Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МӘМС жүйесінде не өзгерді?

МӘМС жүйесінде не өзгерді?
Автор
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде медициналық көмек пакеттеріне және оны көрсету тәртібіне қатысты бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енді. Жаңа талаптарға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша диагностика, бақылау және емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында көрсетіледі. Ал созылмалы аурулары бар азаматтарға медициналық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы ұсынылады. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған өзгерістер Мемлекет басшысының 2024 жылғы Жолдауында жүктелген міндеттерді орындау аясында енгізіліп отыр. Президенттің тапсырмасына сәйкес, бюджет мүмкіндіктерімен теңгерілген және азаматтарға қажетті медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін бірыңғай базалық мемлекеттік медициналық көмек пакетін қалыптастыру көзделген. Осы бағытта бір жыл бойы кешенді жұмыс жүргізіліп, 2025 жылдың шілде айында Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен медициналық қызметтер көрсетуге қатысты өзгерістер мен толықтыруларды көздейтін заңға қол қойды. Заң нормаларының бір бөлігі 2025 жылдан бастап күшіне енсе, әлеуметтік маңызы бар және созылмалы аурулар тізбесіне қатысты өзгерістер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.

Жаңа тәртіпке сәйкес, ең маңызды өзгерістердің бірі – әлеуметтік маңызы бар ауруға күдік туған жағдайда қажетті тексерулер азаматтың сақтандыру мәртебесіне қарамастан тағайындалуы. Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек туберкулез немесе АИТВ инфекциясына күдік болғанда ғана қарастырылатын. Ал қатерлі ісік немесе бауыр циррозы қаупі анықталған жағдайда тексерулер тек сақтандырылған азаматтарға ғана жүргізіліп келген, себебі бұл қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне кірді.

Биылдан бастап туберкулез, АИТВ инфекциясы, қатерлі ісіктер, созылмалы вирустық гепатиттер мен бауыр циррозы, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жүйке жүйесінің дегенеративті аурулары, орталық жүйке жүйесінің демиелинизациялаушы аурулары, эпилепсия, жедел миокард инфаркті алғашқы алты ай ішінде, сондай-ақ инсульт бір жыл көлемінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында тексеріліп, емделеді. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар және кең таралған ауруларды ерте анықтауға арналған барлық скринингтік тексерулер, оның ішінде онкологиялық скринингтер де сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін жүргізіледі.

Сонымен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне диспансерлік есепте тұрған азаматтардың бірқатар созылмалы аурулары бойынша диагностика, бақылау және емдеу енгізіледі. Олардың қатарында қант диабеті, балалардың церебралды сал ауруы, дәнекер тіннің жүйелі аурулары, ревматизм, артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы мен өзге де жүрек аурулары, төменгі тыныс жолдарының созылмалы аурулары, бүйрек аурулары, ас қорыту жүйесінің аурулары, сондай-ақ сүйек-бұлшықет жүйесі мен дәнекер тін аурулары бар. Мұндай диагноздары бар азаматтар амбулаториялық және стационарлық жағдайда, оның ішінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мен қымбат дәрілік препараттарды алу мүмкіндігіне ие болады.

Елімізде қазіргі уақытта 1,5 миллион адам артериялық гипертония диагнозымен диспансерлік есепте тұр. Бұл ауру алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде тиімді басқарылатын диагноздарға жатады. Динамикалық бақылау дұрыс ұйымдастырылған жағдайда, пациенттің жағдайын толық бақылауда ұстауға болады. Мұндай азаматтарға кардиологқа уақытылы қаралу, жағдайын бағалау және дәрілік терапияны тағайындау үшін қажетті тексерулерден өту маңызды. Олардың қатарында электрокардиография, холтерлік мониторинг және тәулік бойы артериялық қысымды бақылау бар. Мамандардың айтуынша, созылмалы аурулардың асқынуы көбіне пациенттердің дәрігер ұсынымдарын толық орындамауынан туындайды.

Денсаулық сақтау саласының статистикасына сәйкес, елімізде жыл сайын ми қан айналымының және жүрек бұлшықетінің бұзылуына байланысты инсульт пен инфаркттің 50 мыңға дейінгі жағдайы тіркеледі. Мұндай ауруларды емдеу құны заманауи жоғары технологияларды қолдануға байланысты 7 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Ал амбулаториялық диализ алатын бір пациентке жұмсалатын жылдық орташа шығын шамамен 5 миллион теңгені құрайды. Осы тұрғыда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – азаматтарды күтпеген жоғары медициналық шығындардан қорғау.

Жүйеге жылына 51 мың теңге көлемінде жарна төлей отырып, азаматтар медициналық қызметтердің толық пакетін пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Бұл күтпеген шығындардан қорғануға және денсаулық жағдайын тұрақты бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Айта кету керек, аталған диагноздары бар азаматтардың басым бөлігі жеңілдік санаттарына жатады және мемлекет есебінен сақтандырылған. Тағы бір бөлігі D және E санаттарына кіреді, олар 2026 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдардың жарналары есебінен сақтандырылатын болады. Ал экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтар өз денсаулығы үшін жауапкершілікті бөлісуге қабілетті.

Енгізілген өзгерістер денсаулық сақтау жүйесінің қаржыландыру моделін сақтандыруға негізделген жүйеге жақындатуға мүмкіндік береді және бұл бағыт бастапқыда жоспарланған реформаларға толық сәйкес келеді.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Шайды да таңдап ішіңіз
Алдыңғы мақала
Шайды да таңдап ішіңіз

Ұқсас жаңалықтар