Қуаныш Ауғанбаевтың «Құс көзіндегі сағыныш» атты кітабы туралы ой
Бірте-бірте екеуіміздің ортамызда да жылы қарым-қатынас орнап, бір-бірімізден жырақта болсақ та, сымтетікпен хабар алысып, сөйлесіп тұратын болдық. Көпшілікке арналған шараларда жолығысып кездесу бір басқа да, телефон арқылы сөйлесу бір басқа ғой. Әдетте телефоннан гөрі жүзбе-жүз тілдескенді дұрыс көретін халықпыз. Бірақ, бұл жерде бәрі керісінше. Жоспармен ұйымдастырылатын кездесулерде уақыт өлшеулі, сөз шектеулі. Апыл-ғұпыл амандық-саулық сұрасып, арнайы қатысқалы жатқан іс-шарамыздың ауанына төңкеріліп кетуімізге тура келеді. Ондай жерде мейлінше қарапайымдылықпен салқынқандылық танытатын Қуаныш балам үйінде отырып, ұялы байланыстың ар жағынан маған қоңыраулатқан шақтан бастап, тіл тиегін ағытып, ағын судай ақтарылып жүре береді. Оқшау ойлы оғланмен арамызда қозғалар ортақ тақырыбымыз көп.
Әсіресе, мен оның өлең оқып бергенін жақсы көрем. Жаңа жазылған шығармаларымен таныстырып отыруын қалаймын. Алайда оның ол өлеңдерін бір-бір тыңдаймын да, шырын сөзге сусаған шөлімді бір басам. Жатталынып қалмаған соң, жас ақынның жасын жырлары көп ұзамай күйбең тірліктің жүз құлпырып, мың құбылған қатпарында қалып, жадымнан бірте-бірте шыға береді. Сосын, жүрдім-жүрдім де, бір күні оның өзінен бір кітабын сұрап алдым.
Міне, «Құс көзіндегі сағыныш» атты мына кітабы менің қолыма осылай түсті.
Кітабының алғашқы бетіндегі туындысында өзі айтқандай «Бәдәні бөлек өлеңге» енші қып берген Жасағанға шексіз алғысын білдіре отырып, көмейінен бүлкілдеп төгілетін әрбір маржан жырының сүмбідей сұлу болып туылуын армандайды екен Қуаныш. Арманының өзі сұлу!
«Белгі Ата терегі», «Сурет», «Жел ғұмыр», «Өлең-сезім», «Әке монологы», «Гүлдің монологы», «Қоңыр мұң», «Мамыр жылап барады жүрегімде», «Жапырақ жүрек», «Тырналардың жасы тамған жапырақ», «Ішкі фраза», «Таразбен қоштасу», «Көңілдің сөзі», «Элегия», «Жалғыз жапырақ», «Әке рухымен сырласу», «Алма», «Менің драмам», «Жүрек көрдім», «Гүл.Тағдыр.Туған күн», «Ай», «Қырыққа қадам», «Тастағы тамшы», «Ай», «Гүл» (баллада), «Жалғыздық сыңары», «Аты жоқ өлең», «Қармен жазылған элегия», «Құс пен жүрек», «Асыл дала» секілді өлеңдерінің әрқайсысы бір-бір атан түйенің жүгіндей салмақты ой тастайды, сүбелі сөздерімен әр алуан тақырыпты қамтиды. Ең бастысы ақын жүрегінің үнін жеткізеді.
Қуаныш – жас жігіт. Өз жанының емшісіне айналған мейірбан өлеңді адамдардан гөрі өзіне жақын көреді.
«Суретіне түсірген фотограф:
«Күліңізші, ағасы»,-деп тұрады»-деген жолдары арқылы бұ жалғанның шын кейпін берсе,
«Суретте күлу үшін жүрек керек,
Жүрегімді өлтіріп алғам, жаным» («Сурет», 7-бет) деуі арқылы, арзан ойынға құрылғандай қазіргі күннің күлкілі жүзіне жанашырлықпен күлімсірей қарай алудың аса қымбаттап кеткенін меңзейді.
«Тау кезген қоңыр құлжаңды
Жоғалтып алмай қыл қамды.
Мұң бассын мейлі көңілді,
Мұз баспасыншы мұржамды» («Жапырақ жүрек», 17-бет) деп ұтқыр ұйқаспен, өткір өжеттікке салынып, ұтымды ниет тілейді.
«Қашқанын-ай, мазам кетіп ұйқымның,
Буы ма екен, өлең, сендік сиқырдың?»-деуі арқылы, ақын адам атаулының дерті – мәңгілік ұйқысыздықты өзі де басынан кешіргенін оқырманына ұқтырады. Сөйтіп, аз ба, көп пе, әйтеуір бір шамалардан соң санасында өлең біткеннің шумақтары өріліп, толғатып, толғанып піскенде, ақ қағаз бетіне әсем моншақтай шашылып түскенде, яғни бүтін бір жыр туылғанда, қалам ұшын тістелеп, маңдайы шып-шып тершіген ақынның өзін жарты әлемнің патшасы сезініп марқаятыны рас. Қуаныш айтып отырған сиқыр – осы. Өлеңнің сиқыры. Поэзияның магиялық сиқыры.
«Қара түнге сіңіп кетсем адасып», «Жапыраққа сары сәуле шашылып» («Жел ғұмыр»), «Құстың ұштым қанатын Айға сұрап» («Өлең-сезім»), «Жанарыңды жаныма шырақ еттім» («Жазылғанмен сен жайлы»), «Жастығына жазмышын жаздырған» («Қоңыр мұң»), «Күн шыққанда керіліп тау қырына» («Мамыр жылап барады жүрегімде»), «Дүрдараз боп дүмшеленіп барады, Дүниеге кепкен жандар ындыны», «Қанатыңда – қалықтаған арманым, Арызым бар қаламымның ұшында», «Жапырақтан қалқып алып жасыңды, Мөлдіретіп қойдым өлең нүктесін» («Тырналардың жасы тамған жапырақ»), «Көкірегімнен сәуле ғұмыр кешкенше» («Әке рухымен сырласу»), «Көздерімнің көл шайқалып ішінде, Айдынымнан ұшып өтті құс кілең» («Айғыз-айғыз өрнектеген мұңымды»), «Жүрегіме ғарыштан жетіп ағыс, Пенделікті жүремін етіп алыс» («Қырыққа қадам») деп келетін ұтымды ой, тапқыр теңеу, сәтті тармақтары Қуаныш шығармаларының бәсін биіктетіп тұр.
Мамыражай мамыр айында ажал құшқан әке рухы тоғыз жасында жетім атанған жалғыз ұлдың таусылмас тақырыбы, сарқылмас сағынышы, үздіксіз жырлар кейіпкері.
«Өзім туған мамыражай мамырды
Сені алған ажал үшін жек көрдім» деп марқұм әкемен ойының түкпірінде оңаша сырласатын бала ақынның бұл тақырыптағы топтамалары о дүниеде «ұлымен қауышқан» атасына жолдар дұғай сәлемімен түйінделіп отырады.
Ақын Күләш Ахметова әпкеміз ертеректегі бір өлеңінде:
«Өксікті көмейіме көп тығылған-
Жасырам.
Еркелік те кетті ұғымнан.
Сан рет сағым сынды, апа, менің
Өмірде сенің ғана жоқтығыңнан.
Бәрін сенсіз басымнан өткеремін,
Неткен сұмдық!
Көз жасын төкті өлеңім.
Ақ шанамен ақ қарда кеткен едің,
Содан бері ақпанды жек көремін» деп жырлаған еді аяулы анасына деген сағынышы кеудесін кернегенде.
Қуаныштың да көкірегіндегі жетімдіктің жабырқау мұңы көктем жұпарын шашар мезгіл қанша керемет болса да, өзінің өмірге келген күні аталып өтілетін ерекше ай болса да мамырға деген өкпесін еш өшіре алмайтынына қинала күрсінеді.
«Өмір – сынақ, мына балаң соны ұқты, Тағдырыма талай жайсаң жолықты. Ә, әкетай, атам қалай, жақсы ма? Түсіме де кірмейтұғын болыпты» деп толқиды жас жаны.
Өлең деп аталатын шағын көлемдегі поэзиялық шығармада бүкіл адамзаттық ой мен табиғи өмірді тылсымнан тартып, оқырман көз алдына көлбеңдетіп әкеліп қана қоймай, көркемдетіп ұсына білу екінің бірінің қолынан келе бермейтін шеберлік. Осы шеберліктің сан түрін меңгерген ақын Қуанышта ырғағы мен ұйқасы бір қалыпқа түскен, «шумағы мен бунағы белгілі бір тәртіпке бағынған нақысты сөздер тізбегі» көптеп табылады. Көңіл-күй және азаматттық лирикаға бейім ақын жүрегі нәзік сырлы сезімдерін алуан бояулы өрімдермен жеткізуге тырысады. Құрылысында өлшемге шақ шымыр шумақтар кездесетін шығармаларының дені параллелизммен беріледі:
«Көңілімде күрең күз ойнақ салса,
Көздерімде көктемім маужырайды»;
«Пенде болып ақиқаттан аттап ем,
Ақын болып ар алдында ұсталдым»;
«Орда бұзып өтпедім отызымда,
Ала алам ба қырқымда қамалымды?».
Абай хакім айтқандай, өлеңге әркімнің де таласы бар.
Бірде, бір ақын қасындағы екінші ақынды «Пәлен» деп аталатын, пәленбай шумақтан тұратын поэма жазған» деп мақтап таныстырды. Жазғанын көлемімен, көлдей көп бетті алатын сала-құлаш ұзындығымен өлшейтін, жоқ-барды термелеп, ұзын-сонар қылып шұбалта берсе мықтылығым деп санайтын жазармандар көбейген тұста, қысқа да нұсқа бір ауызбен тұщымды ой, сүбелі сөзін жеткізе алатындарға өлең өлкесінде өзін мойындату қиын болмақ.
Қуаныштың кітабына құшырлана ден қойғанда, оның бай поэзиясымен асыға танысу құштарлығы басым тұрды. Сын айтып, кемшілігін теруді мақсат тұтпадым. Айтарлықтай өрескелдікті көрмедім де. Әйтсе де, эпиграфтардың шығарма атауынан кейін берілетінін, сондай-ақ оның сәл оң жақ бұрышқа таман әрі кішірек шрифті әріптермен жазылатын шарты барын бұдан былай есте ұстау ләзім, бәлкім бұл кітап редакторының тарапынан да ескерілуі керек шығар.
Жаратқанның берген сыйы- ақындық. Ақындыққа даритын қара өлең қалың ішіктей жылы, салқын саумалдай дәрумен болса, қанеки. Алайда әр кезде олай ыңғайлы бола бермес. Өлең құдіреті бойына қонған адамның өмірі оп-оңай сүріле де салмас.
Өйткені қара өлең қасиетті. Сол қасиеттің қадірін арттыру әдебиетті ардың ісі деп білетін адал ақын мен жазушыға, яғни қаламгерге ғана бұйырған бақ. Осы бақ біздің Қуаныш бауырымызда бар.
Екі аяғын тең басқан, қос қанаты ұшқан сайын қатайып келе жатқан, құлашын кең жазып, аспандай асқақ өлең-арманының ақ айдынында еркін жүзген ерен ақынға үмітті болашақ тілейміз.
Үміт БИТЕНОВА,
ақын
Драма театры қалай құрылды?
Ұқсас жаңалықтар
«Академиялық мәртебе – жауапкершілік пен жаңа кезеңнің бастауы»
- авторAR-AY
- 26 желтоқсан, 2025




