Уақыт зымырай ма, әлде біз асығып жүрміз бе?
- author AR-AY
- 8 қаңтар, 2026
- 33
Ғалымдар уақыттың физикалық тұрғыда өзгермейтінін, алайда адамның оны қабылдауы жасына, тәжірибесіне және эмоциялық күйіне байланысты түбегейлі өзгеретінін айтады.
Мичиган университетінің профессоры, когнитивті ғылымдар мен когнитивті нейроғылым саласының жетекші маманы Синди Люстиг бұл құбылысты адамның жадымен тікелей байланыстырады. Оның айтуынша, біздің күндерді, апталарды, жылдарды қалай сезінетініміз – бәрі перспективаға байланысты. Ғалымның түсіндіруінше, балалық шақта әрбір оқиға жаңа, әсерлі болғандықтан, ми оны егжей-тегжейлі сақтайды. Сол себепті уақыт ұзаққа созылғандай сезіледі. Ал ересек өмірде күндердің бірсарынды өтуі жадыда айқын із қалдырмай, артқа қарағанда жылдардың көзді ашып-жұмғанша өте шыққандай әсер беруіне себеп болады.
Сегіз жасар бала үшін бір апта – өмірінің елеулі бөлігі болса, сексен жастағы адам үшін ол ұзақ жолдың шағын ғана бөлшегі. Осы салыстырмалы айырмашылық адамның уақытты жылдам өткендей сезінуіне ықпал етеді деседі. Демек, мәселе уақыттың өзінде емес, оны қабылдайтын санада болып тұр ғой.
Алайда қазіргі қоғамда бұл сезімді күшейтетін өзге де факторлар бар. Психолог Мөлдір Өнерқызының айтуынша, бүгінгі адам уақытты емес, уақыттың адамды басқаруына жол беріп алған.
– Соңғы кездері әрбір жанның уақыттың жылдам өтіп жатқанын сезінуінің себептерінің бірі – адам уақытты емес, уақыттың адамды басқаруында екенін түсінбеуі. Мұны біз ақпараттар легін қабылдау барысында жеке шекараның жеткіліксіздігінен байқаймыз. Жеке шекараны адамдар арасында ғана емес, бізге келіп жатқан ақпараттар арасында да ұстану қажет екенін кейбір жандар ескере бермейді. Шын мәнінде уақыт өзінің табиғи ырғағымен өтіп жатыр, тек адам сол ырғаққа бейімделе алмай жүр. Адамзат уақыт ырғағына сәйкестене алмағандықтан, түкке үлгермей жатады. Ал уақыт ырғағымен үйлесіп өмір сүру адамның өмірге келгендегі негізгі миссияларының бірі, – дейді Мөлдір Сабербекова.
Осы үйлесімді табу үшін маман ақпаратты сүзгіден өткізу, табиғатпен байланыс орнату, өзін дамыту, нақты мақсат қою, өмірді бар қалпында қабылдау және жоспармен өмір сүру секілді қарапайым, бірақ маңызды қағидаларды ұсынады. Бұл әрекеттер уақыт еншісіндегі істерді жүйелеп, өмірді басқаруға мүмкіндік береді. Өйткені өмір уақытпен өлшенеді.
Уақыттың жылдам өтуі діни тұрғыдан да терең мағынада қарастырылады. Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Нұрлан Мұрат бұл мәселені ислам дереккөздеріндегі түсінікпен байланыстырады.
– Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде қиямет күні жақындаған кезде уақыттың қысқаруы болады деп баяндалады. Бірақ бұл жерде тәуліктің азаюы емес, уақыттың берекесінің кетуі меңзеледі. Яғни уақыт бұрынғыдай жиырма төрт сағат, жеті күн, бір ай, бір жыл болып қала береді, бірақ адам сол уақыттың пайдасын көрмей қалады. Уақыттың берекесіз көрінуінің тағы бір себебі – адамдардың жауапкершілігі мен уайым-қайғысының көбеюі. Адам таңертең тұрады, жұмысқа барады, кешке үйіне қайтады. Күнделікті осындай күйбең тірлікпен жүрген соң, уақыттың қалай өткенін аңғармай қалады. Сол себепті күн де, жыл да зымырап өткендей сезіледі. Сонымен қатар уақытты дұрыс пайдаланбау да осы сезімге әкеледі. Қияметке жақындаған уақытта адамдар уақытты дұрыс қолданбайды. Уақытын білімге, ғылымға, пайдалы іске немесе құлшылыққа жұмсамаған соң, ол уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалады», – дейді Нұрлан Мұрат.
Имам қазіргі технологиялық дамудың да бұл құбылысқа әсер етіп жатқанын айтады. Бұрын бірнеше сағат немесе бірнеше күнді алатын жұмыстардың бүгінде санаулы секундта орындалуы уақытты үнемдегендей көрінгенімен, адамның бос уақытын мәнсіз дүниелерге жұмсауына жол ашады. Әлеуметтік желілер мен түрлі техникалық құралдар адамды үздіксіз алаңдатып, уақыттың қалай өтіп кеткенін сездірмей қояды.
Ғылыми зерттеулер уақытты қабылдауға эмоцияның да тікелей әсер ететінін дәлелдейді. Қорқыныш кезінде секундтар ұзаққа созылғандай, ал қуаныш пен қызығушылық үстінде уақыттың зымырап өткенін байқамай қаламыз. Демек, уақыттың «жылдамдығы» адамның ішкі күйінің көрінісі.
Қазақ әдебиетінде де уақыт тақырыбы терең философиялық оймен өрілген. Мұқағали Мақатаевтың:
«Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды мына өмірді,
Өтпейтіндей көретін адамдарға!» – деген жолдары уақыттың адамға бағынбайтынын еске салады.
Дегенмен, уақытты тоқтату мүмкін болмаса да, оны мағыналы өткізу әркімнің өз қолында.
Бүгінгі адамға уақытты баяулату – өткенге қашу емес, қазіргі сәтті толық сезініп өмір сүру деген сөз. Саналы таңдау жасау, артық ақпараттан арылу, рухани және психологиялық тепе-теңдікті сақтау арқылы ғана уақыттың берекесін қайта сезінуге болады. Уақыт зымырап жатқан жоқ. Біз тек оны қалай өмір сүріп жатқанымызды қайта ой елегінен өткізуге тиіспіз.
Айжан ӨЗБЕКОВА




