Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Арт-терапия ауыр мұңнан арылтады

Арт-терапия ауыр мұңнан арылтады
Автор
Қазіргі қарбалас өмірдің ырғағы бізді үнемі бір жаққа асықтырып, ішкі тыныштығымызды ұрлап жатқандай. Күнделікті күйбең тіршілік кейде адамның рухын басып, көңіліне қаяу түсіретіні де жасырын емес. Осындай сәттерде адамның жандүниесіне ең жақын ем – шығармашылық. Соның ішінде өнер арқылы жанды емдеу, яғни арт терапия – нәтижелі емдердің бірі.

Арт-терапияның пайдалы жақтары көп. Ол сөзбен жеткізе алмайтын сезімдерді, ішкі эмоцияларды сыртқа шығаруға көмектеседі. Қалам, қағаз, бояу мен қылқалам арқылы адам өзінің ішкі күйін бейнелейді. Кейде бір қарапайым сурет адамның сөзбен жеткізе алмайтын күйін дәл көрсетеді. Мысалы, шамадан көп түйіскен сызықтар, қою түстер немесе бүлініп кеткен фигуралар ішкі кернеуді, уайымды немесе қорқынышты бейнелейтін болса, ашық түстер мен еркін сызықтар көңіл күйдің жақсарғанын, ішкі тыныштықтың орнағанын білдіреді екен.

 Тараз қаласындағы «Art.terapiya.taraz» студиясының жетекшісі Анеля Амантаеваның айтуынша, арт-терапия адамның өзін-өзі тануына көмектеседі.

– Студиямыз 2024 жылдың 29 маусымында ашылып, сол уақыттан бері келушілерге шығармашылық арқылы демалыс пен ішкі тыныштық сыйлап келеді.

Арт-терапия – ішкі сезімдерді сыртқа шығаруға көмектесетін ерекше әрі терең процесс. Бұл психологиялық тұрғыдан өзін өзі емдеудің бір түрі іспеттес. Мысалы, көбіне терапияға келушілер қолына қылқалам ұстауға жүрексініп, «мен сурет сала алмаймын ғой» деп жатады. Бірақ адам өзімен-өзі жалғыз қалғанда суреттің әдемілігі немесе бояудың түсі маңызды болмай қалады. Өйткені терапиядағы басты әрекет – іштегі айтылмай қалған өкпені, көкіректі қысқан уайымды немесе керісінше, сыртқа шықпай жатқан үлкен қуанышты қағаз бетіне түсіру. Кейде адамдар айлар бойы сөзбен айтып жеткізе алмай жүргенін бір ғана сызықпен, шимай-шатпақ арқылы-ақ қағаз бетіне жайып салады.

Арт-терапияның тағы бір құдіреті – жанды жараламай емдеуінде. Адам сурет салып, балшық езіп немесе әуен тыңдап отырып, ішіндегі ауыр жүкті байқаусызда босатып жібереді. Шығармашылықпен айналысқан сәтте ми демалып, бойдағы стресс шығады, шаршау басылады. Сонымен қатар көңіл күйді көтеріп, эмоцияны еркін жеткізуге мүмкіндік береді және адамның өзін-өзі жақсырақ түсінуіне ықпал етеді. Сондықтан бұл бағыт психологиялық денсаулықты нығайтудың тиімді әрі жұмсақ жолдарының бірі.

Студияға терапиядан өту үшін 5 жастан бастап 65 жасқа дейінгілер келеді. Яғни арт-терапия – бәріне қолжетімді. Қазіргі таңда жастар арасында «кездесу» форматында келу танымал болып тұр. Одан бөлек туған күн, қыздар кеші (девичник) сынды түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Әрбір іс-шара шығармашылық атмосферада өтіп, қатысушыларға ұмытылмас әсер сыйлайды.

Сондай-ақ біз арт-терапияның сурет салу, акрил, текстуралық техника, армандар картасын жасау, «Bearbrick» фигураларын бояу сынды әртүрлі бағыттарын ұсынамыз. Әр келушіге өз эмоциясын шығаруы үшін еркін жағдай жасап, жан тыныштығын тапқандағы сезімді көру студия мүшелеріне де қуаныш сыйлайды, – деді Анеля Мұхтарқызы.

 Арт-терапия барысында адам өз бейсанасындағы сезімдер мен ойларды шығармашылық арқылы сыртқа шығарады. Бұл процесс кейде емделушінің өзіне беймәлім ішкі күйін түсінуге көмектеседі. Осы орайда психолог Мариям Жарқынмен де сөйлесіп, арт-терапияның пайдасы туралы ойын білген едік.

 – Қазіргі қоғамда ең жиі кездесетін психологиялық мәселелердің бірі – мазасыздық. Күнделікті өмірдегі стресс, түрлі қиындықтар іштен қажытып, мазасыз күйге түсіреді. Мұндай жағдайда адамның өзіне деген сенімі азаяды, өмірге деген көзқарасы бұлыңғырлана бастайды. Уақыт өте келе бұл жай ғана эмоция емес, тұлғаның ішкі тұрақтылығына әсер ететін күрделі мәселеге айналуы мүмкін. Соның салдарынан адам өзін жоғалтып, өмірдің мәнін сезінбеуі, тіпті психологиялық және физикалық қиындықтарға тап болуы ықтимал.

Осындай кезде арт-терапияның маңызы ерекше байқалады. Зерттеулерге сүйенсек, бұл әдіс мазасыздық деңгейін төмендетуде өте тиімді. Арт-терапия ішкі сезімдерді сөзбен емес, шығармашылық арқылы жеткізуге ықпал етеді. Мысалы, сурет салу, мүсін жасау кезінде көпшілік ішіндегі эмоцияларын бейсаналы түрде сыртқа шығарады. Бұл – бір жағынан, жеңілдік сыйласа, екінші жағынан, өз-өзін тереңірек түсінуге жол ашады. Бір сөзбен айтқанда, арт-терапия – мазасыздықпен күресуде тиімді әрі оңай әдістердің бірі, – дейді Мариям Төлендіқызы. Қазіргі қоғамда мазасыздық – көбімізге тән күрделі психологиялық мәселе. Ол адамның ойына, сезіміне және өмірге деген көзқарасына теріс әсер етіп, ішкі тұрақтылықты әлсіретеді. Осындай жағдайда арт-терапия тиімді әрі қауіпсіз көмек құралы ретінде ерекшеленеді.

Сымбат ҚУАНЫШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар