ҚОЛЫ ҚИМЫЛДАҒАННЫҢ АУЗЫ ДА ҚИМЫЛДАЙДЫ
Ауылдық елді мекендерді дамыту, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау мемлекеттің басты назарында тұрған мәселе. Бұл тұрғыда ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге арналған сан түрлі бағдарлама тиімді жүзеге асырылуда.
Сонымен бірге мемлекет тарапынан ауыл жастарын қолдауға бағытталған бірқатар бағдарламалардың жүзеге асырылып жатқанын да жоққа шығаруға болмайды. Белгілі бір мекеме, шаруашылық немесе кәсіпкер жұмысшы күшіне мұқтаж болған жағдайда, ауылдық округ әкімдігі аудандық мансап орталығы арқылы «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен – ауылға!», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» сынды жобалар мен бағдарламалар аясында жұмыссыздарды еңбекке тартуға ықпал етеді. Бұдан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде құрылыс, жөндеу жұмыстары қолға алынғанда, жергілікті тұрғындар уақытша болса да табыс табу мүмкіндігіне ие болады. Ал жаңа әлеуметтік немесе өндірістік нысандар іске қосылса, бірқатар адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Алайда осындай мүмкіндіктерге қарамастан, ауылда тұрақты табыс көзін таба алмай жүрген жандар әлі де болса бар. Олардың кейбірі ұсынылған еңбекақыны азсынса, енді бірі ақылы қоғамдық жұмыстарға қырын қарап, өзіне лайық көрмейтінін ашық айтады.
Дегенмен ауылдық жерде ресми мекемеде қызмет атқармай жүргендердің барлығын бірдей жұмыссыз деу қате. Көптеген ауыл тұрғындары өз күнін өз еңбегімен көріп жүр. Бірі қорасындағы азын-аулақ малын қарап, соның есебінен нәпақасын айырып отырса, енді бірі көрші-қолаңмен келісіп, ақысына мал бағады, құрылыс жұмыстарын атқарады, отын-су тасиды, шөп шауып, балық аулайды. Кейбірі жеке көлігімен ауданға, облыс орталығына адам тасып пайда табады. Мұндай адамдар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына жатады. Сонымен қатар денсаулығы жарамды бола тұра, еңбекке араласпай, ата-анасының немесе отбасының өзге мүшелерінің табысына сүйеніп отырғандар да кездеседі. Алайда ел ішінде нағыз масылдықты өмір салтына айналдырғандар көп емес. Осындай жатыпішерлер еңбекпен күн көріп, бала-шағасын жеткізіп жүрген азаматтарға қарап бой түзесе, қоғам үшін де, өзі үшін де пайдалы болатыны анық.
Жалпы «Малдының беті жарық, малсыздың беті көн шарық» деген халық даналығын жадынан шығармайтын ауыл халқы адал еңбектің ғана адамды берекеге жеткізетінін жақсы түсінеді. Еңбек ердің мерейін өсіріп, тұрмысты түзейтін басты күш екенін ата-бабаларымыз ілгеріде-ақ ұрпағына өсиет етіп қалдырған. Бүгінде ынтымағы жарасқан, дау-дамайдан аулақ, әр істі ақылдаса отырып атқаратын ауылдардың ішкі бірлігі де, сыртқы салтанаты да жарасым тапқан.
ҰЛАНБЕЛ – ЖҰРТҚА ЖАЙЛЫ МЕКЕН
Қазіргі таңда кез келген елді мекенде көшелер жөнделіп, қоғамдық орындар жаңарып, саябақтар бой көтеріп, ауылдардың ажары ашыла түсуде. Шағын және орта бизнестің, сондай-ақ іргелі шаруашылықтардың дамуы ауылдың тамырына қан жүгіртіп, тіршілік дүбірін қыздыруда. Осындай оң өзгерістердің нәтижесінде еңсесі тіктелген, тіршілігі қызған ауылдар облыс аумағында жылдан-жылға көбейіп келеді. Соның бірі – Мойынқұм ауданына қарасты Ұланбел ауылдық округі.
Сарысу ауданымен шекаралас жатқан Ұланбел ауылы бұрынғы КСРО дәуірінде Шу қаракөл қой совхозы болған екен. Қазіргі таңда ауылдық округте 977 тұрғын бар.
– Ұланбел ауылдық округінде 2021 жылдан бері әкім болып қызмет атқарып келемін. Кейінгі жылдары әкім ретінде тұрғындардың жайлы өмір кешуі үшін қолдан келген істі шама-шарқымша жасап жатқан жайым бар. Халықтың әл-ауқатын көтеру, жұртты жұмыспен қамту ұдайы назарымызда тұрған шаруа. Мәселен, биыл ауылға «РИО-ТИНТО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен жаңадан қосымша ауызсу ұңғымасы қазылып, құбыр тартылып, қазір таза суды әркім өзінің үйді-үйіне кіргізіп алып жатыр. Сол секілді Ұланбел ауылының кіреберіс «Перекресток» қиылысы жанына «Ұланбел Қоры» жігіттерінің демушілігімен Сәкен Сейфуллин бабамызға арналған ескерткіш белгі орнатылды. Сонымен қатар оның айналасына гүл мен қара ағаш көшеттері отырғызылып, сыртқы жарықтандыру жұмыстары талапқа сай жүргізілді. Ауылда екі ойын алаңы болса, бірі – «Қазақ Газ»ЖШС-ның демеушілігімен салынған «Street Workout» алаңшасы. Онда шағын футбол, баскетбол алаңы да бар. Ауылымыздың жеті көшесі де жарықтандырылған, 5 көшесіне асфальт төселген. Осы жұмыстардың құрылысы қолға алынғанда кейбір тұрғындар уақытша болса да еңбекпен қамтылып, нәпақа тапты.

Жалпы жұртшылық ауылда мал және егіншаруашылығымен, кәсіпкерлікпен айналысу арқылы күнелтіп жатыр, – дейді ауылдық округ әкімі Еркебұлан Абасов.
Ауыл әкімінің айтуынша, жалпы ауылдағы адамдардың 350-і экономикалық тұрғыда белсенді болып саналалады. Тұрғындардың 888-і жастар мен оқушылар, 89-ы зейнеткер.
– Қай заманда да қазақ үшін ауылдың орны бөлек. Ауыл – біздің өскен ортамыз, салт-дәстүрімізді сақтап отырған қасиетті мекен. Таза ауамен тыныстап, тұмса табиғаттың ортасында ержеткен адам туған жерін тұқыртпайды, қайта оған деген құрметі арта түседі. Ауылда еңбек етіп, мал бағып, егін салып отырған жұрт шын мәнінде елдің несібесін еселеп отыр. Сол себепті ауылдық елді мекендерді тұтас мемлекеттің тірегі десек, артық айтқандық емес. Қазір дүние өзгеріп жатыр, заман басқа арнаға бұрылды. Алғаш тәуелсіздік алған жылдардан кейін ел ішінде қалаға қарай ұмтылу, үлкен өмірді сол жақтан іздеу үйреншікті жағдайға айналды. Соның салдарынан бір кездері ауыл мен қала арасындағы байланыс әлсіреп, ауылдағы ағайынның қатары шындап сирей бастады. Жастардың көбі оқу, жұмыс деп қалаға ауып, ауылда көбіне үлкендер мен зейнет жасындағы адамдар қалды. Бұрын ауылда ақыл айтатын, жөн сілтейтін, елді соңынан ерте алатын зиялы қауым көп болатын. Уақыт өте келе сол орта да азайды. Ұрпақтар арасындағы сабақтастық босаңсып, ауылдың бұрынғы ажары кеми түсті. Дегенмен соңғы жылдары жағдай біртіндеп оңала бастады. Мемлекет ауылға бет бұрып, түрлі бағдарламаларды іске қосты. Жол салынып, су, жарық мәселесі шешіліп, мектеп пен мәдениет үйі жөнделіп жатыр. Бұл ауылдың көркейіп, түлеуіне негіз болды. Қазір ауыл тұрғындарының тұрмысы бұрынғыға қарағанда жақсарып келеді. Әрине, бәрі бірден түзеліп кетпейді, бірақ алға жылжу бар. Ең бастысы ауылдықтардың мұң-мұқтажы, жай-күйі мемлекет тарапынан ескерусіз қалып жатқан жоқ. Бүгінгі таңда «Ауыл зиялыларының жағдайы қалай?», «Ауылдың ертеңі кімнің қолында?» деген сұрақтар саналы адамды ойландыруы мүмкін. Бұл орынды мәселе. Өйткені ауылдың дамуы сол жердегі белсенді азаматтарға, елдің сөзін сөйлейтін, жұртты біріктіре алатын адамдарға тікелей байланысты. Ақсақал мен жастар арасындағы байланысты қайта жандандырып, ауылдың ішкі бірлігін нығайту уақыт талап етіп отырған мәселе. Ауылды көркейту баршамыздың ортақ ісіміз. Бұл жолда ауылдағы кәсіпкерлер, сыртта жүрсе де туған жерін ұмытпаған азаматтар аянып қалып жатқан жоқ. Елден шыққан іскер, жағдайы бар азаматтар ауылдың мәселесіне бейжай қарамаса, көп түйіннің шешілуі оңай бола түсер еді. Бірі мектепке көмектессе, бірі спорт алаңын салып берсе, енді бірі жұмыс орындарын ашуға үлес қосса, «Ер – туған жеріне» деген сол болмақ. Осындай нақты атқарылатын істер ғана ауыл тіршілігіне жан бітіреді.Заман ағымынан қалып қоймай, ауылды жаңа талапқа бейімдеу де маңызды. Бірақ сол жаңарудың ішінде ұлттық болмысымыз бен рухани құндылықтарымыз жоғалмауы тиіс. Сондықтан да ауыл осындай құндылықтардың қайнар көзі саналады. Сол себепті ауылды сақтау, дамыту, еңсесін тіктеу – баршамыз үшін ортақ міндет. Мысалы, Ұланбел ауылдық округінің тұрғындары бір-біріне көмектесіп, біріне-бірі болысуда алдарына жан салмайды. Соның бірі – тұрмыс жағдайы төмен немесе аса қажеттілігі бар отбасыларға қаржылай көмектесу, көмекке зәру болып жүргендерді баспанамен қамтамасыз ету. Бұл ретте ауылда «Ұланбел Қоры» құрылып, жанымызға жалау болып тұрғанын айта кеткім келеді. Мәселен, «Ұланбел Қорының» демеушілігімен жалғызбасты ана Рымкүл Есенбаева, Джульетта Загрекова, Айнұр Кариева және өзге де бірқатар аз қамтылған отбасыларға жыл сайын қыс айларында азық-түлік, ет, көмір, сексеуілдің қара шірігі секілді отын-суын түсіріп беру арқылы көмек көрсетіледі. Қазақтың мәрт жігіттері әр заманда болған және бола да береді деген сенім зор, – дейді Е.Абасов.
ЖАСТАРДЫҢ АУЫЗБІРШІЛІГІ МЫҒЫМ
«Ұланбел Қоры» жігіттеріне бастамашы болып жүрген ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Талғат Үсембаев ауыл жастарына да бағыт-бағдар сілтеп, азаматтық танытуда. Қор жігіттерін маңайына топтастыру арқылы игі істер атқаруды жүйелі түрде қолға алған. Атап айтар болсақ, орталық Сәкен Сейфуллин көшесінің бойында орналасқан Ұланбел мешіті осындай жолмен бой көтеріпті. Оның қасына құдайы тамақ, ас беру секілді жиын өткізуге арналған қатымхана салынып, оған ас ішуге қажетті, яғни ыдыс-аяқ, қазан-ошақ алынып, мешіт қауіпсіздігін сақтау мақсатында 4 бейнебақылау камерасы орнатылыпты. Ауылдың сыртында орналасқан қорым басына қыс маусымында қабыр қазатындардың жылы жерде тамақтануы, жылынуы үшін үйшік салынып берілсе, ауылға кіреберіс 6 шақырым автожолдың екі жақ бетіне қара ағаш көшеттері отырғызылыпты.
– Жыл сайын тал отырғызу ауыл жастары үшін дәстүрге айналған. Қазақы нақыштағы салт-дәстүрімізді насихаттау аясында аялдама ретінде бетоннан «Киіз үй» тұрғызылып, оның да айналасына тал егілді. Аталған киіз үйге қарама-қарсы Ұланбел ауылдық округінің төлқұжаты орналастырылды. Ауылдықтар үшін той-томалаққа, үлкен ас беруге арналған, ішіне 120 адам емін-еркін сиятын арнайы шатыр жылытқышымен қоса сатып алынды, – дейді Талғат Алпысбайұлы.
Ұланбел ауылындағы еңбек жағдайына қарасақ, ауыл тұрғындарының басым бөлігі әртүрлі салада нәпақасын тауып жүр. Бүгінде бюджеттік мекемелерде шамамен 250 адам тұрақты жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 28 адам шаруа қожалықтарында еңбек етіп, мал және егіншаруашылығымен айналысуда.
Ауылда ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған 10 адам бар. Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың саны 114-ке жетіпті. Олар мал бағып, ұсақ шаруамен айналысып немесе әртүрлі қызмет көрсетіп, отбасын асырауда.
Ұланбелде көпбалалы отбасылар да аз емес. Бүгінде ауылда алтын құрсақты, күміс алқалы 55-тен аса отбасы тұрады. Соның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алып отырғаны небәрі бір отбасы ғана. Бұл ауыл халқының басым бөлігі өз еңбегіне сүйеніп, өз күнін өзі көріп отырғанын аңғартады.
Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Десе де бұл мәселе ауылда еңбек еткісі келетін жастарға айтарлықтай мүмкіндік беретін бірегей бағдарламаның бірі – «Дипломмен – ауылға!» атты мемлекеттік бағдарлама арқылы шешілуде. Мысалы, Махаббат Алшынбай 1984 жылы 10 қазанда Сарысу ауданы, Жайлаукөл ауылында қарапайым, көпбалалы отбасында дүниеге келген екен. Әкесі Аңламас бірнеше жыл Жайлаукөл совхозында беделді қызмет атқарса, анасы Сайлаукүл есепші маман болып еңбек етіпті.
– 1-4-сынып аралығында Сарысу ауданы, Жайлаукөл орта мектебінде, кейін Жаңатас қаласындағы Сәкен Сейфуллин мектебінде білім алдым. 2002 жылы мектепті үздік аяқтап, сол жылы Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне түсіп, 2007 жылы аяқтадым. Ұланбел ауылына қыдырып барып, 2006 жылы Атабаевтар әулетінің отбасына келін болып түстім. Сол жылы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі және педагог-ұйымдастырушы болып жұмысқа орналастым. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының алғаш шарапатын көрген маманның бірі мен едім. Қазір көпбалалы анаға айналдық. Жұбайым Ыбырай Атабаев та осы мектепте 25 жылдан бері қызмет атқарады. Отбасымызда 6 адам бар. Алланың берген 2 ұл, 2 қызын тәрбиелеп отырмыз, – дейді Махаббат Аңламасқызы.
Ал ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенғали Атабаев ауылға келген жас мамандар кадр мәселесінің шешілуіне ықпал етумен қатар, түрлі саланың дамуына тың серпін берететін айтады.
– Жастардың ауылдың тіршілігімен, ондағы халықтың өмірімен таныс болғаны дұрыс. Бүгінгі ауылда қызмет етіп жүрген жас ертең елге қызмет ететін басшы болады. Ол ауылдың болашақ тірегі, зиялы қауым өкілі болып қалыптасады. Жастардың ауылға деген көзқарасын өзгерту шараларын батыл іске асырсақ, одан әрі жалғастыра түссек, бұл мәні зор үлкен іс болмақ. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей ауылдықтарды жұмыспен қамту құр сөзбен шешілмейді. Ауылымыздың ауызбіршілігі мығым. Жастар тәрбиелі, өнегелі. Ауыл халқы елімізде болып жатқан саяси реформалардан хабардар. Оның ішінде Конституциямызға енгізіліп жатқан өзгерістермен, яғни жаңа коституциялық жобамен де жіті таныспыз. Біз еліміздің іргесі бүтін, болашағы жарқын болуды қалаймыз, сондықтан да мемлекет ұстанған саясатты қолдаймыз, – дейді ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенғали Атабаев.
ЖҰМЫССЫЗ ЖҮРГЕНДЕР АЗ
Ақсақалдың айтуынша, Ұланбелде ауылдықтардың жұмыспен қамтылуына септігін тигізіп отырған жеке кәсіпкерлер жетерлік. Мемлекет ұсынған оңтайлы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ауыл ішінде өз кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар өз ісіне жетік. Мәселен ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер Жанкелді Пірімжан азық-түлік дүкенін ашып, 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, халықтың ықыласына бөленуде. Сол секілді жеке кәсіпкер Бейбіт Рахымжанова 150 орынға арналған «Аяна» кафесін ашып, 5 ауыл азаматын жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ ауылға кіреберіс «Перекресток» қиылысы маңына ауыл тұрғыны Орман Аханбеков сұйық отын және жанар-жағармай стансасын ашып, 3 ауыл азаматы жұмысқа орналасқан.
– Өткен жылы мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант алған 1 азамат бүгінгі таңда көлік жуу орталығын ашты. Одан бөлек, Жансезім Пірімжан, Дина Ниязова, Анна Березина, Фаризат Оңғарбаева, Лариса Загрекова ауылдағы түрлі той-томалақ пен ас жиындарда үй иесіне дастарқан мәзірлерін әзірлеп беріп, тәтті тоқаштарын да саудалап жүр. «Ауыл аманаты» бағдарламасының бесінші бағыты бойынша ауыл тұрғыны Жібек Қосалиева наубайхана ашып, 2 адам жұмыспен қамтылды. Тараз қаласына және өзге де ауыл арасына ауыл азаматтары жеке көлігімен адам тасып, табыс тауып жүр. Ерекше атап айтатын азаматтың бірі – 20 жылдай жолаушы тасымалдаушы болып жүрген Айтбай Акимовтің де еңбегі зор. Қала, ауыл, аудан арасында такси қызметін ұсынатын 3-4 адам бар. Тараз – Мойынқұм бағытында 3 жеңіл автокөлік иелері адам тасымалдайды. Барлығы да адам көңіліне қараған, жұмыс жоқ деп қарап отырмай адал еңбегімен нан тауып жүрген азаматтар, – дейді ауылдың төбе биі Жолшыбек Елубаев.
Малшаруашылығы бойынша округ көлемінде 14 578 бас уақ мал, 2548 мүйізді ірі қара, 497 жылқы, 108 түйе бар екен. Мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында 1500 тоннадай шөп жыл сайын дайындалатын көрінеді. «Нұр» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Ғабдулин мал азығын дайындауда ауыл маңындағы шабындық жерлер жеткілікті екенін айтады. Аталған шаруа қожалыққа тиесілі 4 отар уақ мал мен бір табын мүйізді ірі қара 5 отбасының бағымында екен. Қожалықта барлығы он малшы болса, одан бөлек 3 механизатор мен басқа да жұмысшылар еңбек етеді.
– Мал ала жаздай Шу өзені бойында жайылымда бағылса, қыста құм бөктеріндегі қыстауда ұсталады. Қырқын, шөп шабу, қора-қопсы жөндеу, шөп шабу секілді науқандық жұмыста уақытша 10-15 адам жұмысқа тартылады. Жұмысшылардың барлығына жағдай жасалған, атап айтқанда отын-суы, азық-түлігі, басқа да қажетті заттар тегін беріліп тұрады. Бұдан басқа жалпы тұрақты жұмыс істеп отырған еңбеккерлерге шаруа қожалығы есебінен шөп, мал азығы тегін беріледі. Жұмысшылардың жалпы жалақысы 200 мың теңгені құрайды. Мәселен, шопандар ай сайын 200 мың теңге еңбекақы алса, одан бөлек азық-түлік, қысқы соғым есебіндегі мал еті тегін және күзгі қозы бөлікте 20 тоқты шопанға сыйға тартылады, – дейді шаруашылық иесі.

Жалпы Ұланбел ауылында көптеген адамға тұрақты жұмыс беріп, ауыл халқының күнкөрісіне үлес қосып отырған «Нұр» секілді шаруашылықтар мен жеке кәсіпкерліктер жетерлік. Ауылда жергілікті мәдениет пен дәстүрлерді сақтауға арналған түрлі іс-шаралар да тұрақты ұйымдастырылып тұрады екен. Жастарға ұлттық құндылықтарды насихаттау мүмкіндігі де мол. Міне, біз сөз еткен Ұланбел ауылының қазіргі тыныс-тіршілігі осындай. Мал бағып, күн көрісіне басқа да кәсіп түрін арқау еткен ауыл тұрғындары адал еңбектің арқасында тұрмыстық қиындықты оңай еңсеруде.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ




