Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ертегіші әжелердің еңбегі еленді

Ертегіші әжелердің еңбегі еленді
Автор
Жамбыл облысында ұлттық тәрбиені жаңғыртуға бағытталған «Әжемнің ертегісі» жобасының 2025 жылғы қорытындысы шығарылып, жобаға белсене атсалысқан ерікті әжелер салтанатты түрде марапатталды. «Ертегі – ертеңім үшін» атауымен өткен жиын Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында ұйымдастырылды.

Жобаның басты мақсаты – қазақы тәрбиенің алтын діңгегі саналатын әжелер өнегесін, соның ішінде ертегі айту дәстүрін жас ұрпақ санасына сіңіру.

Жыл бойы облыс көлемінде 200-ге жуық аналар кеңесінің мүшесі, ерікті әжелер 617 мектепке дейінгі білім беру ұйымында аптасына екі реттен ертегі оқу сағаттарын өткізген. Әр әже жыл ішінде орта есеппен 26 сағат ертегі оқыған. Бұдан бөлек, әжелердің қатысуымен балабақшаларда, аудандық білім және мәдениет бөлімдерінде 141 мәдени-танымдық іс-шара ұйымдастырылған.

Жобаны жүзеге асыру барысында Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының қызметкерлері облыстық, аудандық аналар кеңестерімен және облыстық әдістемелік кабинеттің мамандарымен бірлесе жұмыс жүргізіп, әдістемелік құралдар мен ертегі кітаптарын дайындап, мекемелерге таратқан. Сонымен қатар, әр ауданда ең көп ертегі оқу сағатын өткізген белсенді әжелер анықталды.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы аясында «Ақ әжеме алғыс» атты жиын өткізіліп, аналар кеңестерінің төрайымдары мен белсенді әжелер алғыс хаттармен марапатталған болатын. Ал жыл қорытындысында облыстың барлық ауданынан ең көп ертегі оқыған 3 әжеден арнайы шақырылып, олардың еңбегі лайықты бағаланды.

Салтанатты жиында облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әбірхан Жанқұлов сөз сөйлеп, ұлттық тәрбиені жаңғырту жолындағы әжелер еңбегінің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының қызметкері Гүлгаухар Бүркітбаева жыл ішінде атқарылған жұмыстарға шолу жасап, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Жиын барысында Қордай, Талас, Байзақ, Меркі, Шу, Мойынқұм, Жуалы, Сарысу, Тұрар Рысқұлов, Жамбыл аудандары мен Тараз қаласынан келген үздік ертегіші әжелер «Үздік ертегіші әже» дипломымен марапатталды. Сондай-ақ жобаның облыс көлемінде жүйелі жүзеге асуына үлес қосқан аналар кеңесінің белсенді мүшелеріне облыс әкімінің орынбасары атынан алғыс хаттар табысталды.

«Әжемнің ертегісі» – жүректен жүрекке жалғанған мейірім көпірі, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын тағылымды жоба. Ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бұл бастама алдағы жылдары да жаңаша форматта өз жалғасын табады.

Назым ҚОЖАМАР,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар