Ұлттық банктің ресми мәліметіне сүйенсек, бір жыл ішінде шамамен 1,2 миллион қазақстандық кемінде бір рет микронесие рәсімдеген. Олардың үштен екісі бір уақытта басқа да қарыздарын өтеп жүрген. Сондай-ақ, микронесиенің орташа сомасы 50,6 мың теңгеден 64,2 мың теңгеге дейін өскен.
Ал, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымованың келтірген дерегінше, елімізде 18-21 жас аралығындағы 847 430 адамның 136 239-ы микроқаржы ұйымдарынан қарыз алған. Солардың 18 638-і немесе 13,7 пайызы берешекті 90 күннен асырып, мерзімі өткен борышкерлер санатына енген екен.
Әрине, мемлекет тарапынан микроқаржы ұйымдарына қойылатын талаптар күшейгенімен, қарыздың құрығына ілінгендердің қатары әлі де азаймауы өте алаңдатарлық жайт екені белгілі.
Қарыздың қыспағынан әрең құтылған жастардың бірі, Тараз қаласының тұрғыны Әлихан Бақытбек өз басынан өткен жағдайды былай деп еске алады.
– Осыдан бірер жыл бұрын түрлі жарнамаларға сеніп, ойланбастан несие алдым. Сол кезде бұл шешім уақытша қиындықтан шығудың ең тиімді жолы сияқты көрінген еді. Алайда, уақыт өте келе шынайы жағдай мүлде басқаша екенін түсіндім. Қарызды уақытында жаба алмаған сәттен бастап өсімпұлдар мен қосымша төлемдер жинала бастады. Алғашында аз ғана сома болып көрінген қарыз кейін бірнеше есе өсіп кетті. Бір несиені жабу үшін екіншісін алуға мәжбүр болдым. Осылайша, қарыз шеңберінен шыға алмай, қаржылық тұзаққа түскенімді кеш түсіндім. Ең ауыр кезең шоттарымның бұғатталуы болды. Күнделікті қажеттіліктерді өтеу де қиындап, отбасыма ауыртпашылық түсті. Сол сәтте ғана микронесиенің қаншалықты күрделі әрі қауіпті екенін толық сезіндім. Бұл жағдай мен үшін де үлкен сабақ болды. Қаржылық сауаттылықтың маңызын түсініп, әрбір шешімді асықпай, жан-жақты ойластыру керектігін ұқтым. Әрине, қарыздан құтылу оңайға соққан жоқ. Дегенмен шығындарымды дұрыс жоспарлап, барлық қарыздарымды біртіндеп өтедім. Тек тәртіп пен шыдамдылықтың арқасында ғана бұл қиындықтан шығуға мүмкіндік туды. Бүгінде микронесиеден толықтай құтылып, қаржылық жағдайымды біршама тұрақтандырдым. Бірақ сол кезеңдерді ешқашан ұмытпаймын. Сондықтан өзгелерге айтарым, микронесиеге қызықпай, оның артында қандай жауапкершілік тұрғанын терең түсіну керек, – дейді Әлихан Амантұрұлы.
Қаржы саласының маманы Гүлнар Жолдасова адамдардың түрлі микронесиелер мен займдарға қызығуының себебін қаржылай сауаттылықтың төмендігімен байланыстырады.
– Бүгінгі қоғамда микронесиеге деген шамадан тыс сұраныстың артуы ең алдымен қаржылық сауаттылықтың төмендігінен туындап отыр. Көп жағдайда азаматтар қарыздың нақты шарттарын, оның ішінде тиімді сыйақы мөлшерлемесін, өсімпұл мен айыппұлдардың көлемін толық түсінбей жатып шешім қабылдайды. Жарнамадағы «жылдам», «оңай», «құжатсыз» деген сөздер адамдардың санасына жеңіл жолмен мәселені шешуге болады деген иллюзия қалыптастырады. Ал шын мәнінде кез келген қарыз нақты міндеттеме болғандықтан, оны орындау үшін тұрақты табыс пен қаржылық тәртіп қажет. Қазіргі таңда көптеген азаматтар қаржыны басқарудың базалық қағидаларын, яғни табыс пен шығынды жоспарлау, төтенше жағдайларға арналған қор қалыптастыру, қажеттілігі мен қалауының арасындағы айырмашылықты ажырату сияқты қарапайым дүниелерді ескере бермейді. Соның салдарынан күтпеген жағдай туындағанда немесе уақытша қаржы жетіспегенде бірден микронесиеге жүгінеді. Шынын айтқанда микронесие мәселені түбегейлі шешпейді, керісінше жай ғана уақытша кейінге шегеріп қояды. Сондықтан әрбір саналы адам қарыз алу табыс табудың көзі емес, керісінше болашақ табысты алдын ала жұмсау екенін түсіну қажет. Егер адам өз кірісіне сай келмейтін міндеттеме алса, ол ерте ме, кеш пе қаржылық қиындыққа тап болады. Кез келген микроқаржы ұйымы нарық заңдылығына сай жұмыс істейді. Олар да тек сұраныс бар жерде ғана ұсыныс жасайды. Демек, мәселенің түп-тамыры тек қаржы ұйымдарында емес, қоғамның қаржылық мәдениетінде жатыр. Егер халықтың қаржылық сауаттылығы жоғары болса, тәуекелдерді алдын ала есептеп, қарыз алуға саналы түрде қарайтын еді. Сондықтан бұл мәселені шешудің негізгі жолы – қаржылық сауаттылықты арттыру. Әрбір азамат табысын тиімді басқаруды, қарыз жүктемесін есептеуді, келісімшарттарды мұқият оқуды әдетке айналдыруға тиіс. Сонда ғана микронесие шынымен қажет жағдайда ғана қолданылатын құралға айналып, ал қазіргі кездегідей жаппай тәуелділік көзі болудан қалады, – дейді сала маманы.
Микронесие – адамға көмектесе де, қиындық тудыра да алады. Сондықтан әрбір азаматтың микроқаржы ұйымдарынан қарыз алмас бұрын өз мүмкіндіктерін нақты бағалап, табысын жоспарлап және қаржылық тәуекелдерді есептеу әдетін үйренуі аса маңызды.
Дариға МЫРЗА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
университетінің 4-курс студенті


