Жамбыл облысында “қайтыс болды” деп танылған әйел тірі болып шықты
- author AR-AY
- Бүгін, 16:25
- 1
2025 жылы Құрбан айттан кейін 72 жастағы зейнеткер хабар-ошарсыз кетіп, туыстары полицияға арызданған. Көп ұзамай егістік алқабынан мәйіт табылып, қызы мен немересі оны жоғалған анасы деп таныған. Соның негізінде өлім туралы куәлік берілген.
Алайда арада бір ай өткен соң әйел Қостөбе ауылындағы туысының үйінен табылған. Белгілі болғандай, ол Айша Бибі ауылына барып, маусымдық жұмысқа орналасқан және сонда уақытша тұрған. Зейнетақы төлемдері тоқтаған кезде ғана өзінің ресми түрде «қайтыс болғанын» білген.
Қайта жүргізілген сот-медициналық және ДНҚ сараптамасы мәйіттің басқа адамға тиесілі екенін көрсетіп, қылмыстық іс тоқтатылды.
Сот шешімімен өлім туралы акт жазбасы жойылып, куәлік жарамсыз деп танылды. Зейнеткердің заңды мәртебесі толық қалпына келтірілді.



