Облыстық мемлекеттік архивте театрдың қашан, қалай құрылғандығы жөнінде құнды мәліметтер бар.
1936 жылы 5 қаңтарда Әулиеата (қазіргі Жамбыл) аудандық партия комитеті мен еңбекшілер депутаттары аудандық Советі атқару комитеті колхоз-совхоз театрын ұйымдастыру туралы қаулы қабылдады. Соған байланысты театр шымылдығы 1936 жылы 16 наурыз күні Б.Майлиннің «Келін мен шешей» және Қ.Қырқымбаевтың «Келіншек» атты бір актілі комедияларымен ашылды. Спектакльден кейін көрермендерге бір бөлімді үлкен концерт берілген.
Театрдың алғашқы труппасы әуесқой өнерпаздардан құралды. Оның қатарында Асаның учаскелік агрономы Сатылған Атамқұлов, балалар үйінің аға тәрбиешісі Тәжмет Әлмұхамедов, балалар үйінің тәрбиеленушісі Тұраш Әбуов, педагогикалық техникумның оқушысы Молдаш Сәкиев, қылмысты іздеу бөлімінің бастығы Сәти Үмбетбаев, аудандық оқу бөлімінің инспекторы Махмуд Майтанов, мұғалима Р. Майтанова, теміржол клубынан келген Отарбай Тұрымқұлов, Жәкен Баймұратов пен Сара Тұрымқұлова (Абызбаева), Әуезов атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді академиялық казақ драма театрынан келген, кейіннен Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі атанған Мұхамедқали Табанов, Әулиеата аудандық халық сотының хатшысы Жомарт Абызбаев бар болатын. Ұжымның алғашқы режиссерлері Рамыш Әбдірахманов, Махмуд Майтанов және Жәнібек Арғынбаев сынды кісілер болған.
Содан 1936-1937 жылдары театр ұжымы Б. Майлиннің «Талтаңбайдың тәртібі» мен «Көзілдірігін», Е. Ержанаевтың «Малқамбайын», А. Шаниннің «Болаты» мен Ғ. Мұстафиннің «Совет қызын», сонымен қатар М. Әуезовтың «Еңлік-Кебегі» мен «Шекарадасын» сахнаға шығарып, көрермендер көңілінен шығады.
1940 жылы колхоз-совхоз театры Жамбыл облыстық қазақ драма театры болып қайта құрылды. Бұдан бұрын 1938 жылдары театр ұжымына келіп қосылған М. Жұмағұлов, Қ. Қасымбеков, Ә. Абланов, Қ. Тайшықов, Қ. Кірғабақов, Ы. Жарболов, Х. Нарбутин, О. Тәшметов, А. Сапарбекова сынды әртістер өздерінің сахналық ұстаздарынан актерлік шеберлікті үйреніп, төселе бастады.
Жамбыл облыстық еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің атқару комитеті 1944 жылы 28 ақпанда «Облыстық қазақ драма театрын 3- санаттан 2 - санатқа өткізу және Жамбыл атындағы облыстық қазақ драма театры деп қайта атау туралы» қаулы қабылдады. Облыстық қазақ драма театрына Қызылорда өңіріне гастрольдік сапар жасауға рұқсат берілді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында да театр өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Труппа құрамынан көптеген жас артистер майданға аттанды. Міне, осындай «Етігімен су кешіп, ауыздықпен су ішер» қысылтаяң ауыр күндерде театр көрермендердің патриоттық ой-сезімін оятатын актуальді пьесаларды қойып, шығармашылық еңбектің өнегесін көрсетті. Бұл жылдары соғыс тақырыбына арналған М. Әуезовтің «Отан үшін», «Сын сағатта», М. Әуезов пен Ә. Әбішевтің «Намыс гвардиясы», С. Мұқановтың «Жеңіс жыры», Г. Мұстафиннің «От ішінде», А.Сүлейменовтің «Ант» және тарихи фольклорлық тақырыптағы М. Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды», Ш. Құсайыновтың «Алдар көсе» пьесалары бойынша қойылған спектакльдер театрдың шығармашылық кескін-келбетін танытатын, әрі көркемдік бағыт-бағдарын анықтаған сахналық шығармалар. Мұнымен қатар театр репертуарында аудармадан Ф. Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат», К. Симоновтың «Прага бағында» атты пьесалары да орын алған. Осылайша облыстық қазақ драма театры өмір көшінен қалмай ізденіс үстінде өсіп жатты.
Әділбек Баққараұлы,
облыстық мемлекеттік архивтің архивисі



