қазақстандағы су көздерінің қолжетімділігі әр өңірде біркелкі емес. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында сумен қамтамасыз ету жақсы болса, Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында тұщы судың тапшылығы байқалады. Бұл өңірлерде тұрғындар суды үнемдеуге, оны тиімді пайдалану жолдарын іздеуге мәжбүр. Сонымен қатар ақпа сулар – топырақты тыңайту және суғару үшін пайдаланылатын судың кейбір түрлері адамдар мен жануарларға қауіпті болуы мүмкін. Мұндай сулар патогенді микроорганизмдерге бай, өсімдіктердің өсуіне, ауылшаруашылық өнімдерінің сапасына кері әсер етуі мүмкін. Ақпа судың құрамындағы зиянды микроорганизмдер топыраққа түсіп, ұзақ уақыт өмір сүру қабілетіне ие болады, бұл өз кезегінде ауылшаруашылығы мен табиғи экожүйеге айтарлықтай қауіп төндіреді.

Су үнемдеудің заманауи әдістерінің бірі – сплинтерлеп суару технологиясы. Тоқталып өтер болсақ, Италиядан алынған айналмалы суару машиналары арнайы қашықтықтан басқару жүйесімен жабдықталады. Бұл технология суды үнемді пайдаланып, суару уақытын дәл есептеуге мүмкіндік береді. Барлық операциялар арнайы бағдарламалар арқылы жүргізіледі, нәтижесінде әр гектарға қажетті су мөлшері ғана беріледі. Мұндай әдіс көктемгі су тасқыны кезінде ағын суды тиімді пайдаланып, оны шаруашылыққа бағыттауға жағдай жасайды. Сондай-ақ сплинтерлеп суару судың буланып кетуін азайтып, топырақтың ылғалдылығын тұрақты сақтайды, бұл өнімнің сапасын арттыруға және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға септігін тигізеді.

Болашақта халық санының өсуі, өндіріс көлемінің артуы және климаттық өзгерістер су тапшылығын күшейтеді. 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы халық саны қазіргі көрсеткіштен екі есеге өседі деп болжануда, ал таза ауыз судың тапшылығы айқын сезіле бастайды. Сондықтан су ресурстарын сақтау, рационалды пайдалану және үнемдеу – қазіргі кезеңдегі аса өзекті міндеттердің бірі.

Суды үнемдеу – әрбіріміздің іс-әрекетімізге байланысты. Әрбір адам судың құндылығын түсініп, оны тиімді пайдалануды өз өмірінің бір бөлігіне айналдыруы қажет. Су көздерін саналы пайдалану, суармалы алқаптарды тиімді басқару, ауылшаруашылығы мен тұрмыстық қажеттіліктерде суды үнемді пайдалану – табиғатқа жасалған қамқорлықтың нақты көрінісі. Су ресурстарын есепке алу, олардың тиімді пайдаланылуын қадағалау және болашақ ұрпақ үшін сақтау – әрқайсымыздың жауапкершілігіміз. Бұл – тек экологиялық міндет емес, адамзаттың өмір сүру қауіпсіздігі мен болашағын қамтамасыз етудің маңызды факторы.

Аружан ҚАДІРБЕРГЕНОВА,

М.Х.Дулати атындағы

Тараз университетінің

2-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар