Құрылған күннен бастап телеарна түрлі форматтағы бағдарламалар ұсынып, өңірдегі әлеуметтік-саяси оқиғалардың бел ортасынан табылып келеді. Тілшілер тікелей эфир мен әлеуметтік желілер арқылы соңғы әрі нақты ақпаратарды жедел таратып, аудитория сұранысына сай жұмыс істеуде.
Телеарна директоры Зарина Қуатованың айтуынша, журналистиканың қай саласы болмасын қызығушылық пен қиындыққа толы.
– Телеарна ашу, жалпы медиа саласына келу – әрине, оңай емес. Бірақ мен үшін бұл жай ғана мамандық емес, бала кезден жүрегімде жатқан арман еді. Мен кішкентайымнан журналист болуды қаладым. Алайда анам қалауыма қарсы болып, «мұғалім боласың» деп бағыт берді. Оның үстіне «журналистика – әйел адамның мамандығы емес» деген түсінік те болды. Мектепті тәмәмдаған соң ағылшын және түрік тілдері мамандығын қызыл дипломмен аяқтадым. Бірақ жүрегім бәрібір журналистика деп соғып тұрды. Бала кезімнен шығарманы жақсы жазатынмын, мектепте оқып жүргенде-ақ газеттерге мақалаларым шығып жүрді. «Ең бастысы – жазуым бар» деп, арманымды іште сақтап жүре бердім. Бір күні теледидар қарап отырсам, жүгіртпе жолда «Қазақстан-Тараз» телеарнасы тәжірибеден өтуге журналистер шақыратынын, журналист мамандығы міндетті емес екенін хабарлапты. Сол кезде курстас құрбым Жанна Абитаева қолымнан жетектеп, «арманың болса, бар» деп қолдау көрсетті. Екеуміз 2008 жылдың 22 сәуірінде телеарнаға келдік. Сәуір, мамыр, маусым айларында тәжірибеден өтіп, 14 шілде күні жарты жүктемемен жұмысқа қабылдандым. Алғашқы ұстаздарым – сол кездегі облыстық телеарнаның директоры Қалыбек Атжан және небәрі 28 жасында облыстық телеарнаның бас редакторы болған Жасұлан Әбдіхалық. Олар бізді күн сайын жинап, білгенімен бөлісіп, жазуға, ойлауға, журналистиканың психологиясына ұстауға баулыды. Журналистиканың әліппесін сол кісілерден үйрендім. Маған бірден «Денсаулық» және «Тілім – тірегім» хабарлары сеніп тапсырылды. Бір жылдан кейін «Тілім – тірегім» бағдарламасы республикалық байқауда бірінші орын алып, сол кездегі Ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қолынан грамота алу бақыты бұйырды. Ол кезде небәрі бір жылдық тәжірибесі бар жас журналист едім. Сондай-ақ Жамбыл журналистикасының тарихында алғаш рет Президентпен телекөпірге шыққан журналист болдым. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының іргетасын қалау рәсімінде телекөпір арқылы сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевке тікелей эфирде таныстырылым жасап, жүргізуші болдым. Бұл – мен үшін үлкен мектеп әрі үлкен жауапкершілік еді. Уақыт өте келе өз жолымды іздеуге бел будым. Ол кезде ақпараттық сайттар, жаңа медиа, «YouTube» арналары енді дамып келе жатқан. «Неге сайт пен «YouTube» арнасын біріктірмеске?» деген ой келді. Сөйтіп 2019 жылдың 14 қазанында Тараз қаласында «TARAZ24» ақпараттық интернет арнасын іске қостым. Бұл – сайт пен видеоплатформаны біріктірген жаңа форматтағы жоба еді. Кейін «ақпараттық интернет арна» ұғымы заңнамаға да енді, – деді Зарина Қуатова.
Телеарна осы уақытақа дейін талай жас журналистің қанатын қатайтып, шеберлігін шыңдады. Бүгінде сол жастар еліміздің өзге қалаларында да журналистік ортада жемісті еңбек етіп жүр.
