Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қайда екен сол бір сәбилер?

Қайда екен сол бір сәбилер?
Автор
Егер жаңылмасам осыдан 15 жыл бұрын бір шаруалармен Алматыға бармақ болып, жолға шыққан едім. Тараздағы автобекеттен мінген таксиіміз жүйіткіп-ақ келеді.

Көлік ішіндегі жолаушылар әр саладан екенбіз. Жақынырақ танысып, әр тақырыпта әңгіме де айтып келеміз. Мәнді де әдемі әңгімеден кейін жол қысқара түскендей. Радиодан да әсем әндер кезегімен беріліп жатыр. Көңіл күйіміз де жақсы.

Қордай ауданына жақындаған кезде өкінішке қарай көтеріңкі көңіліміз су сепкендей басылды. Себебі біздің алдымызда 5-10 минут бұрын үлкен жол апаты орын алыпты. Алғашқы болып жеткен полиция және төтенше жағдайлар департаменттерінің қызметкерлері өз жұмыстарына кірісіп, абыр-сабыр болып жатыр екен. Көп ұзамай жедел жәрдем де келді. Көліктердің ары-бері өтуі мүмкін болмағандықтан жол уақытша жабылған. Адамдар да жиналып қалған. Сол кезде біз де таксиден түсіп, оқиға орнына жақындадық. Қалай болғанын көргендерден сұрап едік, «КамАЗ» жүк көлігі мен жеңіл көліктің соғысқанын айтты.

«КамАЗ»-дың жүргізушісі қалғып кетсе керек, қарсы жолаққа шығып кетіп, жеңіл көлікпен соғысыпты. Соққының қатты болғаны соншалықты жеңіл көлік екі-үш мәрте аунап, жолдың шетіндегі талға барып тірелген. Ал сол көліктің иелері жастары отыздан асқан ерлі-зайыптылар екен. Олар алдында, ал артында кішкентай ұлы мен қызы отырыпты.

Жедел жәрдем қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жанталасып жатыр. Бір ыңғайлы сәтте олардан екі бала мен ес-түссіз жатқан ата-анасының жағдайын сұрап едім, дұрыстап жауап бергілері келмеді және қастарына жақындатпады. Сосын оларға журналист екенімді айтып едім, асығыс болса да сұрағыма құлақ асты да екі баланың періштелері қағып, аман қалғандарын, ал ата-аналарының тілқатпай кеткендерін айтты. Бірақ, екі бала аздап жеңіл жарақат алыпты. Сол сөзден кейін шыдамай жедел жәрдем көлігінің алдында отырған әлгі бүлдіршіндердің аты-жөндерін біліп алдым. Сержан есімді ұл бала үшінші сыныпта оқиды екен. Екіншісі Назира жеті жаста. Сонда Сержан қолы мен аяғының ауырғанын айтып, жылап отырды. Ал шекесі аздап жырылып, мұрны қанаған Назира маған күлімдей қарап: «Аға, біздің папамыз бен мамамыз қайда?» дегенде не деп жауап берерімді білмей сасып қалдым. Сол сәтте екі баланың тектері (фамилия) мен әке-шешелерінің аты-жөндерін, мекенжайларын сұрап алғым келіп еді, медбике қыз маған: «Біз жүреміз, жол беріңізші» деді де асығыс жедел жәрдем көлігіне міне берді.

Көп ұзамай жол ашылып, сапарымызды жалғастырдық.

... Міне, содан бері де аз жыл өтпепті. Осы уақыт ішінде сол оқиғаны ұмытқандай болып едім, жуырда Алматы қаласында тұратын бір құда баламыздың тойына бара жатып, Ұзынағаш ауылына жақындаған кезде тағы да осыған ұқсас жол апатына куә болдым. Содан кейін жоғарыда айтылған жол оқиғасы есіме түсті. Бүгінде әлгі екі баланың бірі ержетсе, екіншісі бойжетіп қалған шығар...

Олардың бүгінге дейінгі өмірлері мен тағдырлары қандай болды екен? Өспей жатып жетімдіктің дәмін татып, жандарына жара түскен Сержан мен Назира қазір қайда және не істеп жүр екен? Осы сұрақтар мазалап, көңілім күңгірт тартты. Бірақ, тойға бара жатқан соң көңіл күйімді қатты түсірмеуге тырысып, еңсемді басқан мұңнан арылу үшін ойымды басқа жаққа бұрдым.

... Көңіл күнделігіме жазылып қалған және Алланың қалауымен болған сол бір қасіретті оқиға өмір өрнектерінің бірі шығар деген ой түйдім.

Дегенмен, ондай оқиғаларды болдырмау үшін көлік жүргізушілері жол ережелерін бұзбай, барынша сақ болғандары  жөн болар еді.

«Жақсы сөз жарым ырыс» демекші, «қайда жүрсе де сапарлары сәтті болсын» деген тілекті жолаушыларға жиі айтқым келіп тұратынын да жасырғым келмеді.

Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,

ақын-журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар