Спикер Сот әкімшілігінің облыс бойынша департаментінің 2025 жылғы қызметі туралы баяндады. Азиз Құрманғалиұлының айтуынша, департаментте мамандардың бос орындарын барынша азайтуға күш салынуда. Өткен жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, 2024-2025 жылдарда кадр жетіспеушілігіне талдау жасалып, жалақының төмендігі тәжірибелі мамандардың жұмыстан кетуінің негізгі себебі болып отырғанын анықталыпты.
– Департаменттің мемлекеттік қызметшілерінің штаттық саны – 290 болса, қазіргі нақты саны – 264. Сондай-ақ 26 бос орын бар, оның 14-і уақытша. Былтыр департамент қызметінде бірқатар ұйымдастырушылық және жүйелік жұмыстар атқарылды. Есепті кезеңде 21 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылып, олардың басым бөлігіне ескерту, кейбіріне сөгіс түріндегі жаза қолданылды, бір қызметкер лауазымынан төмендетілді. Қаржыландырудың жылдық жоспарына сәйкес 2025 жылға 3,8 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, оның негізгі бөлігі еңбекақы төлеуге бағытталды. Бюджет қаражаты толық игерілді, мемлекеттік қызметшілерге бонустық төлемдер жүргізілді. Есепті кезеңде республикалық бюджеттен сот ғимараттарының құрылысына қаражат бөлінбеді. Дегенмен Қордай аудандық сотының жаңа ғимаратына арналған жобалау-сметалық құжаттама толық әзірленіп, 2025 жылдың шілде айында мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алды. Сондай-ақ Тараз қаласының №2 сотының әкімшілік ғимараты бойынша құжаттама жергілікті әкімдікпен бірлесіп әзірленіп, сараптамадан өтуде. Одан бөлек былтыр бес сот ғимаратында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы кезеңде қаржыландыру мүмкіндігіне қарай өзге аудандық соттардың ғимараттарында жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сарысу аудандық сотының ғимаратын жөндеу мәселесі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қаралуда. Бұл мақсатта ғимаратты коммуналдық меншікке қабылдау жұмыстары аяқталып, қаржы бөлінуі күтілуде, – дейді департамент басшысы.
Спикердің айтуынша департамент теңгерімінде 26 автокөлік болса, оның басым бөлігі қызметтік мақсатта пайдаланылуда. Былтыр әртүрлі мемлекеттік органдардан 7 автокөлік қабылданып, тозығы жеткен көліктерді жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр екен. Қызметтік автокөліктерді пайдалану тәртібі қатаң бақылауда.
Сол секілді судьялардың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Облыс бойынша жергілікті соттардың судьяларына барлығы 30 қызметтік үй-жай берілсе, оның 17-сі аудандық жерлерде, 13 үй-жай облыс орталығында. Есепті кезеңде Тараз қаласында екі бөлмелі бір тұрғын үй сатып алынып, кезек тәртібіне сәйкес ювеналды соттың судьясына берілген. Сол секілді департаменттің теңгеріміне Талас ауданы әкімдігінен бір қызметтік тұрғын үй қабылданған. Ал биыл Талас ауданы бойынша тағы екі қызметтік пәтерді теңгерімге алу жоспарда екен. Қазіргі таңда 23 судья қызметтік тұрғын үй алу кезегінде тұр. Оның ішінде 6 судья аудандық соттарда, 17 судья облыс орталығында қызмет атқарады. Былтыр қызметтік тұрғын үйді жекешелендіру бойынша судьялардан үш өтініш түскен. Оның екеуі қанағаттандырылып, пәтерлер судьялардың меншігіне беріліпті. Бір өтініш құжаттарының дұрыс рәсімделмеуіне байланысты кері қайтарылған.
– Аудандық және оған теңестірілген соттардың ғимараттарында орнатылған инженерлік-техникалық жабдықтар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Есептік кезеңде судьяларға қысым көрсету фактілері анықталған жоқ. Ұйымдастыру және талдау жұмыстары аясында іс жүргізу мерзімдерінің сақталуы, сот актілерінің дайындалуы мен электрондық қолтаңбаның уақытылы қойылуы тұрақты бақылауда болды. Анықталған кемшіліктер судьялардың қатысуымен өткен жедел кеңестерде қаралды. Сот актілерін орындау бағыты бойынша соттармен, сот орындаушылармен және прокуратура органдарымен бірлескен жұмыстар нәтижесін берді. Өткен жылы жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгеден астам сот актілері орындалды. Осы мәселе бойынша «дөңгелек үстел» өткізіліп, проблемалық түйткілдер талқыланды. Алдағы кезеңде аталған бағытта талдау жүргізіп, уәкілетті органдарға ұсыныстар жолдау жоспарлануда. Сот актілерін уақытылы орындамағаны үшін заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қолданылды. Азаматтарды қабылдау жүйелі түрде ұйымдастырылып, облыстық сот төрағасы, департамент басшысы және аудандық сот әкімшілері тарапынан жүздеген жеке қабылдау өткізілді. Көтерілген мәселелердің негізгі бөлігі сот актілеріне және сот қызметіне қатысты болды. Ұйымдастыру-талдау бағытында сот ісін жүргізу мерзімдері, сот актілерінің дайындалуы мен орындалуы тұрақты зерделеніп, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қабылданды. Былтыр сот актілері бойынша 1,2 миллиард теңгеден астам сома өндірілді. Талдаулар нәтижесінде мемлекеттік органдарға ұсыныстар жолданып, бұл мәселе тұрақты бақылауда ұсталуда, – деді Азиз Құрманғалиұлы.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ




