Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сарбаздар қолбасшылық шеберханасында шыңдалуда

Сарбаздар қолбасшылық шеберханасында шыңдалуда
Автор
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жөндеу-қалпына келтіру базасында соңғы екі жыл ішінде жақсы дәстүр орнықты. Мұнда сарбаздар Отан алдындағы қасиетті борышын атқара жүріп, кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алып келеді. Әскер қатарына қосылған жастар үшін бұл уақыт тек саптық дайындық пен жауынгерлік машықты меңгеру кезеңі ғана емес, өз таңдаған мамандығы бойынша тәжірибе жинап, білікті маман болып қалыптасатын маңызды белес саналады.

Бөлімге келетін жігіттердің басым бөлігі бұрын техникалық білім алған, қолынан іс келетін азаматтар. Слесарь, токарь, газ электр дәнекерлеушісі сияқты мамандар осы базада өз қабілеттерін жаңа қырынан көрсетіп жүр. Олар үшін әскер теориялық білім мен тәжірибені ұштастыратын тиімді ортаға айналды.

01731 әскери бөлімінің жөндеу-қалпына келтіру батальонының командирі, майор Шыңғыс Сәбетбековтің айтуынша, бөлімде әскери қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыруға және олардың техникалық дағдыларын жетілдіруге барлық қажетті жағдай жасалған.

– Бөлімнің басты мақсаты сарбаздарға әскери істің негіздерін үйретумен ғана шектелмейді. Мұнда олардың бойындағы іскерлік қабілеттерін дамытып, кәсіби деңгейге көтерілуіне жағдай жасалады. Сарбаздар нақты техниканы меңгеріп, күрделі тетіктердің жұмысын терең түсінеді. Бұл тәжірибе олардың болашақ азаматтық өмірінде де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, – дейді Ш.Сәбетбеков.

Байыпты бастама сарбаздардың көңілінен шығып, олардың ынтасын арттыра түсті. Олар мамандығынан қол үзбей, керісінше өз шеберлігін шыңдап, жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік алып отыр. Аталған әскери бөлімнің мерзімді қызметтегі сарбазы Мағжан Асылханұлы бұл іске ерекше ықыласпен қарап, өз міндетін жауапкершілікпен атқаруда.

Қару-жарақ пен техниканы жөндеу – аса жауапты әрі қызықты жұмыс. Лауазымым да кеудемде мақтаныш сезімін тудырады, зымыран артиллериялық қару-жарақтарды жөндеу шеберімін. Мұнда құр теориямен шектелмей, нақты жұмыс арқылы мол тәжірибе жинаймыз. Тәжірибелі офицерлер мен өз ісінің шеберлері әрбір тетіктің ерекшелігін жан-жақты түсіндіріп, іс жүзінде үйретеді. Күн сайын кәсіби тұрғыдан өсіп, нағыз маман болып қалыптасып келе жатқанымды сезінемін, – дейді М.Асылханұлы.

Әскери борышын өтеп қайтқан жігіттердің қолында тек әскери билет пен жоғары оқу орнына жеңілдікпен түсу мүмкіндігі ғана болмайды. Олар ең бастысы өзімен бірге шыңдалған тәжірибе мен өмірлік сабақ алып қайтады. Әскерде өткен бір жыл олардың рухын нығайтып, кәсіби тұрғыдан жетілуіне көмектеседі және болашақта дұрыс жол табуына негіз болады.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар