Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Ақын болып туу – тағдыр, ақын болып қалу – таңдау»

«Ақын болып туу – тағдыр, ақын болып қалу – таңдау»
Автор
Еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада айрықша қабілетімен көзге түсіп жүрген дарынды жастар жетерлік. Осы ретте біз облыс тумаларымен ғана шектеліп қалмай, республикаға белгілі жастарды да оқырманға кеңінен таныстыруды жөн көрдік. Өйткені өнер мен талантқа шекаралық шектеу жүрмейді. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – Түркістан облысының тумасы, ақын Арайлым Мұратәлиева. Уақыттың тынысын өлеңмен өлшейтін Арайлымның жырынан нәзіктік пен тереңдік қатар сезіледі. Оның поэзиясы оқырманды сырттай тамсандырып қана қоймай, ішкі әлеміне үңілуге жетелейді. Сұхбат барысында ақынның шығармашылық жолы, шабыт көзі және адамдық болмысы жайлы сөз қозғалды.

– Арайлым Сайрамбайқызы, сіз Қазақстан Жазушылар одағының мүшесісіз, «Күміс қалам – 2022» әдеби жобасының жеңімпазысыз. Ел сізді ақын, «Ай-Зер» жыр жинағының авторы ретінде жақсы біледі. Өлең сіз үшін тағдыр ма, әлде таңдау ма?

– Тағдырдың екі жолы бар. Біріншісіне таңдау жасай алмайсың, екіншісін өзін таңдайсың. Ақын болып туу – тағдыр, ақын болып қалу – таңдау. Сондықтан ақындық жолда қалуға өзім таңдау жасадым. Бастысы ұлы өнерді кірлетпей, оқырманға татымды дүние ұсына алсақ, ақиқаттан алыстамасақ, сол олжа.

Негізінде өлең менің ішкі менімнің айғағы, көңіл күйімнің көрінісі. Жабырқасам да, шаттансам да жан сырым өлең болып ақтарылады. Қысқасы, мені іздеген, мен жайлы іздеген адам кім екенімді өлеңімнен табады.

– Поэзияңызда жиі сезілетін негізгі ішкі тақырып қандай? Ол адам ба, қоғам ба, әлде өз болмысыңыз ба?

– Адамды да, тұтас қоғамды да өз болмысыммен, өзіме тән сезімдерім арқылы жазып жүрмін деп ойлаймын. Кез келген тақырыпқа аттандамай, айқайға сүрең қоспай, байыппен бойлауға болады. Мен үшін поэзиядан жалаң ұран емес, жанды шығарманың лебі есіп тұруы керек. Әйтпесе, өлең құрауды үйреніп алып, әдемі сөз тіркестерімен өз-өзіңді алдап күн кешуге болады. Бірақ бір нәрсені ескеруіміз керек, жасанды пафос өлеңді де, өзіңді де алға сүйремейді. Жалпы қай жерде болмасын жасандылық талантыңды тұншықтырады.

– Қазіргі қазақ қоғамы ақыннан нені талап етеді? Ал негізі ақын қоғамға не айтуы керек?

– Қазіргі қазақ қоғамы ақындардан ұран күтеді. Ақынды дүниені түзетуші, қоғамды өзгертуші ретінде көреді. Ал ақын-жазушысын жай күндері іздемейтін, оқымайтын, оларды тек бір қиял жетегінде жүрген тіршілік иелері ретінде ғана көретін қоғам оларға талап қоюға құқылы ма? Қалам иелері қоғамға не айтпай жатыр дейсіз? Айтылу керектің бәрі айтылып жатыр, жазылып жатыр. Ести білу керек, оқи білу керек.

– Ақын болған соң түрлі сәттерде бірінші болып миға өлең келетін шығар. Өлең сізді құтқара ма, әлде керісінше ішкі күйді ауырлата ма? Мысалы, сондай бір сәтпен бөлісе аласыз ба?

– Іштегі дауыл өлеңге айналған соң санада тыныштық орнайды. Димитрий Менделеевтің «Қағазға түспеген ой – жоғалған қазына» деген жақсы сөзі бар. Қазынаңның қағазға түскені ішкі тыныштығыңды да жоғалтудан құтқаратындай көрінеді.

– Ақын үшін шындық пен жауапкершіліктің шегі бар ма? Кейде айтуға қорқатын ойлар бола ма?

Меніңше, шындықтың да, жауапкершіліктің де шегі жоқ. Ақын қаламынан төгілген әрбір сөзіне жауапты. Қауіпті ойларымның шындыққа айналуынан қорқамын. Сондықтан да ойлағанымның бәрін қағазға түсірмеймін. Өз басым сөздің киесіне сенемін.

Сізді жазуға қандай күш итермелейді?

Бір адамның болса да санасына сәуле түсіру, ояту, жандүниесін қозғау арқылы оның тірі екенін сезіндіру керек деген қияли ойларымның күші болар.

Бүгінгі поэзияда форма маңызды ма, әлде мағына ма? Сіздің таңдауыңыз қайсысы?

Менің ойымша мағына маңызды. Ал формаға келсек, кімге қалай ыңғайлы, солай жазуы керек. Өзім қарапайым дүниені қиындатпай жазуды таңдаймын. Ал қайсысын болса да оқу-оқымау оқырманның таңдауы.

Өз өлеңдеріңізде өзіңізге өтірік айту мүмкін бе, әлде ақын әрдайым «жалаңаштап» отырып, шындықты ғана жаза ма?

– Мен сізге қолыма қалам алып, ақ қағаздың алдына отырғанда ар алдында жүгінгендей болатынымды, сондықтан ақиқаттан алшақтамайтынымды сөз басында айттым ғой. Сұрақты жанамалап әкеліп, қайталап қойғаныңызға қарағанда арамызда өтірік айтатындар да бар болғаны ғой. Десе де бұл оңай көрінетін қиындау сұрақ. Мұқағали Мақатаев «Өмірде білмеймін, өлеңде өтірік айтуға болмайды» деген екен. Мен осы кесімді пікірмен толық келісемін.

Бір өлең арқылы адамның тағдырын өзгерту мүмкін бе? Сіз үшін өлең – ем бе, қару ма, әлде аманат па?

Мүмкін, бәрі де мүмкін. Өлең – Тәңірден берілген аманат. Аманатқа қиянат жасауға болмас…

Сіз иеленген атақ немесе жүлделердің ішінде өзіңіз үшін ең жауапкершілігі ауыр болғаны қайсысы? Жүлде ақынды өсіре ме, әлде шектей ме?

2021 жылы Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі төрағасы, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулет ағаның ұсынысымен одақтың мүшелігіне қабылдандым. Ағамыздың маған деген сенімі мойныма ауыр жүк артып жібергендей болды. Сол бір кез жазуға салмақты қарауым керек екенін түсіндірді. Алған жүлдеңе лайықты екеніңді дәлелдей алсаң – өсесің, дәлелдей алмасаң – өшесің.

Болашақта Арайлым Мұраталиева қандай тақырыптарды жазбай қалудан қорқады?

Ойда тақырып көп. Солардың өз уақытында жазылмай қалуынан қорқамын.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар