Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Діни тұрақтылық экстремизмге қарсы берік қалқан

Діни тұрақтылық экстремизмге қарсы берік қалқан
Автор
Алтай мен Атыраудың, Ертіс пен Жайықтың, Қызылжар мен Қаратаудың арасын мекендеген ұлан-байтақ еліміздің тілі мен дәстүрі, мәдениеті мен тарихы, тағдыры қашан да біртұтас болып келеді. Мұны кешегі тарих пен бүгінгі кемел күніміз айқын дәлелдеп отыр.

Сан ғасырлар бойы халқымыз небір тарихи қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткере отырып, өз дәстүрін тұтастай сақтап, өзге ұлттар мен ұлыстарды бауырына сыйдыра білді. Бүгінде Қазақстан әлемдегі көпұлтты мемлекеттердің қатарында. Соған қарамастан, елімізде ұлттық араздық пен діни кикілжіңдерге жол берілген емес.

Бұл – халқымыздың тағдырымен, тарихи-әлеуметтік дамуымен тікелей байланысты шынайы көрініс. Сан ғасырлық тарихымызға көз жүгіртсек, ұлан-байтақ жерімізде әртүрлі ұлт өкілдері мен діни наным-сенімдер қатар өмір сүріп, өзара сыйластық пен түсіністік орната алғанына көз жеткіземіз. Қазақстандағы бейбітшілік пен келісім – осының айқын дәлелі.

Жалпы дін адамдар дүниетанымы мен эстетикалық талғамын қалыптастыруға, қоғам мүшелерін құрметтеп, айналаға мейіріммен қарауға, бейбіт өмірді қамтамасыз етуге, татулық пен тыныштыққа қызмет етіп қана қоймайды. Ол адамның жандүниесін иман нұрымен нұрландырып, көркем мінез бен сабырды серік етуге жетелейтін бірден бір ілім.

Ата-бабаларымыздың ұстанып келген Ислам дінінің тарихына көз зер салсақ, Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі діни төзімділіктің озық үлгісін қалыптастырып, іс жүзінде көрсетіп кеткен.

Сырт елдерде діни тұрақсыздықтың кесірінен болып жатқан келеңсіздіктерге қарап, ел дамуының бірден-бip кепілі діни тұрақтылық екенін түсінуге болады. Шынында мемлекет дінсіз болмайды, дін мемлекетсіз болмайды. Ceбебі, қандайда бip мемлекетті құраушы ұлттың және сол мемлекетте тұрып жатқан басқа да ұлттың ұлттық бет-бейнесі ұстанған дінінен, тілінен, салт-дәстүрінен көрініс табатыны шындық.

Сонымен қатар еліміздегі әр ұлт ұстанған діні арқылы болса да еліміздің дамуына, тұрақтылығына үлес қосуы керек. Әлемде моральдық-имандылық дағдарыстың кең етек алуына тән белгі – дінге сенетіндерді баса-көктеп қаралау оқиғалары, дінді әлеуметтік үдерістердің жағалауына ығыстырып шығару әрекеттері. Діни құндылықтарды қорлау фактілері көптеген елде, іс жүзінде, барлық діндерге қатысты байқалып отыр.

Бәріміз көріп-біліп отырғандай бүгінде мұсылман әлемінде күрделі үдерістер жүруде. Мұнда экономикасы ырғақты және елеулі әлеуметтік-саяси проблемалдары жетерлік елдер бар.

Ислам – бұл адамзаттың мәдени және материалдық мұраларының орасан зор және өсіп келе жатқан қатпары.

Қазіргі заманғы және болашақтағы жаһандық қоғамдастықты ислам әлемінсіз көзге елестету мүмкін емес. Оған тосқауыл қоюдың кез келген түрі көрегендік емес, тіпті қатерлі де.

Біз бір ел болып әлемдегі діни тұрақтылықты қамтамасыз етуге өз үлесімізді қосып келеміз. Біз үшін дәстүрдің де тұтастығы осында. Себебі, Қазақстанда мекендеген 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері қандай ұлттың өкілі болса да, әртүрлі дін өкілдері болсақ та біз үшін бейбітшіліктен асқан құндылық пен бақыт жоқ.

Діни алауыздық ұлттық алауыздыққа апарып соқтырады. Біз оны алыс-жақын көршілес елдердегі саяси оқиғалардан аңғарып отырмыз. Әpбір халық үшін азат мемлекет, егеменді ел болудан артық құндылық болмас сірә?! Ал сол тәуелсіз мемлекет үшін Тәңірінің тыныштығы мен бейбітшілігінен асқан бақыт жоқ екендігін ұмытпауымыз қажет.

Рамазан АБДЕЛИЕВ,

облысы әкімдігі дін мәселелерін зерттеу

орталығының Жуалы ауданы бойынша инспекторы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар