Саммитке қатысу Қазақстанда есептеу және деректерді өңдеу бойынша жаһандық хаб құру жөніндегі ұзақмерзімді стратегиялық міндетті іске асыруға бағытталды.
Саммит аясында делегация Қазақстанды елдің энергетикалық әлеуеті тікелей есептеу қуатына айналатын алаң ретінде таныстырды. ЖИ-экожүйесін қалыптастырудың барлық кезеңдерін қамтыған бірқатар келіссөздер жүргізілді.
Кездесулердің негізгі бағыты жоғары өнімді деректерді өңдеу орталықтарын және «AI-фабрикаларды» құру мәселелеріне арналды.
G42 холдингінің басшысы шейх Тахнун бин Заед Әл Нахайянмен өткен кездесу деректерді сақтау мен өңдеу инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты қадамдарды айқындауға мүмкіндік берді.
Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі мемлекетаралық әріптестіктің нығаюы болды. БАӘ Министрлер Кабинетімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюмен қатар, цифрлық күн тәртіптерін үйлестіру мақсатында БАӘ-нің ЖИ істері жөніндегі министрі Омар Сұлтан Әл Оламамен және сыртқы сауда министрі Тани бин Ахмед Әл-Зеюдимен кездесулер өтті. Сондай-ақ, саммит аясында Эстония Президенті Алар Кариспен және Өзбекстан Президентінің кеңесшісі Сардор Умурзаковпен де кездесулер ұйымдастырылды.
«ЖИ-хабы» стратегиясын іске асыру аясында технологиялық және инвестициялық сектор көшбасшыларымен бірқатар келіссөздер жүргізілді. NVIDIA компаниясымен күрделі нейрожелілерді оқытуға арналған архитектуралық шешімдер талқыланды. Aleria және Phoenix Group компанияларымен ынтымақтастық Қазақстанға «ДӨО алқабын» ауқымдауға мүмкіндік береді. Masdar компаниясымен және Gulf Data Hub операторымен бірлесіп энергия үнемдейтін дата-орталықтарды құру тәсілдері пысықталуда.
Капитал тарту мәселелері әлемдегі ірі ойыншы BlackRock және мамандандырылған MGX қорымен пысықталды. Венчурлық экожүйені нығайту DIFC (Ариф Амири), Dubai Future District Fund (Надер Әл-Бастаки) және Sirius холдингі (ADI Foundation) басшылығымен өткен кездесулердің негізгі тақырыбына айналды.
Мұхаммед бин Рашид атындағы ғарыш орталығымен (Салем Әл-Марри) өткен келіссөздер ерекше қызығушылық тудырды. Бұл кездесулер «төмен биіктіктегі экономика» мен ұшқышсыз логистиканы дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Жалпы алғанда, «World Government Summit – 2026» жаһандық алаңы болашақтың келбетін айқындайтын рекордтық деңгейдегі ықпалды тұлғаларды біріктірді. Кулуараларда және ресми қабылдауларда, оның ішінде VEON Group ұйымдастырған Майкл Помпеоның қатысуымен өткен іс-шарада және аңызға айналған инвестор Рэй Далиомен болған пікірталастарда мазмұнды диалогтар өтті.
Қазақстан үшін мұндай деңгейдегі диалогқа қатысу елдің жаңа технологиялық әлем картасындағы өршіл әрі болашағы зор ойыншы ретіндегі мәртебесін растады.
Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрлігі



