Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Соқырға таяқ ұстатқандай» тіркесінің мағынасы қандай?

«Соқырға таяқ ұстатқандай» тіркесінің мағынасы қандай?
massaget.kz/
Қазақ халқының сөз қоры мол, тілі бай екенін өзіміз ғана емес, өзге ұлт өкілдері де біліп, тіпті мойындап та жатқаны белгілі. Басқаларда кездесе бермейтін кейбір сөздеріміздің бірнеше баламасы да (синоним) бар. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырымдарымызды айтпағанда мақал-мәтел, ақыл-нақыл, қанатты сөздер жағынан да ешбір елден қалыспайтынымыз анық. Астарлы сөздеріміз де көп.

Бірақ, өкінішке қарай, кейде кейбір сөздеріміздің түпкі мағынасын түсінбей бір-бірімізге ренжіп жататынымыз жасырын емес. Олай дейтінім сондай ренішке бірнеше рет куә болғаным бар.

Аты-жөндерін айтпай-ақ қояйын, бірде жасы елуге таяп қалған бір жігіт бастаған жұмысының көзін таппай тұрғанда оған көпті көрген бір қария ол шаруаны қалай жасаса өнетінін айта келе: «Мен саған бәрін соқырға таяқ ұстатқандай түсіндіріп бердім. Енді осыдан кейін түсінбесең қайдам» деді. Сол-ақ екен, әлгі екі жігіт «Сонда мені соқыр деп тұрсыз ба?» деп аздап өкпе-назын білдірді. Сол кезде мен бар білгенін аямай, жан-тәнімен түсіндіріп берген ағаны қоштай кетіп, әлгі жігітке бұл сөздің мағынасын айтып берген едім. Айта берсек, мұндай оқиғалар мен мысалдар көптеп кездеседі. Біреуді бір жерге жұмсағанда да барар жерін адаспай тауып баратындай етіп, түсіндіргенде де осы сөзді айтып жатады.

Әрине, бұл сөзге кейбіреулердің ренжитіндейі бар. Өйткені «Соқырға таяқ ұстатқандай» деген тіркес бірден құлаққа ерсі естіледі әрі кемсітіп тұрғандай сезіледі. Әсіресе оның мағынасын түсіне бермейтіндерге.

Мұндай оқиғалар менің де басымнан өткен. Шығармашылық жайлы немесе  өзге де дүниелер туралы дұрыс түйсіне алмаған кейбір адамдарға (олардың арасында ерлер де, қыз балалары да бар) мен де егжей-тегжейлі түсіндіріп болған соң «Саған соқырға таяқ ұстатқандай түсіндіріп бердім ғой. Бұдан артық қалай айтуға болады?» дегенімде олар да аздап реніштерін білдірген еді.

Үлкендерден естігенім мен оқығаным бойынша ол сөз «Мен саған ол олай немесе бұлай болады деп бәрін барынша әрі қарапайым тілмен түсіндіріп бердім» деген мағынада айтылған екен. Орыстар оны «Проще простого» дейді.

Сондықтан түсінбей, білмей жатып, бірден ренжігенше алдымен ненің болса да тереңіне ой жүгіртіп немесе намыстанбай-ақ білетіндерден сұрағанымыз жөн болар еді.

Осындайда жапон халқының  «Сұраудың ұяты бір-ақ минут, білмеудің ұяты өмір бойы» деген нақылы сөзі еске түседі.

Бәлкім «Соқырға таяқ ұстатқандай» деген сөздің мен білмейтін басқа да мағынасы бар шығар?

Ол жөнінде оқырмандар өз пікірлерін білдіре жатар.    

Бақытжан   ӘЛІҚҰЛОВ,

ақын-журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар