Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Айша бибі» – жаңа мүмкіндік алаңы

«Айша бибі» – жаңа мүмкіндік алаңы
Автор
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының «Айша бибі» әйелдер көшбасшылық мектебінің ресми ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараға партияның облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, Әйелдер қанатының мүшелері, «Әйел аманаты» жобасы аясында іріктелген 100-ге жуық әйел, облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, қоғам қайраткерлері мен ардагерлер қатысты.

Жиын барысында әйелдердің көшбасшылық қабілеттерін дамыту, олардың басқару үдерістеріне белсенді араласуын қамтамасыз ету және өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті кадрлар пулын қалыптастыру мәселелері кеңінен қозғалды.

Салтанатты жиынды «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов ашты.

– «Айша бибі» әйелдер көшбасшылық мектебі М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің қолдауымен ашылды. Қазақ халқы ежелден әйелдің рөлін ерекше бағалаған, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бекер айтылмаған, бесікті түзейтін – ана, ал ана тек отбасының ғана емес, тұтас қоғамның тәрбиешісі. Демек, әйел көшбасшылығы біздің дәстүрімізге жат емес, керісінше, тамыры тереңде жатқан құндылық. Ақылымен елге жол көрсеткен аналарымыз – нағыз көшбасшылар. Қазіргі жаңа Қазақстанда әйелдің рөлі тек отбасымен шектелмейді, бүгінгі әйел – білімді, белсенді, қоғамдық және саяси өмірде шешім қабылдайтын тұлға. Бүгінде «AMANAT» партиясы мүшелерінің басым бөлігін әйелдер құрайды. Дегенмен басқару құрылымдарында әйелдердің үлесі әлі де жеткіліксіз, облыстық мәслихатта әйелдердің үлесі 25 пайыз болса, аудандық және қалалық деңгейде одан да төмен. Мемлекеттік қызметте әйелдердің әлеуеті жоғары болғанымен жауапты лауазымдарға тағайындалуы баяу жүріп жатыр. Осыған байланысты партияның Әйелдер қанаты кәсіби әрі білікті әйелдерден тұратын кадрлық резерв қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. «Tomiris» жобасы аясында әйелдер оқытудан өтті, ал бүгін «Әйел аманаты» жобасы шеңберінде «Айша бибі» мектебін іске қосып отырмыз. Бұл мектепте өңірдің түкпір-түкпірінен іріктелген 100 әйел білім алады және біз олардың әрқайсысы болашақта өз саласында көшбасшы болады деп сенеміз. Бұл жоба тек әйелдер үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін маңызды. Әрбір қатысушы алған білімін өмірде тиімді қолданады деп ойлаймыз. Осы бастаманы жүзеге асыруда қолдау көрсеткен университет ұжымына алғысымды білдіремін. Олардың ғылыми-педагогикалық әлеуеті мектептің сапалы жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бұл мектеп – әйелдердің өз мүмкіндігін тануына, ішкі әлеуетін ашуына және қоғамдағы орнын айқындауына берілген үлкен мүмкіндік, – деді Д.Бейсенқұлов.

Жиында сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің басқарма төрағасы – ректоры Ләззат Еркінбаева да бастаманың жемісті болатынына сенім білдірді.

Іс-шара барысында «Айша бибі» әйелдер көшбасшылық мектебін бірлесіп жүзеге асыру туралы ынтымақтастық меморандумына қол қою рәсімі өтті.

Келесі кезекте көшбасшылық мектебінің оқу модульдері таныстырылды. Онда көшбасшылықтың теориялық негіздері, жеке даму, тиімді коммуникация, шешім қабылдау және қоғамдық белсенділік бағыттары қамтылатыны айтылды. Сонымен қатар тәжірибелік тапсырмалар арқылы қатысушылардың алған білімдерін нақты өмірде қолдану дағдыларын қалыптастыру көзделгені атап өтілді.

Жиында облыстық мәслихаттың депутаты Айгүл Акшалова «Әр әйел – әлеуетті көшбасшы» тақырыбында сөз сөйлеп, өз тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ Байзақ ауданы, Бәйтерек ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Қарлығаш Исақова да көшбасшылықтың мәні мен жауапкершілігі туралы ой қозғады. Спикерлердің мазмұнды әрі жігерлендіретін сөздері қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.

Іс-шара соңында қатысушыларға алғашқы оқу модулінің басталғаны хабарланып, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің өкілі, психология ғылымдарының кандидаты Шолпан Тұрдалиеваның жүргізуімен «Көшбасшылық негіздері» тақырыбында сабақ өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар