Қазіргі таңда да малшаруашылығы ел көлемінде жүйелі түрде дамып, сала жаңа бағыттармен толығып келеді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар мен жүзеге асқан баянды бағдарламалар саланың еңсесін көтеруге серпін беріп, түрлі ауқымды жобалардың жүзеге асуына жол ашты. Соның нәтижесінде отандық ет өндірісін арттыруға басымдық беріліп, соңғы жылдары етті бағытта мал өсіруге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл өз кезегінде өндіріс көлемін ұлғайтуға, бордақылау алаңдарының, репродукторлық шаруашылықтардың құрылуына, фермерлік қожалықтардың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызды. Осының ішінде мал бордақылау ісі бүгінде ет өндірісінің негізгі өзегіне айналып отыр. Мал бордақылау алаңдарында бордақыны ғылыми негізде азықтандыру, күтімін жасау секілді кешенді жұмысты жолға қою арқылы қысқа мерзімде сапалы әрі татымды өнім алу мүмкіндігі артты. Бұл тәсіл бір жағынан шаруалардың шығынын азайтса, екінші жағынан нарыққа тұрақты көлемде ет шығаруға жағдай жасап отыр.
Ет өндірісін ұлғайтуда бордақылау алаңдарымен қатар, асылтұқымды мал өсірудің де маңызы зор. Өнімділігі жоғары ірі қараның үлесі артқан сайын, алынатын еттің сапасы мен экспорттық әлеуеті де өсуде. Соның нәтижесінде ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету мәселесі біртіндеп шешімін тауып, артық өнімді сыртқы нарыққа шығару мүмкіндігі туып отыр. Мәселен, былтыр Ауылшаруашылығы министрлігі малшаруашылығы өнімі экспортын ұлғайту және қазақстандық тауардың халықаралық нарықтағы беделін арттыру, еліміздің өз ұстанымын нығайту бағытында бірқатар маңызды шаралар қабылдаған болатын. Экспорт географиясын кеңейту басты мақсаттардың біріне айналып, бұл бағытта жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар қолға алынды. Соның арқасында отандық ауылшаруашылығы өнімдерін шетелге шығаруда бірқатар кедергілер жойылып, жаңа нарықтарға жол ашылды.
Жүргізілген келіссөздер нәтижесінде жеті мемлекетпен жалпы саны 16 ветеринарлық сертификатқа келісім жасалып, тиісті құжаттарға қол қойылыпты. Ет экспортында керекті құжаттардың құнтталуы малшаруашылығы өнімдерін экспорттаудағы маңызды алғышарттардың бірі екенін білдіреді. Аталған келісімдер қазақстандық өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасының халықаралық талаптарға сай екендігін ресми түрде растауға мүмкіндік беріп отыр. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде сүт өнімдері, ірі қара мен уақ мал еті, құс еті, бал және балық өнімдерін Әзербайжан нарығына жеткізуге жағдай жасалды. Сонымен қатар тірідей салмақта уақ мал Моңғолияға, жемшөп Мароккоға, ал былғары мен жүн Иранға экспортталатын болды. Еуропалық Одақ тарапынан да қазақстандық ара шаруашылығы өнімдеріне, әсіресе балға қатысты нарық ашылып, бұл сала үшін жаңа мүмкіндіктер туындады.
Сыртқы нарықтағы сұраныстың артуы ет экспортының негізгі көрсеткіштеріне де оң әсерін тигізіп отыр. Осы жылы сиыр етінің экспорты өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге өсіп, 30,2 мың тоннаға жеткен. Ал қой еті экспорты 1,9 есеге артып, 25,5 мың тоннаны құраған. Мұндай экспорттық әлеует отандық ет өнімдеріне деген шетелдік серіктестердің сенімін нығайтып, тұтынушылардың сұранысы жоғары екенін көрсетеді. Экспорттық әлеуетті одан әрі күшейту мақсатында бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жандандырылуда. Қазіргі таңда Қазақстан тағы 12 мемлекетпен келіссөздер жүргізіп жатқан көрінеді. Басым серіктестер қатарында Жапония, Малайзия, Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірліктері, Иордания және Пәкістан бар. Аталған елдермен ет, субөнімдер және сүт өнімдерін жеткізу мәселелері пысықталуда. Бұдан бөлек, Сауд Арабиясы, Қатар, Ұлыбритания, Канада және Гонконг елдерімен сүт өнімдерін жөнелту, жемшөп пен бал экспортын дамыту жайы қарастырылып жатыр.
Экспортты тұрақты дамытудың басты шарттарының бірі – ветеринарлық қауіпсіздік. Осыған байланысты ел көлемінде ветеринарлық қызметтің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінгенін де айта кетуіміз керек. Соңғы жылдары бұл салаға қомақты қаржы бағытталып, нақты нәтижелерге қол жеткізілгені ақиқат. Атап айтқанда, республика бойынша 400 ветеринарлық бекет салынса, 890 арнайы техника мен заманауи жабдық сатып алыныпты. Ал облысымызда былтыр ветеринария саласын қаржыландыруға 4,6 миллиард теңге бағытталды. Облыстық бюджет қаражатына алдымен 50 автокөлік сатып алынып, жыл аяғында тағы да осыншама автокөлік ветеринария саласы мамандарына табысталған болатын.
Негізі ел бойынша бұл бағыттағы маңызды жобалардың біріне Қытай Халық Республикасының қолдауымен Шығыс Қазақстан облысында іске қосылған заманауи ветеринарлық зертхана жататынын айта кетуіміз керек. Аталған нысан қазақстандық малшаруашылығы өнімдерін Қытай нарығына экспорттау көлемін айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік береді. Алдағы кезеңде мал терілері, құс еті, құсшаруашылығының субөнімдері және өзге де өнім түрлерін жеткізу жоспарланып отыр. Қажетті хаттамаларға қол қойылып, қазақстандық кәсіпорындар тиісті инспекциялық тексерулерден өткен.
Жалпы алғанда Қазақстан малшаруашылығы саласының экспорттық әлеуетін кезең-кезеңімен арттырып, халықаралық нарықтардағы орнын нығайтуда. Бұл жұмыстар агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына, ауылдағы өндірістің жандануына және ел экономикасының өсіміне берік негіз қалыптастырып отырғаны белгілі.
Тағы бір айта кетер жайт, 2025 жылғы 31 желтоқсаннан бастап Қазақстанда ірі қара мал етін шетелге шығаруға қатысты жаңа тәртіп енгізілді. Бұл талаптар Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне де, одаққа кірмейтін басқа мемлекеттерге де бірдей қолданылады. Яғни, осы күннен бастап сиыр етін экспорттағысы келетін кәсіпорындар белгіленген квота аясында ғана жұмыс істей алады. Аталған тәртіп 2026 жылғы 30 маусымға дейін күшінде болады. Жаңа ереженің негізгі мақсаты – ет экспортына бақылау орнатып, ішкі нарықтағы жағдайды тұрақтандыру. Сол себепті шетелге шығарылатын сиыр етінің жалпы көлемі шектеліп, нақты сан белгіленді. Қазіргі талапқа сай, ірі қара мал етін экспорттауға арналған квотаның жиынтық көлемі 20 мың тоннадан аспауы тиіс. Бұл көлем барлық экспорттаушыларға ортақ лимит болып саналады.
Қазірдің өзінде еттің бағасы еліміз бойынша шарықтап тұр десек, артық айтқанымыз емес. Мысалы, жаңа жыл қарсаңында Астанада өткен «Соғым Fest» ет жәрмеңкесінде сиыр етінің келісі 3000 теңгеден бастап сатылыпты. Сол секілді жылқы еті – 2800 теңгеден, қой еті 3000-3200 теңге аралығында саудаланған. Жәрмеңкеге Ақмола, Түркістан, Павлодар, Абай және Қарағанды облыстарының шаруалары өз өнімдерін тікелей жеткізген. Сондықтан баға әдеттегіден төмен болыпты.
Алайда бұл тек жәрмеңке кезінде ғана қойылған баға екенін ескеруіміз керек. Өйткені өз облысымызда, оның ішінде Тараз қаласында соғымға деп сойылған жылқы етінің келісі 3700 теңгеден бағаланып отыр. Базарда сиырдың өң еті 4500 теңге тұрса, сүйегімен 3600 теңгеден саудалануда. Қой етінің де келісін 2600 теңгеден табуға болады. Егер экспортқа ешқандай шектеу қойылмаса, еттің негізгі көлемі шетелге кетіп, ішкі нарықтағы баға күрт өсіп, бұл өз кезегінде қарапайым халықтың қалтасына ауыр салмақ түсіруі мүмкін. Сол себепті мемлекеттің ет экспортына квота енгізуі орынды. Квота жүйесі әр бордақылау алаңындағы нақты өндірілген малға ғана беріледі, бұл ішкі нарықтағы ет жеткілікті деңгейде сақталып, бағаның тұрақты болуына әсер етеді. Квота негізінде кез келген адамға немесе кәсіпорынға бірдей көлемде берілмейді. Ол ең алдымен бордақылау алаңының мүмкіндігіне, яғни бір мезетте қанша мал ұстап, семірте алатынына қарай бөлінеді. Бордақылау алаңы неғұрлым ірі болса, экспортқа шығаратын еттің көлемі де соғұрлым көп болады. Мұндағы басты талап – мал өз бордақылау алаңында өсіріліп, дайындалуы тиіс. Мәселен, бордақылау алаңы кемінде 5 мың басты қамти алса, ондай шаруашылыққа 1 мың тонна етті экспорттауға рұқсат етіледі. Ал қуаттылығы 10 мың басқа жететін алаң иелері 2 мың тоннаға дейін сиыр етін сыртқа шығара алады. Бордақылау алаңы 15 мың басқа есептелген болса, экспорттық квота 3 мың тоннаны құрайды. Одан әрі бордақылау алаңының әлеуеті артқан сайын рұқсат етілетін көлем де өседі. 20 мың басты бордақылай алатын алаңдар үшін квота 4 мың тонна болып белгіленген. Ал ең ірі бордақылау алаңдарына, яғни бір мезетте 50 мың малды ұстай алатын кәсіпорындарға 10 мың тоннаға дейін ет экспорттауға мүмкіндік беріледі.
Тағы бір айта кетер маңызды жайт, квота тек өз бордақылау алаңындағы малды пайдаланып өндірген шаруашылықтың етіне ғана беріледі. Яғни сырттан мал сатып алып, оны өңдеп, сол арқылы квота алу қарастырылмаған. Экспортқа шығатын сиыр еті нақты сол кәсіпорынның бордақылау алаңында семіртілген ірі қарадан алынуы керек.
Осылайша ірі қара етін экспорттауға қатысты енгізілген талаптар мал бордақылау алаңдарының жұмысын жүйелеуге, ет өндірісін бақылауда ұстауға және экспортты нақты мүмкіндігі бар кәсіпорындарға бағыттауға арналған. Сонымен қатар бұл тәртіп ішкі нарықта ет тапшылығының туындауына жол бермей, шаруашылықтар арасындағы тепе-теңдікті сақтауға жол ашады.
Айта кету керек, облыста 2025 жылдың 1 желтоқсанындағы мәліметке сүйенсек, ет өндірісі 61,9 мың тоннаны құраған. Оның 16,2 мың тоннасы ішкі тұтынуға жұмсалса, ал 30,6 мың тоннасы қайта өңделіп, кәсіпорындардың жұмысы 42,3 пайыз деңгейінде жүктелген. Жалпы өндірілген еттің жартысына жуығы, яғни 49,3 пайызы қайта өңдеуден өткен.
Экспортқа да айтарлықтай көлемде ет өнімі шығарылған. Шетелге 5 888 тонна ет өнімдері жіберіліпті. Атап айтқанда, ет Ресей, Қырғызстан және Таяу Шығыс елдеріне бағытталған. Сондай-ақ мал еті тірідей салмақта да экспортталған. Жалпы сыртқы нарыққа жол тартқан 18 035 төрт түліктің ішінде ірі қара саны – 12 136. Уақ мал 4 081 болса, жылқы – 1 554, қалғандары 264-ті құрайды. Аталған мал негізінен Өзбекстан мен Қырғызстанға жөнелтіліпті.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ



