Ал бүгін жаңа мүмкіндіктер өмір салтын өзгертті. Телефон не компьютер арқылы керегіне тапсырыс берсе жеткілікті. Тек қызметіне сай ақысын төлесең болғаны. Азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек пен тұрмыстық техника, жиһаз, тіпті ішетін тамағыңа дейін қысқа уақыт ішінде үйіңе жеткізіледі. Осылайша күнделікті тірлік жеңілдеп, адам өз уақыты мен күшін маңызды істерге жұмсауға мүмкіндік алды.
Жеткізу мәдениетінің кеңінен қалыптасуына халықаралық сервистердің келуі үлкен әсер етті. Бірнеше жыл бұрын, анығын айтқанда 2019 жылы Қазақстан нарығына испаниялық «Glovo» мен финляндиялық «Wolt» сияқты компаниялар кіргеннен кейін қызмет көрсету сапасы мен жылдамдығы айтарлықтай жақсарды. Олар тек жеткізуді ұйымдастырып қана қоймай, жаңа стандарт қалыптастырды. Қазір бұл платформалар «Yandex Go» сервисімен бірге еліміздің Тараз секілді басқа да қалаларында күн сайын мыңдаған тапсырысты орындап отыр. Қосымшаны ашып, қажетті затты таңдау арқылы кез келген адам бірнеше минут ішінде тапсырыс бере алады. Курьердің қозғалысын картадан бақылау мүмкіндігі де жасалған. Соның арқасында жедел жеткізу күнделікті өмірдің қалыпты тәжірибесіне айналып келеді.
Тараз қаласындағы жеткізу қызметінің ең танымал бағытының бірі дайын тамақ тасымалдау болып отыр. Аталған курьерлік қызмет арқылы тұрғындар мейрамханаға бармай-ақ сүйікті тағамына тапсырыс бере алады. Бұл бағытта халықаралық брендтермен қатар жергілікті кәсіпкерлер де белсенді жұмыс істейді. «KFC», «Burger King», «Papa John's» сияқты танымал желілермен бірге «Basilic», «Salam Bro», «Bauyrdaq», «Lanzhou» секілді мейрамханалар тұрғындардың сұранысын қамтамасыз етіп отыр. Мұндай серіктестік бір жағынан бизнеске қосымша табыс әкелсе, екінші жағынан тұтынушыларға таңдау мүмкіндігін кеңейтеді. Әсіресе жұмысбасты адамдар мен жастар үшін бұл қызмет уақытты үнемдеудің тиімді жолына айналды.
Облыс орталығында аталған курьерлік қызметтердің көмегімен азық-түлік жеткізу де ерекше қарқын алды. Үлкен сауда желілері онлайн тапсырыс қабылдауды белсенді дамытып жатыр. «Magnum» мен «Small» дүкендерінен күнделікті қажетті өнімдерді үйге алдыру қалыпты құбылысқа айналды. Kaspi платформасы арқылы жасалатын тапсырыстар да кең таралған. Мұндай қызмет әсіресе қолайсыз ауа райында немесе уақыт тапшылығы кезінде тұрғындарға үлкен жеңілдік береді. Сонымен қатар бұл бағыт шағын және орта бизнеске жаңа сату арналарын ашып, бәсекелестікті арттырып отыр.
Сол секілді «Wolt», «Glovo» курьерлік қызметтерінде дәрі-дәрмек жеткізу қызметінің маңызы да жылдан жылға өсіп келеді. Қазіргі кезде адамдар қажетті препараттарды бірнеше минут ішінде тапсырыс беріп ала алады. «Europharma», «Садыхан», «Biosphere» сияқты дәріхана желілері онлайн платформалармен бірігіп, жедел жеткізу қызметін жолға қойған. Бұл әсіресе денсаулығына байланысты шұғыл көмекті қажет ететін адамдар үшін өте маңызды. Кей қосымшалар тұтынушының дәріханалардағы бағаларды салыстыруына да жағдай жасап қойған.
Жеткізу қызметінің тағы бір маңызды бағыты тұрмыстық тауарлар мен басқа да қажетті заттарды тасымалдау болып отыр. Қазіргі сервистер арқылы косметика, электроника, гүлдер, кеңсе тауарлары және үй жануарларына арналған өнімдерге де тапсырыс беруге болады. Кей платформалар кез келген затты көрсетілген мекенжайдан алып келу қызметін ұсынады. Бұл мүмкіндіктер курьерлік қызметтің тек тамақ тасымалдаумен шектелмейтінін көрсетеді.
Осылайша қала көшелерінде бозала таңнан түн ауғанша сары сөмкесін асынып, велосипед немесе самокатпен асығыс кетіп бара жатқан жастарға көзіміз үйреніп қалды. Олардың бір бөлігі курьерлікті қосымша табыс емес, негізгі кәсіп ретінде таңдағандар. Тараз қаласында курьер болып жұмыс істеу соңғы жылдары көптеген адам үшін тұрақты табыс көзіне айналды. Қала аумағы аса үлкен болмаса да, жеткізу қызметіне сұраныс тұрақты өсіп келеді. Онлайн тапсырыс көбейген сайын курьерлердің рөлі де артып отыр. Дегенмен бұл жұмыстың өзіндік ерекшеліктері, талаптары және күнделікті кездесетін қиындықтары бар.
Тараз «Парасат» колледжінің 3 курс студенті Азамат Оспанов –оқуымен бірге жұмысты қатар алып жүрген жас. «Wolt» жеткізу қызметінде еңбек ететін жігіт тұрғындардан түскен тапсырыстарды мопедпен жеткізеді. Өйткені осы тасымал түрі қала ішінде тез әрі ыңғайлы көрінеді. Ал курьерлік салада табыс тұрақты айлықпен емес, істеген жұмыс көлеміне қарай есептеледі екен.
– Қанша тапсырыс орындасам, сонша табыс табамын. Негізі «Yandex Go», «Wolt», «Glovo» сияқты платформалар әдетте аптасына бір рет төлейді, бұл табысты алдын ала жоспарлауға көмектеседі. Ал кейбір жергілікті дәмханалар күн сайын есеп айырысады, ол қосымша ақша керек кезде қолайлы. Курьердің табысы әртүрлі факторға байланысты өзгеріп тұрады. Әр тапсырысқа берілетін негізгі ақы бар, жеткізу қашықтығына қарай қосымша төлем жасалады. Сұраныс арта түскен кезде үстемеақы да беріледі, түрлі бонустар да қосылады. Кей күндері ауа райы нашар болса немесе мереке кезінде қосымша ақы төленеді. Осылардың бәрі ай соңындағы табысқа әсер етеді. Таразда күні бойы белсенді жұмыс істейтін курьер айына шамамен 250 мыңнан 450 мың теңгеге дейін табыс таба алады. Бұл жұмыс уақытына, тапсырыс санына және қандай көлік қолданатынына байланысты өзгереді. Үлкен қалалардағыдай миллион теңге табу бізде сирек, себебі тапсырыс бағасы төменірек әрі қашықтық та қысқа. Жаяу курьер болып жұмыс істейтіндер де бар. Олар күніне аз тапсырыс орындайды, сондықтан табысы төмендеу болады, шамамен айына 120 мыңнан 180 мың теңгеге дейін. Бірақ шығыны аз, жанармайға ақша кетпейді, көлік күтімі жоқ, тәжірибе жинауға ыңғайлы. Дегенмен ауа райы қиындық туғызады, жазда ыстық, қыста суық, ұзақ жүру шаршатады. Сол себепті көп адам уақыт өте велосипедке не электр самокатқа, ал кейбірі мен сияқты мопедке көшеді. Өзіме келсем, мопедпен жұмыс істеген ыңғайлы, бір күнде көбірек тапсырыс орындауға болады, қала ішінде жылдам қозғаламын. Көлікпен жүретін курьерлердің мүмкіндігі кең, қысқа уақытта бірнеше жеткізу жасауға болады, қала шетіне бару да оңай. Бірақ жанармай шығыны бар, күтіп ұстау керек, жол ережесін сақтау жауапкершілігі жоғары. Кейде кептеліс пен тұрақ мәселесі де кездеседі. Соған қарамастан бұл жұмыс маған тәжірибе де, табыс та әкеледі, – дейді А.Оспанов.
Курьерлік қызметтің тағы бір маңызды ерекшелігі икемді жұмыс уақытымен байланысты. Көптеген платформалар курьерлерге өзіне қолайлы уақытта жұмыс істеуге мүмкіндік береді, бұл әсіресе студенттерге, қосымша табыс іздейтін азаматтарға немесе уақытша жұмысты қажет қылған адамдарға тиімді. Мұндай қызмет түрі қала ішінде еркін бағдар алуға үйретіп қана қоймай, адамдармен қарым-қатынас жасау қабілетін де жетілдіреді. Сонымен бірге жауапкершілік пен уақытты тиімді жоспарлау дағдылары қалыптасады.
Курьерлік қызмет пандемия уақытынан бері қарқынды дамып келеді. Сол кезеңнен бастап осы салада еңбек етіп жүрген тәжірибелі курьерлердің бірі – Ержан Сәрсенов. «Glovo» жеткізу қызметінде еңбек ететін 30 жастағы курьердің бұл жұмыс жайлы айтары көп.
– Ірі компаниялар әдетте курьерлерді қызметке өз мопедтерімен немесе көліктерімен қабылдайды. Компания сонымен қатар термосөмке мен арнайы киім беріп, жұмыс барысын реттейтін қосымша ұсынады. Курьер болудың қиын тұстары да жетерлік. Күні бойы көшеде жүресің, ауа райына қарамай жұмыс істеуге тура келеді. Жол қозғалысы тығыз, кейде асығыс жүргізушілер де кездеседі. Сондықтан бір сәтке де босаңсуға болмайды. Әсіресе жаңбырлы немесе тайғақ күндері өте сақ жүрмесең болмайды, өйткені қауіп табан астында болуы мүмкін. Қай көлікпен жүрсең де, ең алдымен өз қауіпсіздігіңді ойлауың керек. Тапсырыс жеткізгенде әртүрлі мекенжайға барамыз, бейтаныс адамдармен күн сайын кездесеміз. Ал алдыңнан кім шығатынын алдын ала білмейсің. Кейде кешкі уақытта немесе адам аз жүретін жерлерге баруға тура келеді, ондайда барынша сақ болып, айналаға назар аударып жүремін. Бұл жұмыс тек жылдамдықты емес, сабыр мен жауапкершілікті талап етеді. Кей адамдар курьерлік қызметті жеңіл көреді, бірақ шын мәнінде тәртіп пен шыдам керек. Уақытында жеткізу, клиентпен дұрыс сөйлесу, жолда түрлі жағдайға дайын болу бәрі тәжірибемен келеді. Қауіпсіздік ережесін сақтап, әр тапсырысқа жауапкершілікпен қарасаң ғана бұл жұмысты ұзақ уақыт атқара аласың, – дейді Е.Сәрсенов.
Жеткізу қызметіне сеніп отырған тұрғындар да аз емес. Мәселен, жас ана Алина Қасымова курьерлердің талай рет қиын сәтте көмекке келгенін айтады.
– Курьер қызметін жиі пайдаланамын, әсіресе кішкентай баламен үйде отырған кезде бұл үлкен көмек. Бір жолы нәрестемнің емізігі жоғалып кетіп, балам ұзақ уақыт жылай берді, ұйықтай алмады. Жолдасым жұмыста, өзім үйде жалғыз қалдым, сыртқа шығып кету қиын болды. Сол кезде «Glovo» арқылы жақын дәріханадан емізікке тапсырыс бердім. Курьер тез жеткізіп берді, содан кейін ғана балам тынышталып, ұйықтады. Осындай сәттерде курьерлердің көмегі қатты сезіледі. Кейде уақыт тапшы болғанда үйге ыстық тамақ алдырамын, кейде қонақ күтетін кезде керек заттарды жеткізіп береді. Шынымды айтсам, мұндай қызмет күнделікті тірлікті жеңілдетеді, әсіресе бала қарап отырған аналар үшін өте ыңғайлы, – дейді А.Қасымова.
Бүгінгі таңда курьерлік қызмет тек еркін жұмыс қана емес, мемлекет тарапынан заңдық тұрғыдан реттелетін және әлеуметтік қорғалатын кәсіпке айналуда. Курьерлердің құқығы олардың жұмыс форматына байланысты екі бағытта қорғалады. Егер курьер мекемемен ресми еңбек шартын жасасса, оның мүддесін ҚР Еңбек кодексі аясында мемлекеттік еңбек инспекциясы қадағалайды. Бұл жалақының уақытылы берілуіне және еңбек қауіпсіздігіне кепілдік береді. Дегенмен қазіргі курьерлердің басым бөлігі «Яндекс», «Glovo», «Wol»t секілді цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтіндіктен, Үкімет жаңа Әлеуметтік кодекс аясында оларға арнайы «Тәуелсіз қызметкер» мәртебесін берді.
Жас мөлшеріне қойылатын талап та қатаң, ресми тіркелу үшін курьердің жасы 18-ден асуы тиіс. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер тек жергілікті шағын фаст-фуд нүктелеріне ата-ананың келісімімен және шектеулі уақытпен жұмысқа орналаса алады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ



