Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Дана Қасқатаева «Апамның шайы Premium gold», «Sultan Suleyman», «Pakistan tea», «БАЛҚИЯ Premium gold», «Aje Onim», «Al-Hayat Gold», «Al-Jannat Premium», «Alfarah» шайы өнімдерінің құрамынан тыйым салынған бояғыштар анықталғанын айтады. Атап айтқанда, денсаулыққа аса қауіпті E110, E102 және E124 тағамдық бояғыштары табылған. Ал бұл қоспаларды күнделікті ішетін шайға қолдануға мүлде болмайды. Мысалы, E110 шайға күн батар кездегідей сарғыш-қызғылт рең берсе, E102 (тартразин) өнімді қызыл түске бояйды. Ал E124 бояғышы астмасы бар адамдарға аса қауіпті, ол аллергиялық реакциялар туғызып, денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Бұл шайларды жиі тұтынса, ол ағзада жинақтала келе, асқазан-ішек жолдарына жүктеме түсіріп, бауырға кері әсер етеді.
– Осы жолы біз нарықта кеңінен таралған шай өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне тексеру жүргіздік. Еліміздің барлық өңірінде орналасқан ірі сауда орындарынан, сауда нүктелерден, ауладағы дүкендерден, қоймалардан өнімдер сатып алынып, арнайы зертханада құрамына, сапасына сараптама жасалды. Бұл жұмысқа Денсаулық сақтау министрлігінің Санэпидбақылау комитетінің аймақтық департаменттері, олардың облыстық, қалалық және аудандық басқармаларының мамандары тартылды. Зерттеу нәтижесінде халық көп тұтынатын шай өнімдерінің құрамынан тыйым салынған бояғыштар анықталды. Сонымен қатар бұлар жалған өнім ретінде танылды. Себебі қаптамада көрсетілген өндіруші туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Өндірушінің атауы, мекенжайы және басқа да деректер жалған болып шықты, – дейді бас сарапшы.
Тергеу барысында шай өнімдерін өндірумен заңсыз айналысқан 7 өндіруші анықталған.
Қазақстан – шайды көп тұтынатын елдердің қатарында. Бірақ шай ішуден Түркия, Марокко, Ирландия мен Ұлыбританиядан кейінгі бесінші орында тұрмыз. Бір адам орташа есеппен жылына 1,5 келі шай ішеді.
Осы тұста шайға қатысты тағы бар маңызды ақпаратты айта кеткенді жөн санап отырмыз. Өткен түннен қалып қойған немесе қайта қайнатылған шай денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Дәрігерлер мұндай шайда зиян заттар жиналатынын, жылы орта бактериялар пайда болуына ықпал ететінін ескертеді.
Суып қалған шай, әсіресе, дайындалғаннан кейін бір күн өткен соң ішкен сусын ағзаға айтарлықтай зиянын тигізеді. Бұл туралы «Доктор Питер» басылымына берген сұхбатында терапевт, диетолог Елена Трускова былай дейді:
– Бірнеше күн бұрын қайнатылған шай қауіпті екенін ұмытпау керек. Бұл тарихтан да белгілі. Жапонияда кешеден қалған шайды улы затқа теңеген, оны «жылан шағудан да жаман» деп санаған. Ал қытайлықтар ұзақ уақыт бұрын қайнатылған және суып қалған шайды табиғи у деп санаған. Өйткені пайдалы заттардан бөлек шай құрамында зиян алкалоид гуанин бар, ол уақыт өте келе шай жапырақтарында жиналады, – деді дәрігер, диетолог Елена Трускова.
Айжан ӨЗБЕКОВА
МӘМС жүйесінде не өзгерді?
Ұқсас жаңалықтар
Президент тапсырмасы: Биыл медицина мамандарының еңбекақысы көтеріледі
- авторAR-AY
- 9 қаңтар, 2026


