Конференция барысында әкенің тек отбасының асыраушысы ғана емес, баланың тұлға болып қалыптасуындағы негізгі тәрбиеші екені кеңінен айтылды. Әсіресе ұл мен қыз тәрбиесіндегі әкенің ықпалы, мінез-құлық, жауапкершілік, еңбекке баулу, отансүйгіштік пен адамгершілік құндылықтарды сіңірудегі рөлі нақты мысалдармен тарқатылды.
Облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған әкелер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Бердалыұлы «Дәстүрлі тәрбие діңгегі – әке өнегесі» тақырыбында баяндама жасап, қазіргі цифрландыру дәуірінде әкелердің бала тәрбиесіне белсенді араласуы аса маңызды екенін жеткізді. Сонымен қатар өзге де қонақтар сөз сөйлеп, баламен бірге уақыт өткізу, оның ішкі жандүниесін түсіну, ашық әңгіме құру бүгінгі әкенің басты міндеттерінің бірі екенін айтты.
Сондай-ақ басқосуда мектеп оқушылары ән шырқап, тәрбиелік мәні мол қойылым көрсетті.
Жиын соңында қатысушылар әке мәртебесін көтеру, әкелер мектебін дамыту, тәрбиелік бағыттағы басқосуларды тұрақты түрде ұйымдастыру туралы ой-пікірлерімен, ұсыныстарымен бөлісті.
Әке институтын қалыптастыруда баласының тәрбиесіне жауапкершілікті арқалай білу – отағасының бұлжымас міндеті. Отбасынан басталатын Отанның отын өшірмеуде әкелік институттың арқалар жүгі зілмауыр. Әр әке соны ұғынуға тиісті. Қоғамның қажет ететіні де – осы.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ




