Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қатерлі ісікті ерте анықтау – басты басымдық

Қатерлі ісікті ерте анықтау – басты басымдық
Автор
Облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының 2025 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, өңірдегі онкологиялық ахуалды саралаған маңызды кеңес өтті.

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Отарбайдың қатысуымен өткен бұл жиында қатерлі ісіктің асқынған жағдайлары мен олардың алдын алу шаралары егжей-тегжейлі талқыланды.

Отырыс барысында орталық директорының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Александр Тин баяндама жасап, 2025 жылдың төртінші тоқсанында тіркелген науқастарға терең талдау жүргізді. Ол өз сөзінде аурудың асқыну деңгейін төмендетуге бағытталған жаңа әдістер мен кешенді шараларды таныстырып, бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.

Басқосуда әсіресе көзбен шолып анықтауға болатын қатерлі ісіктер бойынша асқынған жағдайларды азайту мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл ретте тұрғындардың скринингтік тексерулерден уақытылы әрі жүйелі өтуі, қарау кабинеттерінің сапалы жұмысы және жалпы практика дәрігерлерінің қатерлі ісіктерді ерте кезеңде анықтаудағы қырағылығы басты назарда болды. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары басшыларының орынбасарлары мен жалпы практика дәрігерлері аты-жөні көрсетілген 10 науқас бойынша жеке талдау жасап, дерттің асқынуына әсер еткен нақты себептер мен факторларға түсініктеме берді.

Күн тәртібінің келесі бөлігінде 2025 жыл бойынша облыс тұрғындарына көрсетілген онкологиялық көмектің жалпы қорытындылары ұсынылды. Онда онкологиялық қызметтің негізгі көрсеткіштері, межелі индикаторлардың орындалу барысы және ахуалдық орталықтың атқарған жұмыстары қамтылды.

Жиынға қатысушылар алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары бөлінісіндегі нәтижелерді талқылап, «Онко-1», «Онко-2», «Онко-3» есептік нысандары бойынша құжаттарды жүргізудегі жауапкершілік мәселесін пысықтады. Мамандар аталған бағыттар бойынша арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кеткен кемшіліктерді жою жолдарын көрсетті.

Келешекке жоспар құру мәселесі де назардан тыс қалмады. 2026 жылға арналған скринингтік бағдарламаларды жоспарлау аясында АМСК ұйымдарының басшыларына нысаналы топты тексерумен қамту деңгейін кемінде 80 пайызға жеткізу тапсырылды. Бұл міндет әсіресе жатыр мойны обыры, сүт безі обыры және тоқ пен тікішек обыры секілді қауіпті дерттерді ерте анықтауға бағытталған. Сонымен қатар, 2026 жылдың сәуір айында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мамандарының қатысуымен онкологиялық қырағылықты арттыруға арналған үлкен оқыту семинарын өткізу жоспарланды.

Отырыс соңында қатысушылар онкологиялық қызмет пен ахуалдық орталықтың жұмысына қатысты көкейкесті сұрақтарын қойып, мамандардан тұщымды жауаптар алды.

Жиынға Тараз қаласы мен аудандық ауруханалардан барлығы 42 маман, оның ішінде онкологтар, маммологтар, терапевтер мен бас дәрігерлердің орынбасарлары қатысып, өзара тәжірибе алмасты.

 

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау

басқармасының баспасөз қызметі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар