Білім мен тәрбиенің қатар өрілген кең өрісінде әр баланың бойындағы талант пен қабілетті дер кезінде байқап, дұрыс бағытқа жетелеу – ұстаздың да, қоғамның да басты міндеті. Осы жолда үйірме жұмыстары – оқушының ішкі әлеуетін ашып, оны болашаққа сеніммен жетелейтінін ерекше атап өткен жөн.
Мәселен, Қордай ауылындағы «Bilim-Dos» мектебіндегі домбыра үйірмесі оқушыларға ұлттық музыкалық мұраны үйретіп қана қоймай, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыруда маңызды рөл атқарып келеді. Ерекше атап өтерлігі, үйірмеге үшінші сыныпта оқитын орыс ұлтының өкілдері қызығушылықпен қатысып, қазақтың қара домбырасына шын көңілмен ден қойып, ұлттық өнерге құрмет көрсетуде. Бұл игі істің бастамашысы – музыка пәнінің мұғалімі Райхан Байбетова.
Домбыра үйірмесінің қатысушылары мәдени іс-шараларға белсене қатысып, өнерлерімен көпшіліктің ықыласына бөленуде.
Үйірмеге белсенді қатысатын оқушылардың бірі – Ульяна Чепурных.
– Мен 6 жасымнан-ақ домбыраның үнін жақсы көретінмін. Үйірме ашылғанда анам «қатысқың келе ме?» деп сұрағанда ойланып барып келістім. Өте дұрыс шешім қабылдаппын, – дейді «Bilim-Dos» мектебінің озат оқушы.
Ал Злата Коростелева үйірмеге қатысып, ұстазының арқасында көп нәрсе үйренгенін айтады.
– Анам айтқанда бірден келіспедім. Бәлкім үйрене алмаспын деген қорқыныш болды. Бірақ ағам барынша қолдап, жігерлендірді. Қорқынышымды жеңіп, үйірмеге қатысқаныма өте қуаныштымын, – дейді Злата.
Василина Аляева болса домбыра үйірмесіне құрбыларына еріп барған екен. Алғашында үлкен қызығушылығы болмаса да уақыт өте келе домбыраға деген аңсары ауып, үйренуге құлшынысы артқан.
Осы орайда музыка пәнінің мұғалімі Райхан Маратқызымен де тілдесіп, үйірме жұмысына қаныға түстік.
– Домбыра үйірмесіне баланы 7 жасынан бастап берген дұрыс. Өйткені баланың бойында мұғалімнен сабақ алудың алғашқы алғышарттары қалыптасады. Осы кезеңде бала қалам ұстап, жазу жаза алады, яғни ұсақ қол моторикасы дамыған, жаттыққан болады. Домбыраны барлық балаға таңдамай үйретуге болады. Бірақ олардың қабілетіне қарай үйрету әдісі түрленуі тиіс. Бұл баланың үйрену мақсатына да байланысты. Негізі домбыра үйретудің қалыптасқан үш жолы бар. нота, санау және құйма құлақ. Осы үш жолдың бірін баланың қалауы, қабілеті, мақсатына қарай таңдап алып үйретеді. Үйірмеге қатысып жүрген оқушыларым туралы айтар болсам, өте еңбекқор, тыңғылықты, айтқанды екі етпейтін тәртіпті балалар. Сабақты қалдырмайды, берілген тапсырмаларды түгел орындайды. Қазір жас домбырашылар алғашқы қадам ретінде орыстың халық әні – «Во саду ли, в огороде» шығармасын үйреніп жатыр. Басқапқыда осындай жеңіл әуеннен бастаған дұрыс. Кейін күрделі күйлер мен әндерге көшеміз, – дейді ұстаз.
Ұлттық өнердің қадірін өзге ұлт өкілдерінің жүрегіне жеткізу – нағыз тәрбиенің көрінісі. Сондықтан да Райхан Маратқызының еңбегіне табыс тілеп, болашақта шәкірттерінің шідер үзген шексіз талантты өнерпаздардың қатарынан көрінуіне тілектеспіз.
Мадина ӨЗБЕКОВА,
журналист,
Қордай ауданы


