Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ұлт кемеңгерінің ықпалы

Ұлт кемеңгерінің ықпалы
Автор
Қазақтың тұңғыш олимпиада чемпионы, белгілі палуан, Қазақстанның Еңбек Ері, біртуар азамат Жақсылық Үшкемпіровпен біраз жыл араласып, сыйласып, бірімізді-біріміз құрметтеп жүрдік. Таразға жолы түссе телефон шалып, кездесіп, дидарласып қалуды әдетке айналдырған едік. Бірде сөзден сөз шығып, әңгіме реті Димаш Ахметұлы Қонаевқа ауды. Сонда Жақсылық: «Мен Димаш ағаның жақсылығын, шапағатын көп көрдім. Егер оның маған деген қамқорлығы болмағанда, мүмкін мен спортта осындай биік дәрежеге жете алмас па едім, оны бір Алла біледі», – деп қалды. Әңгімеге араласып отырғандардың құлақтары бұл сөзге елең етіп, оған кейбіреулердің тіпті таңданыс білдіргені жүздерінен байқалып тұрды. «Онда сол әңгімеңізді айтыңызшы», деп қолқа салды Жақаңа жақын отырған Алтай Райқұлов деген азамат. Ж.Үшкемпіров жымия күліп: «Е, ол өзі бір қызық әңгіме, тіпті, газет-журналдарға жазылмаған оқиға десем де болады», – деп ортамыздағыларды ынтықтыра түсті.

– Үлкен спортқа ену мен үшін жеңіл болған жоқ. Қанша жылдар бойы күреспен айналыссам да спорттағы билік иелері, олимпиада комитетінің басшылары, бас жатықтырушылар менің жанқиярлық еңбегіме, талпынысыма, жігеріме, күрес шеберлігіме оңды баға бермей, маңызды біріншіліктерге, чемпионаттарға қатыстырмай, «көлеңкеде» ұстап жүрді. Мысалы, 1976 жылдағы олимпиадаға барамын деп әбден дайындалып, өзімді қайрап жүргенімде, мені көпе-көрінеу ығыстырып, Ресейдің палуаны Алексей Шумаковты КСРО олимпиада командасына қосты да, мен сыртта қалдым. Соны көріп, ренжіп, жолымда кедергінің көп екенін ұғып, бұлынғыр болашағымды болжай отырып, «ортамызда әділетсіздік тыйылмай, менен ештеңе шықпас, спорттан кетуім керек» деп ойға келіп, көңілім құлазыған сәттер бола бастады. Тіпті, күйзелістен спортттық жаттығуларға бармай қалған күндерім жиілей түсті. Алты айдай боз кілемге шықпаған кезеңім де болды. Менің  ол күйімді естіп-білген Казақстанның дене шынықтыру  және спорт комитетінің сол кездегі төрағасы Аманша Сейсенбекұлы Ақбаев шақырып алып: «Жақсылық, соңғы кезде сені спортқа қырын қарап, жаттығуға бармай жүр деп естідім. Дұрыс емес. Сен әлі талай жетістіктерге жетеді деген үміттеміз. Сондықтан жаттығуларыңды әрі қарай жалғастыр. Мына көңілден арыл, жабырқама...», – деп кеңес берді.

Бір-екі күннен кейін кабинетіне екінші рет шақырып: «Жақсылық, ертең таңертең екеумізді Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев қабылдайтын болды. Соған дайындал, бірге барамыз...», -деп шығарып салды.

Димаш Ахметұлы бізді жайдарлы қабақпен, жарқын пейілмен кабинетінде қарсы алды. Хал-жағдайымыз, спорттағы жетістіктер, Мәскеуде 1980 жылы өтетін олимпиада ойындарына дайындығымыздың барысы жайлы әңгіме қозғады. Бір кезде маған бұрылып: «Жақсылық,  үлкен спорт саласында жүрген өзің сияқты қаракөздер көп емес. Елдің атын шығаратын білім, мәдениет және спорт. Елдің атын шығаратын спорт майталмандарының бірі өзіңсің. Неге соңғы кезде спортқа селқостық танытып жүргеніңмен хабардармын. Ол мінезіңді таста, эмоцияға берілме. Ертеңнен бастап жаттығуларыңды қайта баста, жалқауланба. Әрі қарай іс біздікі. Қазақтың атын сендер  шығармасаңдар, кімдер    шығарады? Алдағы Олимпиадаға барасың. Мен саған жанкүйер боламын», -деп әр сөзін шегелеп, сәттілік тілеп, батасын берді. «Олимпиадаға қатыссам, Димаш аға Ахметұлы, сіздің сеніміңізді ақтаймын. Оған уәде беремін», - деп шын көңілмен жауап қайтардым. Димаш ағаның сол сөзі маған қамшы болып тиді. Намыс оты найзағайдай ойнап, рухтанып, бойыма күш-қуат жинап ертеңіне қайта жаттығуыма кірістім, аянбай тер төктім. Кейін білдім, сол күні-ақ Дінмұхамед Ахметұлы Мәскеудегі Олимпиада комитетіне телефон шалып, басшылардан мені олимиада ойындары командасына қосуға өтініш білдіріпті. Ол өтінішін, тіпті, сөз реті келгенде КСРО-ның компартиясының бас хатшысы Л.И.Брежневке  де жеткізіпті.

Кейінгі менің олимпиадағы жетістіктерім,  спорттағы  табысым бәріңе белгілі. Димаш ағаның бір сөзі, сенімі мен тілегі менің төбемді көкке жеткізді. Егер олай болмағанда, кім біледі, бәрі басқаша болуы да мүмкін еді ғой...»,  деп әңгімесіне түйін қойған еді Жақсылық.

Ұлтымыздың кемеңгер ұлы Д.Қонаевтың шапағатын, қамқорлығын, қолдауын көрген жандар аз емес. Соның бір «түйірі» біз жоғарыда  баяндаған оқиға. Тіпті Димаш ата қалқаншадай бойы бар, қоңыр қозыдай сүйкімді Жақсылық Үшкемпіровті  «менің бір жапырағым» деп мейірлене қарап,  құрметтейді екен.

Қазақстанды ширек ғасыр басқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ардақты есімі ел есінде мәңгі сақталады. Ол басшылық еткен жылдары республикамыздың өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы, мәдениеті мен руханияты қарышты қадаммен дамып, еліміз аграрлы елден аграрлық-индустриялық елге, мәдениеті мен өнері, білімі мен ғылымы шарықтап өскен алдыңғы қатарлы республикаға айналды. Ол кісінің тұсында елімізде 27 өндірісті қала салынып, жер асты байлықтарын жаппай игеруге қол жетті. Астық өндіру 3 миллионнан 7 миллион тоннаға, қой саны 16 миллионнан 37 миллионға, ірі қара 4 миллионнан 10 миллионға өсті. Дінмұхамед Ахметұлының өз сөзімен айтқанда, ол елді басқарған  жылдар ішінде бір Қазақстанды 7 Қазақстан етіп өсірді. Ол экономикамен қатар, білім мен ғылым саласын дамытуға айрықша көңіл бөлді. Жоғары оқу орындарының саны 26-дан 55-ке дейін, студенттер қатары 70 мыңнан 275 мыңға дейін, олардағы профессор-оқытушылар саны 9 мыңнан 22 мыңға дейін жетті. Барлық облыстарда мұғалімдер даярлайтын педагогикалық институттар ашылды. Ел алдындағы ерен еңбегі үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі Д.А.Қонаев үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Мұндай құрметке, халық сүйіспеншілігіне бөленген қайраткер жоқтың қасы. Қанша жылдар өтсе де ел-жұрт оның есімін аялап, естеліктер айтып, тіпті аңызға айналдырып, жылы лебіз білдіріп отырады. Оның есімі Алматы облысының қазіргі орталығы, бұрынғы Қапшағай қаласына берілді. Бірнеше қалаларға ескерткіші орнатылып, көшелерге аты берілді, музейлер ашылып, арнайы қор құрылды, біраз кітаптар баспалардан шықты. Бұдан артық мына фәни дүниеде адамға қандай бақыт керек?!

Иә, Димаш Ахметұлының өмір жолы, халқын құрметтеуі, ел-жұртпен араласуы, қарапайым еңбек адамына деген көзқарасы барлығы әлі күнге дейін халық аузында жүр. Қандай қызметте, не бір биікте жүрсе де ол «Елден үлкен емеспіз» деп халқымен бірге болды.

Ұлт кемеңгері Дінмұхамед Қонаевтың есімі халқымен бірге жасай бермек.

                                           Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина профессоры,

       Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар