Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жамбыл спортында жетістік жетерлік

Жамбыл спортында жетістік жетерлік
Автор
Уақыт өз еншісіне тағы бір жылды алып, 2025 жыл тағылымы мен табысы мол кезең ретінде ел жадында қалды. Бұл жыл қоғам өмірінің көптеген саласына серпін беріп, жаңғыру мен жаңарудың айқын көрінісіне айналды. Соның ішінде спорт саласының дамуы ерекше қарқын алып, жарқын жеңістерімен жұртшылықты қуантты.

Тарихы терең Әулиеата өңірі спорт саласында да өзіндік орны бар, талай дарынды спортшыларды түлеткен аймақ ретінде кеңінен танылған. ХХ ғасырдың соңынан бастап-ақ жамбылдық спортшылар халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге жетіп, өңірдің спорттық әлеуетін айқын дәлелдеп келеді.

Былтырғы жыл да әулиеаталық спортшылар мен сала мамандары үшін табысты кезең болды. Өңірде спортты дамытуға бағытталған кешенді шаралар мен ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылған. Бұқаралық спортты дамыту, балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарту, сондай-ақ кәсіби спортшыларды даярлау бағыттарында нақты жұмыстар атқарылған.

Облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты 57 спорт мекемесі бекітілген жоспарлар аясында өз қызметтерін толық көлемде орындапты. Аталған мекемелерде спорттық инфрақұрылымды нығайту, материалдық-техникалық базаны жаңарту, жаттықтырушылар құрамының біліктілігін арттыру мәселелеріне басымдық беріліп, нәтижесінде спортшыларды даярлау сапасы жақсарып, жарыстарда қол жеткізілген жетістіктер саны артқан.

Облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимовтың айтуынша, былтыр 3 облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылып, 2 спорт мекемесі спорт клубы ретінде қайта құрылыпты. Сондай-ақ Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.

– Спорттың барлық түрлері бойынша Ұлттық құрама сапын жүйелі түрде жаңартып отырмай, халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізу мүмкін емес. Осы орайда өңірде спортты дамытуға бағытталған кешенді жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Қазіргі уақытта облыстағы спорт мекемелерінде 27 507 спортшыны 1 136 білікті жаттықтырушы тұрақты оқу-жаттығу үдерісімен қамтып отыр. Бүгінгі таңда 858 жамбылдық спортшы түрлі деңгейдегі Ұлттық құрама командалардың сапына енген. 2025 жылы облыс спортшылары республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, барлығы 1 856 медаль (686 алтын, 515 күміс, 655 қола) жеңіп алды. Сонымен қатар 17 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанса, 113 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындады. Сондай-ақ 10 жаттықтырушыға «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы» құрметті атағы берілді. Спортшылардың әрбір жеңісі өңір спортының қарқынды дамып келе жатқанының айқын көрінісі. Олар облыс абыройын асқақтатумен қатар, ел намысын лайықты қорғауда. Мәселен, қазақ күресінен өткен әлем чемпионатында Рауза Нұрмағанбетова мен Нұр Аманшүкіров алтын жүлдеге ие болып, Аружан Адасхан қола медальді қанжығасына байлады. Сондай-ақ әскерилер арасындағы қазақ күресінен өткен тұңғыш әлем чемпионатында Рауза Нұрмағанбетова, Ғалымжан Қырықбай және Ернұр Сүлеймен жеңімпаз атанса, Сағат Байғараева күміс, Айдар Бескемпір қола жүлдеге қол жеткізді. Жамбыл өңірі бокс спорты бойынша республикаға ғана емес, халықаралық аренаға да танымал мықты былғары қолғап шеберлерін тәрбиелеп шығарған киелі мекен. Серік Қонақбаев, Ермахан Ибраимов, Бахтияр Артаев, Болат Жұмаділов, Болат Ниязымбетов сынды саңлақтар қазақ боксының тарихына еніп, шаршы алаңда еліміздің абыройын асқақтатқан тұлғалар ретінде тарихта қалды. Бүгінде осы даңқты дәстүрді Асланбек Шымбергенов, Дулат Бекбауов, ағайынды Нұрбек пен Айбек Оралбай сынды боксшылар лайықты түрде жалғастырып келеді. Соның нәтижесінде жамбылдық былғары қолғап шеберлері кез келген деңгейдегі жарыста қаймықпай, жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Атап айтқанда, Диас Молжігітов әлем кубогында үшінші орынға ие болса, жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Диляра Тұрсынбек чемпион атанды. Сонымен қатар Эльнура Қоңырат күміс жүлдеге қол жеткізсе, Айдана Әбдікерім мен Мейіржан Шәді қола медаль иегерлері атанды. Бокстан U19 және U22 жас санаттары бойынша өткен Азия чемпионаттарында Досымжан Таңатар, Виктория Байдукова және Жібек Жарасқызы алтын медаль жеңіп алып, ел мерейін үстем етті. Ал Илья Калинин мен Бибарыс Әшірбай аталған додада күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында Мұхамедәлі Рүстембек пен Эльнура Қоңырат күміс медальды қоржынға салды. Кәсіпқой бокста да жамбылдық спортшылар жарқын жетістіктерге жетіп жүр. Атап айтқанда, Ангелина Лукас IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын сәтті қорғап, өңір спортының абыройын халықаралық деңгейде тағы бір мәрте асқақтатты, – деді Ернар Таласбекұлы.

Жамбылдық спортшылар еркін күрес, грек-рим күресі және дзюдо спорт түрлерінен де жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өңір намысын абыроймен қорғап келеді. Сала басшылығы ұсынған мәліметтерге сәйкес, еркін күрестен Рахат Қалжан Азия чемпионатының қола жүлдегері атанса, Жамашбек Бекжан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында үшінші орынға ие болыпты. Сонымен қатар Нұрданат Айтанов U20 жас санаты бойынша өткен Азия чемпионатында күміспен күптелсе, әлем чемпионатында қола жүлдені еншілепті.

Грек-рим күресінен де жамбылдық балуандардың жетістігі көңіл қуантады. Атап айтқанда, Юсуф Ашрапов әлем чемпионатында қола жүлдені қанағат тұтса, жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде Марлен Мейірбекұлы үшінші орынға тұрақтады.

Сондай-ақ дзюдо спортынан да облыс спортшылары халықаралық ареналарда табысты өнер көрсетуде. Нұрқанат Серікбаев Дүниежүзілік Универсиадада қола медаль иеленсе, Іңкәр Құралбай жастар арасындағы Азия чемпионатында чемпион атанған.

– Футболдан облысымыздың жасөспірімдер құрамасы Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы атанды. Ал спорт күніне орай сала қызметкерлері арасында ұйымдастырылған республикалық спартакиадада облыс құрамасы жалпы командалық есепте күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ көкпардан облыстың жастар құрамасы Қазақстан чемпионатында топ жарды. Ерекше айта кетерлік жайт, облыстың көкпар құрамасы кезекті рет мықтылықтарын дәлелдеп Қазақстан Республикасының 15 дүркін чемпионы атағына қол жеткізді. 2025 жылдың басты додасы саналатын Токиода өткен Сурдлимпиада ойындарының ашылу салтанатында еліміздің көк байрағын жамбылдық Айдос Түгелбаев пен Анна Краморова көтеріп шықты. Байрақты бәсекеде жамбылдық 12 спортшы 7 спорт түрінен бақ сынап, 1 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Айдос Түгелбаев дзюдодан жеңімпаз атанса, Фериде Кара-оглы күміс медальға, Анна Краморова күміс және қола медальға ие болды. Еркін күрестен Ғабит Есжанов күміс жүлдені, Ғасыр Тұрғынбай қола жүлдені қанжығалады. Еркін күрестен облыс құрамасы командалық есепте бесінші рет қатарынан ел чемпионы атанды. Бұл жеңістер әулиеаталық спортшылардың жыл көлеміндегі жеңісті жолының бір парасы ғана.  Жоғарғы спорт жетістігіне жету үшін бұқаралық спорт саласында денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылардың санын арттыру басты мақсат. Жалпы 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста жүйелі түрде спортпен шұғылданушылар қатары 514,9 мың адамға немесе облыс тұрғындарының 44,8 пайызына жетті. Облыс тұрғындарын денешынықтыру және спортпен жүйелі айналысуға тарту үшін жұмыс жүргізіп жатқан спорт нұсқаушыларының қатары 290-ға жетті. Нәтижесінде шалғай елді мекендерде ұйымдастырылған спорттық іс-шаралардың саны ұлғайып, сапасы артты және қатысушылары көбейді. Бұл өз кезегінде облыста бұқаралық спорттың дамуына ықпалын тигізіп отыр. Жыл басынан бері 4 286 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 399 мыңнан астам адам қамтылды, – дейді Е.Ибраимов.

Әрине спорт саласының дамуы ең алдымен заманауи әрі қолжетімді спорттық инфрақұрылымның болуына тікелей байланысты. Осы бағытта өңірде жүйелі жұмыстар атқарылып, халықтың салауатты өмір салтын ұстануына қолайлы жағдай жасалуда. Қазіргі таңда облыста спортты дамыту мақсатында бірқатар жаңа спорт нысандарының құрылысы жүргізіліп, кезең-кезеңімен ел игілігіне берілуде. Атап айтқанда, 2025 жылы өңірде 21 спорт нысанының құрылысы қолға алынған. Жыл қорытындысы бойынша оның жетеуі пайдалануға берілсе, қалған 14 спорт нысанының құрылысы 2026 жылы толық аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар облыс аумағында 103 спорт алаңшасы пайдалануға беріліп, тұрғындардың күнделікті спортпен айналысуына кең мүмкіндік жасалған. Нәтижесінде бүгінде облыс бойынша барлығы 2 465 спорт нысаны тұрақты жұмыс істеп тұр. Аталған нысандар өңір тұрғындары үшін толықтай қолжетімді. Осындай кешенді әрі жүйелі жұмыстардың арқасында облыста халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 75,4 пайызды құраған.

Жалпы алғанда облысымызда спорт саласын дамытуға бағытталған жүйелі саясат оң нәтижесін беріп отыр. Алдағы уақытта да саладағы жетістіктерді еселей түсу, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті спортшыларды даярлау және спорт инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар