Қазақстан SCImago Research Group (SCImago Country Rank) халықаралық ғылыми белсенділік рейтингінде Орталық Азия елдері арасында бірінші орынды иеленді. 1996–2024 жылдар аралығындағы деректерге сәйкес республика әлемдік рейтингте 69-орынға тұрақтап, ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 64-орынға көтеріліп, ұлттық ғылымның тұрақты дамуын және жарияланымдық белсенділіктің артуын көрсетті.
Айта кетерлігі, өңірдегі өзге мемлекеттерден айырмашылық айқын: Өзбекстан – 83-орында, Қырғызстан – 130-орында, Тәжікстан – 147-орында, Түрікменстан – 191-орында. Бұл көрсеткіштер ғылыми инфрақұрылым, кадрлық әлеует және халықаралық ынтымақтастық деңгейіндегі алшақтықты айқын көрсетеді.
Қазақстанның SCImago рейтингіндегі көшбасшылығы – ғылым мен жоғары білім саласындағы жүйелі мемлекеттік саясаттың нәтижесі. Елде өңірлік инновациялық жүйелерді дамыту, академиялық және зерттеушілік артықшылық орталықтарын қалыптастыру, жас ғалымдарды қолдау, сондай-ақ халықаралық бағдарламаларға қатысуды кеңейту сияқты маңызды бағыттар жүзеге асырылуда.
SCImago рейтингі Elsevier компаниясына тиесілі Scopus дерекқорына негізделіп, ғылыми жарияланымдар саны мен сапасы, халықаралық ынтымақтастық пен инновациялық үлес сияқты факторларды есепке алады.
Қазақстанның позициясының нығаюы елдің Орталық Азиядағы ғылыми көшбасшы ретіндегі имиджін күшейтіп, ұлттық ғылыми жүйені әрі қарай дамытуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне қосатын стратегиялық мәнге ие.
Ұқсас жаңалықтар
Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентімен телефон арқылы сөйлесті
- авторAR-AY
- 17 ақпан, 2026