– Телеарна жобасын бастағанда қасымда журналист Мерей Бает және білікті бейнемонтажер-дизайнер Мейіржан Ерболатов болды. Ал сайт бағытын жүйелеу үшін тәжірибелі журналист Қуаныш Ембердиев ағамызды арнайы шақырып, қолдау сұрадым. Ол кісінің еңбегі орасан зор – бағыт-бағдар беріп, салмақты тақырыптарды көтеруге ықпал етті. Жоба басталарда Жамбыл облысының зиялы қауым өкілдерін, ардагер журналистерді жинап, батасын алдық. Сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова арнайы келіп, жаңа бастамаға қолдау білдірді. Аға буынның батасын алып, сол батамен көгердік. Жас арна бірден үлкен тәуекелге барды, тәулігіне 24 сағат бойы үздіксіз эфир тарататын аймақтық телеарна ретінде жұмысымызды бастадық. Сол кезеңде Қазақстандағы аймақтық телеарналардың ішінде тәулік бойы хабар тарататын бірде-бір арна болған жоқ. Осындай батыл шешім қабылдап, бірден ақпараттық бағытты таңдадық. Ал телеарнаның «ТARAZ24» атауына келсек, біз бірнеше нұсқаны қарастырдық. Соның ішінде осы атауға тоқтадық. Телеарнаның алғашқы директоры Жамбыл Момынжанов дәл осы «ТARAZ24» атауын ұсынды. Атаудың өзі арнаның концепциясын айқындап тұр, Тараз және 24 сағаттық үздіксіз ақпарат. Кейінгі кезеңге тоқталар болсақ, ұжымның басты бағыты шығармашылық әлеуетті арттыруға арналды. Жас журналистерді тәрбиелеу, жазуға баулу, кәсіби шеберлігін шыңдау, сапалы кадрлар даярлау ісіне ерекше мән берілді. Біз тек ақпарат таратып қана қоймай, өңірлік журналистиканың жаңа буынын қалыптастыруды да мақсат еттік. Бүгінде біздің телеарнадан түлеп ұшқан шәкірттеріміз қарашаңырағын ұмытпайды. Кездескен сайын «Жастық шағымыздың, алғашқы еңбек жолымыздың ең тәтті кезеңдері дәл осы «TARAZ24»-тің қабырғасында өтті», – деп айтып жатады. Біз бұған әрдайым дән ризамыз. Осы бес жылдың ішінде телеарна ұжымы тек кәсіби орта ғана емес, тағдыр тоғыстырған қасиетті орынға да айналды десем артық айтқанмы емес. Үш бірдей жұп осы шаңырақта табысып, отау құрды. Бүгінде телеарнаның «үш немересі бар» деп әзілдеп жатамыз. Атап айтсақ, Данияр Әлімқұл мен Ұлдана Жұбай, Аңсар Тілепберген мен жауапты шығарушы Гүлжан Әлиева, сондай-ақ журналист Шерхан Абзалұлы мен журналист Аружан Садайбек шаңырақ көтеріп, тату-тәтті ғұмыр кешуде. Барлығы да бүгінде өз ісінің мықты мамандары. Алдағы жоспарымыз да ауқымды. Үш жыл бұрын қазақ телевизиясында алғашқылардың бірі болып жасанды интеллект дикторын тәжірибеге енгізген де «TARAZ24» еді. Оңтүстік өңірдегі орыс тілді кадр тапшылығын ескере отырып, біз AI негізіндегі «Жасмин» есімді виртуалды дикторды экранға шығардық. Бұл тек Жамбыл өңірі үшін емес, жалпы қазақстандық телевизия үшін тың жаңалық болды. Қазір жасанды интеллект мүмкіндіктерін одан әрі дамытып, жаңа жобаларға бейімдеп жатырмыз, – дейді арна басшысы.

«TARAZ24» телеарнасының ұжымын бес жылдық белесімен құттықтап, алдағы уақытта да мазмұнды хабарлар мен тағылымды телевизиялық жобаларымен көрерменін қуантып, абырой биігінен түспеулеріне тілектеспіз.
Сымбат ҚУАНЫШ



