Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Заманауи технологиялар мал ұрлығын ашуға септесуде

Заманауи технологиялар мал ұрлығын ашуға септесуде
Автор
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Нұрым Шариповтың қатысуымен «Мал ұрлығының алдын алу және ашу жұмысының жай-күйі» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

Спикердің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айқындалған «Заң және тәртіп» бастамасы аясында облыстық полиция департаменті мал ұрлығына қарсы күресті жүйелі, кешенді әрі заманауи тәсілдермен жүргізіп келеді.

Баяндамашы бұл бағыттағы жұмыстар Ішкі істер министрлігінің ұрлықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бағдарламаның басты басымдықтарының бірі – профилактикалық шараларды күшейту және цифрлық технологияларды кеңінен енгізу.

– Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде соңғы жылдары нақты оң өзгерістер байқалып отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыс аумағында мал ұрлығының саны тұрақты түрде азаюда. Соңғы төрт жылда мал ұрлығы фактілері 10,5 пайызға төмендеді. Ал қылмыстардың ашылу деңгейі 52,6 пайыздан 66,3 пайызға дейін жақсарды. Бұл – жедел-іздестіру жұмыстарының сапасы артқанын және алдын алу шараларының тиімділігін көрсетеді, – деді Нұрым Шарипов.

2025 жылы тіркелген мал ұрлықтарының 74,1 пайызы малдың жайылымда қараусыз қалуынан орын алыпты.

– Өткен жылы мал ұрлағаны үшін 74 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде кәсіби түрде айналысқан 47 адамнан құралған 18 қылмыстық топ әшкереленді. Ұрланған малдың 72 пайызы иелеріне қайтарылды. Жалпы келтірілген 271 миллион 533 мың теңге шығынның 166 миллион 13 мың теңгесі өндірілді, – деген спикер мал ұрлығының алдын алу бағытындағы жұмыстар 5 негізгі бағыт бойынша жүргізіліп жатқанын айтты. Әсіресе цифрландыру мен заманауи технологияларды қолдану тиімділігін дәлелдеуде.

– Ауылшаруашылығы жануарларын сәйкестендіру – ең маңызды бағыттардың бірі. Мал иелері малды қараусыз қалдырмауға, қора-жайларды техникалық тұрғыда нығайтуға және бақылау құралдарын пайдалануға міндетті. Қазіргі таңда GPS-құрылғылар мен сәйкестендіру чиптері нақты нәтиже беруде. Мәселен, Жуалы ауданының аумағында жайылымнан ұрланған жылқылар дәл осы технологиялардың көмегімен табылды. Түнгі уақытта және ауа райының қолайсыздығына, қалың қар жауғанына қарамастан алынған деректер арқылы малдың көршілес елді мекен аумағына айдалып кеткені белгілі болды. Нәтижесінде 11 бас жылқы заңды иесіне толық қайтарылды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Нұрым Шарипов.

Сонымен қатар мал сою орындары мен ет өнімдерін қабылдап-сататын нысандардың да жұмысы тұрақты бақылауған алынған. Облыс аумағындағы 54 мал сою орны тексеріліп, 26-сы жұмыс істемейтіні анықталған. Ал Тараз қаласында 2 заңсыз мал сою орны табылыпты.

Бүгінде полиция қызметкерлері ветеринариялық бақылау және қадағалау органдарымен бірлесіп, ірі ет саудасы орындарында таңғы сағат 05.00-ден бастап кезекшілік атқарып, жеткізілген өнімдердің құжаттарын тексеруде.

– Мал базарларда да бақылау күшейтілді. Облыс аумағында 7 мал базар орналасқан. Базар күндері жеке құрам қойылып, профилактикалық шаралар жүргізіледі. Сонымен бірге әкімшілік құқықбұзушылықтар да анықталуда. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 406-бабы бойынша мал мен ет өнімдерін заңсыз тасымалдаудың 462 фактісі, 408-бап бойынша мал жаю ережелерін бұзудың 2560 фактісі тіркелді. Шаруа қожалықтары мен фермалар да тұрақты түрде тексеріліп тұрады. Облыс бойынша 2 063 фермерлік және жеке шаруа қожалық болса, оларда 2 657 малшы жұмыс істейді. Аймақта 224 220 жылқы, 484 677 ірі қара, 3 725 212 ұсақ мал және 8 846 түйе тіркелген. Жалпы цифрлық бақылау, деректерді талдау және профилактикалық жұмыстарды күшейту арқылы біз мал ұрлығының санын барынша азайтуды көздеп отырмыз. Облыстық полиция департаменті бұл бағыттағы кешенді жұмыстарды алдағы уақытта да өз деңгейінде жалғастырады, – деп қорытындылады Нұрым Шарипов.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар