Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Адал еңбек абыройға бөлейді

Адал еңбек абыройға бөлейді
Автор
Елімізде ұзақ жылдар бойы маңдай терін төгіп, адал еңбегімен елге танылған абыройлы жұмысшылар аз емес. Солардың қатарында жуалылық білікті маман Дәулетбай Нұрабаев та бар. Ол ауылшаруашылығының маңызды тармағы саналатын сушаруашылығы саласында жарты ғасырға жуық уақыт табанды еңбек етіп, өз ісіне адалдығымен және кәсібилігімен көпке үлгі болды.

Дәулетбай Мырзайұлы 42 жылдан бері «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалының Жуалы аудандық «Ақсай» өндірістік бөлімшесінде қызмет атқарып келеді. 1984 жылы аталған өндірістік бөлімшеге су бақылаушы маманы болып жұмысқа орналасып, алғашқы еңбек жолын осында бастаған. Талапты жас қызмет барысында сатылап өсіп, өндірістік бөлімшенің «Ақсай» каналы участогының, 2000 жылы «Ақсай» өндірістік бөлімшесінің басшысы болып тағайындалады. Содан бері қызметін асқан жауапкершілікпен және абыройлы атқарып келеді.

Кейіпкеріміз 1963 жылы Қайрат ауылында туған. Осындағы №2 Мыңбұлақ (бұрынғы «Октярьдің 40 жылдығы» атындағы) орта мектебін жақсы үлгеріммен бітірген талапты жас алғашқы еңбек жолын аудандағы «Ақсай» сушаруашылығы мекемесінде су бақылаушы болып бастаған. 1984-1989 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында инженер-гидротехник мамандығында оқып, білімін жетілдіреді. Институт бітіргеннен кейін өндірістік бөлімшеде инженер-гидротехник қызметін атқарған оның майталман мамандардан үйренгені көп болды. Атап айтқанда, бас инженерлер Тұрғынбек Сыдықов, Еділбай Ақынтаев секілді алдыңғы буын ағалардан мол тәжірибе жинақтаған ол да өз кезегінде жас мамандарға үйретуші тәлімгер бола білді.

Дәулетбай Мырзайұлының тәлімін алған шәкірттері Мұхамеджан Әсемов, Ыбырай Асықбаев, Рамазан Шоңғаров, Нұржан Қолаханов, Нұрлан Ілесов, Абзал Байдосов және Ринат Сейділдаев бүгінде «Ақсай» өндірістік бөлімшесіндегі тәжірибелі мамандарға айналып отыр. Ауданның ауылшаруашылығы саласының жоғары қарқынмен дамуы мен еңбек өнімділігін арттыруда «Ақсай» өндірістік бөлімшесінің де қосқан үлесі зор. Бөлімше аудандағы 7 000 гектардан астам егістік алқапты суландыруға қауқарлы. Суару маусымы кезеңінде өндірістік бөлімшеге қарасты «Көксай» каналынан 74, «Ақсай» каналынан 76, ал «Тихий» каналынан 150 шаруа қожалық тұрақты түрде су алып, егіс алқаптарын ағын сумен қамтамасыз етіп отыр. Бөлімшеден келісімшарт арқылы су алатын шаруашылықтарда негізінен көпжылдық шөп, арпа, бидай, картоп, жүгері, күнбағыс және бақша дақылдары орналастырылып, суарылу үстінде.

Қазіргі таңда аудандық «Ақсай» өндірістік бөлімшесінде барлығы 41 сушаруашылығы маманы мен жұмысшылар тұрақты қызмет атқарады. Мұндағы жұмыстар кәсіби маман, жұмысшылармен қатар, арнайы техникалардың күшімен атқарылу үстінде. Өңірдегі шаруашылықтардың егістік алқабын суландыру үшін бөлімшеге қарасты каналдар тұрақты жөндеуден өтуде. Атап айтқанда, 2013-2015 жылдары «Көксай» каналының 20,5 шақырымына жерасты темір-бетон құбыр-лотоктар қойылып қолданысқа берілсе, «Ақсай» каналының да 5 шақырымына темір-бетон лоток қойылған. Бір сөзбен айтқанда, «Ақсай» өндірістік бөлімшесі өңірдің сушаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосып келеді.

Өндірістік бөлімшені ширек ғасырдан бері басқарып келе жатқан Дәулетбай Нұрабаевтың еселі  еңбегі мемлекет тарапынан елеусіз қалмай, бірқатар медальмен марапатталған. Ол әр жылдары ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Сушаруашылығы саласының ардагері» салалық медаліне, «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медаліна ие болса, ал былтыр 9 шілде – Сушаруашылығы қызметкерлері кәсіби мерекесінің қарсаңында «Құрмет» орденін кеудесіне жарқырата тақты.

– Былтыр бір топ әріптестеріммен  бірге Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, Президенттің сала мамандарына деген құрметі мен жылы лебізін естуге мүмкіндік туғанына шын жүректен қуаныштымын. Қабылдауда Президент отандық сушаруашылығының үздіктеріне жоғары наградалар табыстап, оның ішінде мен де «Құрмет» орденіне ие болдым. Бұл марапатты – жалғыз менің емес, ұжымдық еңбектің ортақ жемісі деп қабылдадым. Қазір Президенттің тікелей тапсырмасымен сушаруашылығы саласының дамуына мемлекет деңгейінде жіті көңіл бөлініп отыр. Бұл ретте Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылғанын ерекше атап өткен жөн. Мен сушаруашылығы саласында 40 жылдан бері тұрақты еңбек етіп келемін. Қызмет барысында жинаған мол тәжірибемді жас мамандарға үйретуден жалыққан емеспін. Сала жұмысын дамытуға сүбелі үлес қосуды өзіме азаматтық парыз санаймын, – дейді Дәулетбай Нұрабаев.

Адал еңбекті ту етіп, ауыр жұмыстан қашпаған кәсіби маманның еңбегін мемлекет те жоғары бағаласа керек. Жұмысты дұрыс жолға қойып, тиімді ұйымдастыра білгеннің нәтижесінде «Ақсай» өндірістік бөлімшесінің жұмысы облыс көлемінде алдыңғы қатардан көрініп келеді. Дәулетбай Нұрабаев сушаруашылығы саласында еңбек ете жүріп, отбасын құрған. Отанасы Анар Болысбекқызы екеуі отбасында төрт ұл-қыз тәрбиелеп өсірген ұлағатты жандар. «Әке көрген оқ жонар» деген қағиданы алға ұстаған ұлы Жанболат әкесінің жолымен инженер-гидротехник мамандығын игеріп, қазір «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасында су реттеуші болып қызмет атқару үстінде.

Өмірдің өзі дәлелдегендей, «ақырын жүріп, анық басып», адал еңбек еткен жан ғана биік абыройға бөленеді. Абыройдың биігінде болу азаматтың өзіне тікелей байланысты екенін ұмытпайық.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

журналист,

Жуалы ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар