Ал отбасында дұрыс тәлім-тәрбие алмаған, әке ұлағаты мен ана тағылымын көріп өспеген ұрпақтың болашағынан үлкен үміт күту бекершілік. Өйткені ата-ананың арасындағы тұрақты жанжал, айқай-шудың жиі болуы баланың жүйкесіне кері әсер етеді. Әсіресе тәртіп пен талаптың бірде бар, бірде жоқ болуы баланың жақсы мен жаманның арасындағы шекараны ұқпай қалуына, ақ пен қараны ажырата алмауына алып келеді.
Шамадан тыс қаталдық пен немқұрайдылық баланың мінезінде агрессия мен қарсыласу сезімін қалыптастырады. Расында да ата-ананың балаға көңіл бөлмеуі, оны тыңдамауы өз кезегінде баланың да үлкендерді елемеуіне себеп болады. Мұндай жағдайда үнемі салыстыру, кемсіту немесе қорқыту арқылы берілген тәрбие баланың өзін-өзі бағалауына нұқсан келтіреді. Оның үстіне осындай ортада өскен балалар ашушаң, күйгелек әрі әлеуметтік ортаға бейімделуі қиын болып ер жетеді. Ең сорақысы, баланың бұзық мінезі көбіне оның ішкі жанайқайының көрінісі болуы да мүмкін. Сондықтан мәселені тек баладан емес, ең алдымен отбасындағы тәрбие үлгісінен іздеу қажет.
Осы орайда бұзақылық әрекеттерімен жиі көзге түсіп, тәртіпті қайта-қайта бұзғаны үшін мектеп қабырғасында полицияның есебіне алынған әрі психологтармен ұзақ уақыт бойы жұмыс жүргізілген 16 жастағы Асхатпен тілдескен едік.
– Менің мінезіме ең алдымен отбасымдағы жағдай әсер етті деп ойлаймын. Әкем мен шешем ішімдік көп ішетіндіктен үйде күнде ұрыс-керіс болатын. Оларды менің кіммен жүріп, қайда барғаным қызықтырмады. Кейде бірнеше күн бойы ешкім іздемейтін. Сол кезде өзімді үйдегі артық адамдай сезіндім. Сөйтіп жандүниемді түсінетін адамды көшеден іздедім. Көшедегі орта бірден қабылдады, бірақ олар дұрыс жолды көрсетпеді. Алғашында төбелес пен тәртіп бұзу ерлік сияқты көрінетін. Кейін сол өмір салты әдетке айналып кетті. Полицияның есебіне алынған соң ғана ақыл кіре бастады. Қазір өзгеруге тырысып жүрмін. Егер отбасымда жылылық пен бақылау болғанда, бұл жолға түспес едім. Бала күнімнен маған ашуымды қалай басуды, өзімді қалай ұстауды ешкім үйретпеді. Сондықтан бәрін күшпен, айқаймен шешуге тырыстым. Психологтар өзімді тануды үйретті. Ішкі қорқынышым, ренішім бар екенін сол кезде білдім. Енді сол қателіктерді қайталамауға өзіме уәде бердім. Қазір сабағыма жауапкершілікпен қарап, болашағымды ойлай бастадым. Өмірімді өзгерткім келеді және соған дайынмын. Таңдау жасауға құқым бар екенін түсіндім. Маған сенген адамдардың үмітін ақтағым келеді. Енді өзіме де, айналамдағыларға да зиян келтірмей өмір сүруді көздеп отырмын, – дейді Асхат.
Асхаттың оқиғасын алға тартып психолог Айару Оңғарбаймен тілдескен едік. Психологтың айтуынша, баланың мінез-құлқы отбасындағы ахуалдың тікелей көрінісі болып саналады. Сондықтан бұзақылықты баланың қателігі ретінде емес, кешенді әлеуметтік-психологиялық мәселе ретінде қарау қажет.
– Отбасында тұрақсыздық, жанжал мен зиянды әдеттер жиі кездессе, бала өзін қауіпсіз сезінбейді. Ал қауіпсіздік сезімі жоғалған жерде агрессия мен қарсыласу мінез-құлқы бой көтереді. Ашық әңгіме мен сенімді қарым-қатынас орнату түзету жұмысын жеңілдетеді. Баланың сезімін елемеу оның қоғамнан алыстап, теріс ортаға бейімделуіне әкеледі. Профилактикалық шаралар тек мәселе ушығып кеткен кезде емес, ерте кезеңнен басталуы тиіс. Әсіресе, әлеуметтік осал отбасыларға ерекше назар аудару керек. Психологиялық қолдау баламен қатар ата-анаға да көрсетіледі, өйткені ата-ананың күйзелісі тікелей балаға әсер етеді. Баланың мінез-құлқындағы ұсақ өзгерістердің өзі дер кезінде назарға алынуы тиіс. Әр балаға бірдей тәсіл қолдану нәтиже бермейді. Әр адамның жеке ерекшеліктерін ескерген жөн. Баланың қабілеті мен қызығушылығын дұрыс бағытта дамыту – бұзақылықтың алдын алудың тиімді жолы. Жазалау шаралары ең соңғы құрал ретінде ғана қолданылғаны жөн. Негізгі мақсат – баланы қорқыту емес, оны қоғамға бейімдеу. Балаға сенім арту оның өзіне деген сенімін қалыптастырады. Сөйтіп уақыт өте келе жауапкершілік те пайда болады. Мейірім мен тұрақтылық орнаған ортада тәртіп табиғи түрде қалыптасады, – дейді Айару Нұржанқызы.
Ал облыстық полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің аға инспекторы Ботакөз Бақдәулетқызының айтуынша, өңірімізде жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мәселен полиция қызметкерлері, білім бөлімдері, комиссия мүшелері, жастар орталықтары және прокуратура қызметкерлерімен бірлескен мобильдік топ құрылып, 4965 рейдтік іс-шара ұйымдастырылған. Нәтижесінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің түрлі баптары бойынша 15 мың 141 әкімшілік хаттама толтырылып, 10 мың 723 жасөспірім полиция бөлімдеріне түрлі қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтар жасағаны үшін жеткізілген. Сонымен қатар жасөспірімдерден 107 тыйым салынған зат (97 пышақ, 10 кастет) тәркіленген.
Бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын 236 қолайсыз отбасы және қылмыс пен құқықбұзушылық жасаған 608 кәмелетке толмаған полицияның есебіне алыныпты. Қазіргі таңда полиция бөліністерінде 428 жасөспірім және 280 қолайсыз отбасы есепте тұр екен. Есепте тұрған кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен тұрақты түрде жеке профилактикалық жұмыстар жүргізіліп отырады. Бұл жұмыстардың барысында жасөспірімдердің мінез-құлқына, бос уақытын қалай өткізетініне, тұрғылықты жері мен отбасындағы жағдайына, сондай-ақ оқу үлгеріміне ерекше көңіл бөлінеді. Соған қарамастан, девианттық тәрбиедегі мінез-құлқына байланысты 26 жасөспірім арнайы режимдегі мектепке орналастырылыпты. 63 тұлға ата-ана құқығынан айырылып немесе шектелген, 235 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылған.
Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша 1457 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бүгінгі таңда облыс бойынша барлық білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмыстар жүйелі жүргізілуде. 243 бейресми көшбасшы жасөспірім анықталып, олармен жеке жұмыс ұйымдастырылған.
Буллинг пен кибербуллингтің алдын алу мақсатында психологтармен бірлесіп сауалнама жүргізілген. Нәтижесінде Қылмыстық кодекстің 194-бабы, яғни қорқыту бойынша 9 қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ буллинг және кибербуллинг әрекеттері үшін 34 тұлға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабымен жауапқа тартылған. Аталған фактілер кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың, оның ішінде бопсалау және әлімжеттік мәселелерінің өзекті екенін айғақтайды.
– Қазіргі таңда алдын алу шараларын күшейту, оқу орындарында түсіндіру жұмыстарын арттыру және ата-аналармен бірлескен профилактикалық кездесулер өткізу жұмыстарын жүйелі түрде атқарудамыз. Сонымен қатар бейресми көшбасшылармен жеке профилактикалық әңгімелер өткізіліп, олардың мінез-құлық ерекшеліктері мен әлеуметтік ортасы зерделенуде. «Kaspi Gold» және өзге де банк қосымшалары арқылы ақша бопсалау деректерінің алдын алу мақсатында ата-аналардың қатысуымен түсіндіру және тексеріс жұмыстары ұйымдастырылуда. Сонымен қатар қазіргі таңда жасөспірімдерге қатысты ашық сот отырысын өткізу жоспарлануда. Аталған фактілер бойынша қызметтік тергеп-тексеру жүргізіліп, жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандардың жасаған бұзақылық фактілері бойынша олардың 285 заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ алкогольдік өнімді тұтыну және масаң күйде болудың 58 дерегі анықталды. Түнгі уақытта қараусыз жүрген жасөспірімдер қылмыс жасауы немесе қылмыстың құрбаны болуы мүмкін. Ал түнгі уақыттағы бала өмірінің қауіпсіздігі үшін ата-аналар жауапты. Сол себептен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 442-бабына сәйкес кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүргені үшін 8606 ата-ананың жауапкершілігі қаралды. Сағат 22.00-ден кейін ойын-сауық орындарында балалардың заңды өкілінсіз болуына жол берген 287 мекеме иесі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 132-бабымен жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың алдын алу мақсатында оқу орындарында 13 мың 411 құқықтық тақырыпта сөз сөйлеу ұйымдастырылып, оның ішінде 10 мың 323 лекция оқылды. Интернет желілерінде және бұқаралық ақпарат құралдарында 3350 материал жарияланып, 418 «дөңгелек үстел» мен 1 348 ата-ана жиналысы өтті, – деді Б.Бақдәулетқызы.
Бала тәрбиесіне немқұрайдылық танытқан ата-аналарға әкімшілік шаралардың қолданылуы заң алдындағы жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Білім беру ұйымдарында жүргізіліп жатқан құқықтық түсіндіру жұмыстары ата-ана мен баланың құқықтық сауатын арттыруға ықпал етеді. Қорытындылай келе, кәмелетке толмағандар арасындағы барлық мәселенің алдын алу әрбір отбасының ортақ міндеті болып қала береді.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ



