Алайда бүгінгі қоғамда осы бір маңызды ғұрыптың мәні көмескіленіп, жас аналар арасында оған атүсті қарау, тіпті толық бас тарту үрдісі байқалады. Бұл – бір отбасының немесе бір буынның ғана мәселесі емес. Бұл – ұлт саулығына қатысты ортақ мәселе.
Қалжалау – босанған әйелдің әлсіреген ағзасын қалпына келтіруге арналған кешенді күтім. Ол бір реттік ас берумен шектелмейді. Қалжа – ананы терлету, тыныштық сақтау, қозғалысты шектеу, суықтан қорғау, психологиялық қолдау көрсетуді қамтиды. Қазіргі медицина тілінде айтсақ, бұл – босанудан кейінгі оңалту жүйесі.
Бүгінде жас аналардың көпшілігі қалжаланудан бас тартуды заман талабымен, өмір салтының өзгеруімен байланыстырады. Әлеуметтік желіге тез бейімделу, сыртқы келбетке алаңдау, «терлеу зиян» деген үстірт түсінік – ұлттық күтімге деген көзқарасты әлсіретіп отыр.
Осы мәселені жуырда журналист Гүлбаршын Құланбаева «Facebook» әлеуметтік желісінде көтеріпті.
«Кеше жақын досымыздың келінін перзентханадан шығару үшін бардық. Алғашқы немересі болған соң ата-енесі барын салып дайындалыпты. «Әне шығады, міне шығады» деп ентелеп есікке қарап біраз тұрып қалдық. Уақыт өтпейді, телефонды ермек етіп жанымдағы егде тартқан екі әйелдің әңгімесіне еріксіз құлақ түрдім:
– Келін қойдың етін жемейді, қолдың сүт-айранын ішпейді. Өз балаларымды үйрете алмап едім, бұл да сондай болды, – деді бірі.
– Біздің бала да, Ажар да сондай. Былтыр Әділетті босанғанда қалжалауға да көнбеді. «Терлегім келмейді» дейді. Өзі білсін дейміз ғой, бірақ денсаулығын да ойлаймыз.
– Қазір қалыңырақ киініп шықса болар еді, видеоға түсем деп селтеңдемей, – деген уайымын да қосты апай.
Екі апайдың әңгімесі таныс. Есіме өзімнің босанған сәтім оралды. Тұңғышымды өмірге әкелу оңай болмады, екі күндік толғақтың әңгімесі бір бөлек. Үшінші күні әрең дегенде үйге келдік. Жолдасым бір қойды қалжаға сойып, енем аздап ет асыпты. Алдымен қуанышын бөліскен жандарға ас ұсынып, Құран оқытып, алғыс айтып шығарып салды. «Келіннің белі бекіп, немерем қатайсын, бесікке салуға шақырам», – деуді де ұмытпады.
Ертеңіне кезек маған келді.
– 10 күн қимылдамайсың, қолыңды суық суға салмайсың, одан соң асүйді өзіңе беремін, – деді.
Ененің сөзіне қарсы келер қауқар жоқ. Алдымен баптап ет асып, шай- суын қамдады. Басыма түбіт орамал тартып, үстімді қалыңдап, мені отырғызып қойып, ыстық сорпа берді. Далада +40 градус, шілде, оған ас үйдегі ыстықты қосыңыз. Ал маған жағып барады, сүйектерім жібіп, жайланып, маңдайдан бұршақ-бұршақ тер шығып, енем берген мойыномыртқаны тіс тигізбей мүжіп алдым. Кейін оны баланың мойыны қатаяды деп іліп қойды. Ертеңіне құрт әкеліп берді. Сөйтсем ол босаған тісті қалпына келтіру үшін қажет екен. Үшінші күні пешке балық пісіріп берді. Тыржиып жемей отыр едім.
– Балам, жүктілік кезінде адамның бойындағы кальций мен дәрумендер балаға беріледі, оның орнын толтыру керек, ол үшін құнарлы тамақ керек, балық витаминге бай әрі жеңіл. Сондықтан жеуің керек, – деді.
Он күн бойы сорпа үзген жоқ, қосымша осылай жеңіл тамақпен алмастырып күтті. Тұңғыш баладағы қалжалау үрдісі одан кейінгілерде де осылай жалғасты. Енді келін алып, немере сүйгенде дәл осылай қалжалаймын деп қоямын. Оған көнсе әрине қазіргі жастар» – дейді ол.
Бұл – бір адамның жанайқайы ғана емес. Бұл – екі буын арасындағы көзқарас қақтығысы. Егде әйелдер қалжаның қадірін өз денсаулығы арқылы түсінсе, бүгінгі жас аналар оның маңызын кеш ұғынуы мүмкін.
Қалжаның мәнін терең философиялық, әлеуметтік деңгейде түсіндірген тұлғалардың бірі – жазушы Зейнеп Ахметова. Оның пайымынша, қалжа – жеке отбасының ғана емес, тұтас әулеттің жауапкершілігі.
Жазушы «Күретамыр» атты кітабында қалжа туралы:
«Кейбір өңірлерде қалжаны келіннің төркіндері әкелген. Сол секілді ағайын-туыс, дос-жарандар да қарап қалмаған. «Қалжасы үзілмесін» деп қуанышқа қойын өңгеріп келеді екен. Өйткені бір әулетке ұрпақ сүйгізіп, айналасын қуантып отырған анаға арналған бұл дәстүрді жасау сауабы зор әрі абыройлы іс делінген. Ана мен баланың былайғы жерде дені сау, көзі қара болуы қалжаға тікелей байланысты болған. Бүкіл мүше-мүшесі салдырап жатқан әйел күнде күйлі қойдың жас сорпасын ішіп, етін жеген сайын күш-қуаты қалпына келіп, белі бекиді… Әйелдің денесіндегі ұйыған, қатқан қан, артық тұз секілділер термен шығып, бойы тазарады, көңілі сергиді, өңі ашылып, ажарланады» дейді.
Бұл жолдардан қалжаның биологиялық қана емес, әлеуметтік қолдау тетігі болғаны анық көрінеді.
Жасы жетпіске таяған Фатима Жолдасова бес баладан оннан аса немере сүйіп отырған ардақты ана. Ол кезінде босанғаннан кейін денсаулығына дұрыс қарамай, бүгінде соның зардабын тартып жүргенін айтады.
– Бізді ешкім қалжалаған жоқ. Босанған соң бірден тірлікке араластық. Қазір соның зиянын көріп жүрміз. Аяқ-қолым қақсайды. Сондықтан қыздарымды да, келіндерімді де қалжалаймын, – дейді ол.
Тараз қаласының тұрғыны Гүлсая Маратқызы да қалжаланбаудың ауыр салдарын өз басынан өткерген.
– 2012 жылы баламды босанып келген соң қалжалануға аса мән бермедім. Жер үйдің тірлігі біткен бе, күнделікті тіршілігіме кірісіп кеттім. Ата-енем желең жүргенімді жақтырмай, ескерту жасаса да аса елемедім. Өзім аса тершең болмағандықтан, қатты терлесем жүрегім қысылатындай көрінетін. Содан 1 ай өтер-өтпестен бір күні аяқ-қолым сыздап, тырысқандай, денем ысып-суығандай болды да бірден есімнен айырылдым. Сол уақытта үйдегілер жедел жәрдем шақырыпты. Бірден жансақтау бөліміне апарды. Сандырақтап, не болса соны айтқанымды көрген ата-енем есінен алжасты ма деп имам шақырмақшы да болыпты. Аллаға шүкір, бірер күн ем алып, ауруханадан шықтым. Бірақ биыл тұңғышымнан соң бала көтермегеніме 10 жылдан асты. Кейде, сол кездегі суықтағаным әсер етті ме екен деп те ойлап қоямын, – дейді Гүлсая.
Қалжа туралы сөз болғанда, кейбіреулер оны тек халықтық ұғым, ғылыми негізі жоқ тәсіл деп қабылдайды. Алайда тәжірибелі медицина қызметкерлері бұл пікірмен келісе бермейді. Керісінше, олар қалжаның мәнін қазіргі медицинадағы босанудан кейінгі оңалту ұғымымен байланыстырады.
Тараз қаласындағы «gm_qalja_ortalygy» орталығының басшысы Гүлжанат Мұратбек осы бағытта нақты тәжірибе жинақтаған маман. Ол қалжаның әйел ағзасына әсерін тек теория жүзінде емес, өз өмірлік жолы мен кәсіби тәжірибесі арқылы дәлелдеп отыр.
– Қалжаның әйел ағзасына пайдасы мол. Алдымен өз басымнан өткен оқиғаны айтып берсем. Тұрмысқа шыққан алғашқы жылдары бала көтеріп, қайта-қайта тастап қойып жүрдім. Себебін білмеймін. Дәрігердің айтқан кеңесін бұлжытпай орындаймын. Бірақ әсері аз болды. Содан бір күні дәрігерім: «Сен осы қазақша ем жасап көрсең қайтады. Жақсылап қалжаланып көрші», – деді.
Содан жақсылап терлеп, қойдың сорпасын ішіп, массажымды қабылдап, емделдім. Көп өтпей бала көтеріп, аман-есен босанып алдым. Қазір сәбиім – екі жаста. Бұл қуанышымды естіген клиенттерім де сұрай бастады. «Сен көп уақыттан бері көтере алмай жүр едің, қалай емделдің, бізге де айтшы» дей бастады. Содан осындай қалжа орталығын ашу идеясы ойыма келді, – дейді Гүлжанат.
Маманның айтуынша, бүгінгі әйелдердің арасында бедеулік, ерте климакс, гормоналды бұзылыстардың көбеюі – босанғаннан кейін дұрыс күтінбеудің салдары.
– Қалжалану дегеніміз – жай сорпа ішіп жату емес. Қалжа деген – дұрыс күтім, терлеу. Қазір бала көтере алмай жүрген келіншектер көп. Соның көбісі дұрыс күтінбеуден болады. Ерте климакс та содан болады. Босанған соң суықтап қалады да, терлемейді, содан жатыры суық жатырға айналып, бала көтере алмай қалады. Бүгінде жастар «қалжаланбаймыз, орыстар, шетелдіктер терлемей-ақ жүр ғой» деп жатады. Ол дұрыс емес. Перзентханада бір орыс келіншекпен бірге жаттым. Ол бір шөлмек арақ пен шошқаның майын кезек-кезек аз-аздан ішіп-жеп, терлеп жатты. Үш күннен соң жеңіл киініп шығып кетті. Сонда айтқаны: «Біз босанған кезде перзентханада жатып жақсылап терлеп, күтініп аламыз. Үйге барған соң бір аптадан кейін моншаға барып тағы терлейміз», – деді.
Жалпы дамыған елдерде де босанған анаға ерекше күтім жасау – арнайы жүйеге айналған. Америкада арнайы перзентханалар бар. Корея мен Индонезияда тіпті керемет. Босанған аналарды ханшайымдай күтеді. Медбикелер ананың қолын қимылдатпай қызмет жасайды. Массаж, арнайы күтім жасалады. Сондықтан қалжа деген қазақта ғана бар деп айту қисынсыз. Айырмашылығы – атауында ғана.
Біздің орталықтың ашылғанына бір жылдай болды. Білікті медицина мамандары қызмет етеді. Әйел босанған соң бірден бізге келіп қалжалана салмайды. Алдымен келісіп аламыз. Біраз күн үйінде болады. Себебі босанған анаға бірден массаж жасап, қинауға болмайды. Асықпай күтіп-баптаймыз, – дейді маман.
Бұл пікірлер қалжаның халықтық таным мен қазіргі медицинаның тоғысқан тұсы екенін анық көрсетеді. Қалжа – өткеннің қалдығы емес. Ол қазақ қоғамының әйел денсаулығын қорғауға арналған табиғи иммунитеті.
Бүгін ананың саулығына салғырт қарасақ, ертең оның салдарын тұтас қоғам болып көтереміз. Ұлттың болашағы – ананың бойында. Ал ананың саулығы – қалжадан басталады.
Айжан ӨЗБЕКОВА




