Абайлаңыз: әлеуметтік желідегі танысу туралы жазбалардың артында алаяқтар тұруы мүмкін
- author AR-AY
- Бүгін, 11:49
- 16
Әлеуметтік желілерде, әсіресе Threads платформасында «жар іздеймін», «танысқым келеді» деген мазмұндағы жазбалар жиілеп келеді. Алайда мұндай жарияланымдардың артында қарапайым қолданушылармен қатар алаяқтар да болуы мүмкін. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Полиция мәліметінше, алаяқтар көбіне өздерін тартымды жігіт немесе қыз ретінде таныстырып, хат алмасуды белсенді жүргізеді. Қысқа уақыт ішінде ерекше көңіл бөліп, сенімге кіру арқылы жәбірленушімен эмоциялық байланыс орнатады. Кейін әңгіме қаржылай көмек сұрауға ұласады.
Алаяқтық әрекет әдетте бірнеше кезеңмен іске асады: алдымен тұрақты қарым-қатынас орнатып, сенім қалыптастырады, кейін өмірдегі қиын жағдайлар, ауру, шұғыл шығындар немесе «тиімді инвестиция» туралы айтады. Соңында ақша аударуды, оның ішінде шетелдік криптоәмияндарға немесе үшінші тұлғалар арқылы жіберуді сұрайды. Қаражат алынғаннан кейін байланыс үзіліп, жәбірленуші бұғатталады.
Мамандар экранның ар жағындағы адам бейнебайланыстан және жеке кездесуден қашса, интернеттегі дайын фотосуреттерді қолданса немесе ақша сұраса, аса сақ болуға кеңес береді.
Алаяқтардың құрбаны болмас үшін полиция интернет арқылы танысқан адамдарға ақша мен жеке деректерді бермеуге, жеке фотосуреттерді жібермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және сұхбаттасушы туралы ақпаратты тексеруге шақырады. Күдік туындаған жағдайда хат алмасуды дереу тоқтатып, құқыққа қайшы әрекеттер туралы полицияға хабарлау қажет.




