Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жылқы жылынан күтеріміз көп

Жылқы жылынан күтеріміз көп
Автор
Жылқы жылы босағамыздан аттап, төрімізге озды. Жаңа жылдан күтеріміз көп, үмітіміз зор. Еліміз үшін де айтулы өзгерістерге толы берекелі кезең болғалы тұр. Мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатындағы жаңғырулар, экономикалық өсім мен әлеуметтік бастамалар халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталмақ. Ендеше ең негізгі өзгерістерге шолу жасап көрелік.

ҚАЗАҚСТАН ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚҚА ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТЕДІ

Еліміз үшін осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық етуде. Бұған дейін одаққа Беларусь Республикасы төрағалық етті.

Енді алдағы бес жылда Қазақстанның алдында мұнайға тәуелділікті азайтып, қайта өңдеу өнеркәсібін, технологияларды және ауылшаруашылығын дамыта отырып, жалпы ішкі өнімді екі есеге арттыру міндеті тұр. 2029 жылға дейін құны 80 миллиард доллар болатын ұлттық инфрақұрылымдық жоспарға энергетика, көлік және цифрландыру саласы кіреді. Барлығы 204 жоба қамтылады.

Мұнай өңдеу саласын дамыту бойынша 2025-2040 жылдарға арналған тұжырымдаманың ортақ элементтерінің бірі – қайта өңдеу қуатын екі еседен астам ұлғайту. Яғни, қайта өңдеу қуатын жылына 18-ден 39 миллион тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұған жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауытын кеңейту және жаңа мұнай-химия кешенін салу арқылы қол жеткізу жоспарланған.

Электр желілерін жетілдіру, сондай-ақ транзиттік сауда және Еуропа мен Қытай арасындағы стратегиялық жағдайды тиімді пайдалану үшін автомобиль және теміржол инфрақұрылымын дамыту да басты назарда. Болжам бойынша инфрақұрылымды дамытудың ұлттық жоспары аясында 150 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ Қазақстан сауда кедергілерін жою және экономикалық өсуді ынталандыру үшін Орталық Азияның басқа елдерімен өңірлік ынтымақтастықты нығайтатын болады.

 

ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖЫЛЫ

Осы жылы Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басады. Еліміздің жарқын келешегі үшін алдағы конституциялық реформаның мән-маңызы зор. Осы орайда биылғы 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект  жылы» болып жарияланды.

Бұл жайлы жаңа жылдық құттықтауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

– Азаматтарымыз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне тың серпін беретін бұл реформаны қолдайды деп сенемін. Біз энергетикалық әлеуетімізді нығайтып, агроөнеркәсіп кешені, сушаруашылығы мәселелерін шешіп, көлік-логистика саласын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын дамыта береміз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Осыған сәйкес жылқы жылы білім саласында нағыз цифрлық серпіліс болады. 2026-2027 оқу жылынан бастап пилоттық өңірлердегі шағын жинақты мектептерге арналған «Qazaq Digital Mektebi» жобасы іске қосылады. Бағдарламаға сәйкес оқушыларға жеке көмекші ретінде жасанды интеллект бағдарламалары енгізіледі. Олар баланың білім деңгейін анықтап, сабақ түсіндіруге көмектеседі. Сондай-ақ 200 мыңнан астам педагог ЖИ құралдарын пайдалануды үйренеді, бұл олардың жұмысындағы қағазбастылықты азайтады. Мектеп бағдарламасына ЖИ-мен жұмыс істеу әдебі мен қауіпсіздігі туралы жаңа пәндер енгізіледі.

Цифрландыруға баса назар аударылатын осы жылдың тағы бір жаңалығы – Қазақстанның әлемде бірінші болып ЖИ жұмысын реттейтін арнайы заң қабылдауы. Кез келген азамат өзіне қатысты шешімді (мысалы, несие беру немесе жәрдемақы тағайындау) алгоритм қабылдағанын білуге және оның себебін сұрауға құқылы. ЖИ көмегімен жасалған барлық видео, сурет немесе мәтіндер (нейрожелілер жасаған контент) міндетті түрде арнайы белгімен таңбалануы тиіс. Адамның санасын манипуляциялайтын немесе жеке деректерін жасырын жинайтын технологияларға қатаң тыйым салынды.

Осы жыл технологияның дамуына жаңа серпін бермек. Бұл бағыттағы реформалардың негізі ретінде ауқымды инфрақұрылымдық жобалар алдыңғы шепке шығып отыр. Ең алдымен, отандық IТ-экожүйенің «жүрегіне» айналған «Alemcloud» ұлттық суперкомпьютерінің толық қуатында іске қосылуын атап өткен жөн. Бұл қуатты есептеуіш кешен күрделі ғылыми-зерттеулер жүргізуге, ауқымды деректерді өңдеуге және ең бастысы – отандық жасанды интеллект модельдерін ел ішінде әзірлеуге даңғыл жол ашады.

Цифрлық теңсіздікті жою бағытындағы жұмыстар да өз нәтижесін беруде. Жыл соңына дейін еліміздің тағы 3 000 ауылы жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылып, ауылдық аймақтарды интернетпен қамту деңгейі 90 пайызға жетеді деп күтілуде. Сонымен қатар, ғылыми қауымдастық үшін барлық зерттеулер, мемлекеттік гранттар мен зертханалық ресурстар жинақталған бірыңғай цифрлық ғылыми портал іске қосылып, ғылым мен технологияның интеграциясын нығайта түспек.

 

ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕР МЕН ЖӘРДЕМАҚЫЛАР ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?

Биылдан бастап Қазақстанда бірқатар әлеуметтік төлемдер мен есептік көрсеткіштердің мөлшері өседі. Бұл өзгерістер зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік қолдау алатын азаматтардың табысына тікелей әсер етеді.

Биыл айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 932 теңгеден 4 325 теңгеге дейін ұлғаяды. Сонымен қатар ең төменгі күнкөріс деңгейі де өсіп, 50 851 теңгені құрайды. Алайда ең төменгі жалақы мөлшері өзгеріссіз қалып, үшінші жыл қатарынан 85 000 теңге деңгейінде сақталады.

Зейнетақы мөлшерінің өсуіне келер болсақ, ең төменгі базалық зейнетақы 35 596 теңгеге жетсе, ең төменгі ынтымақтық зейнетақы 69 049 теңге болады. Ал 34 жыл және одан да көп еңбек өтілі бар азаматтарға төленетін базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері 60 004,18 теңгені құрайды. Зейнет жасына келер болсақ, ерлер үшін бұл көрсеткіш 63 жас деңгейінде қалса, әйелдер қауымы алдағы екі жыл бойы 61 жаста құрметті демалысқа шыға береді.

Ана мен баланы қолдау бағытында да оң өзгерістер бар. Алғашқы үш балаға төленетін жәрдемақы 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін артса, төртінші және одан кейінгі балаларға берілетін төлем 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін көбейеді. Көпбалалы отбасыларға арналған ай сайынғы жәрдемақы мөлшері де ұлғаяды. Төрт баласы бар отбасылар 69 330 теңге алса, он баласы бар отбасыларға төленетін жәрдемақы 173 000 теңгеге дейін жетеді. Бала бір жарым жасқа толғанға дейін мемлекеттік бала күтімі жәрдемақысы төленеді. Бұл төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын, яғни ресми түрде жұмыс істемейтін әйелдерге арналған. 2026 жылы жәрдемақы мөлшері баланың реттік санына қарай белгіленеді. Бірінші балаға – 24 912 теңге, екінші балаға – 29 453, үшінші балаға – 33 951, төртінші және одан кейінгі балаларға – 38 492 теңгеден индекстелді. Бұдан бөлек, «Алтын алқа» иелеріне 31 997 теңге (7,4 АЕК), ал «Күміс алқа» үшін 27 680 теңге (6,4 АЕК) қарастырылған.

Ерекше назар аударатын жайт, мүгедектігі бар азаматтарды қолдау шараларының күшеюі. І топ мүгедектігі бар азаматтарға – 111 872, ІІ топқа – 89 498, ІІІ топқа – 61 021 теңге болып ұлғайтылды. 1 қаңтардан бастап мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер де 10 пайызға артады. Бұл төлемдердің нақты мөлшері әр азаматтың табысы мен әлеуметтік аударымдарына байланысты жеке есептеледі. Атап өтерлік бір жайт, мүгедектік тобын анықтау үшін аурухана табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ, цифрлық жүйе арқылы сырттай (проактивті) тағайындау аясы кеңейтілді.

Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысатын, ресми түрде жұмыс істейтін әйелдерге бала күтімі жәрдемақысының орнына әлеуметтік төлемдер тағайындалады.

Бір айта кетерлігі, Қазақстандағы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 10 пайызға өскендіктен, құжаттарды өңдеу шығындары да көтеріледі. Сондықтан стандартты 36 беттік отандық төлқұжат 34 600 теңге тұрады, ал 48 беттік төлқұжат 51 900 теңге тұрады. Ал жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу куәлігінің әрқайсысының бағасы 5 406,25 теңге. Бұл 2026 жылы жүргізуші куәлігі мен тіркеу куәлігінің бағасы алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары болатынын білдіреді. Көлікке стандартты мемлекеттік тіркеу нөмірін беру биыл 2,8 айлық есептік көрсеткіш немесе 12 110 теңге тұрады.

 

АЙЫППҰЛ АРҚАЛАҒЫҢЫЗ КЕЛМЕСЕ..

Осы жылдың басталуымен бірге елімізде әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін қолданылатын айыппұлдар жүйесінде айтарлықтай өзгерістер орын алды. Биылғы есептік көрсеткіштің 4 325 теңге деңгейінде бекітілуі барлық заң бұзушылықтар үшін тағайындалатын төлемдердің өсуіне тікелей әсер етті.

Биыл жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қойылатын талаптар бұрынғыдан да қатаңдай түсті. Мәселен, жылдамдық режимін белгіленген шектен 10-нан 40 шақырымға дейін асырған жүргізушілерге 21 625 теңге көлемінде айыппұл салынады. Ең жиі кездесетін заңбұзушылықтың бірі – бағдаршамның тыйым салу сигналдарын ескермеу. Қызыл түске өтіп кету немесе мүмкіндік бола тұра сары жанғанда тоқтамау әрекеті үшін 43 250 теңге төлеуге тура келеді. Ал жол белгілерінің талаптарын орындамау немесе тұтас сызықты кесіп өту сияқты жол таңбасы ережелерін бұзғандарға 12 975 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Ал жүргізуші куәлігі жоқ тұлғалардың көлік басқаруы 86 500 теңге көлемінде шығынға батырса, куәлігінен айырылғандар үшін бұл сома 216 250 теңгені құрайды.

Көлік құралының техникалық күйі де басты назарда. Егер автокөліктің шиналары тозған, фаралары істемейтін немесе тежегіш жүйесінде ақауы бар болса, сондай-ақ мемлекеттік нөмірі дұрыс орнатылмаған жағдайда иесіне 21 625 теңге айыппұл салынады. Маусымдық дөңгелектерді уақытылы ауыстырмау да 21 625 теңге айыппұлға әкеп соғады, ал бұл қателік бір жыл ішінде қайталанса, төлем сомасы 86 500 теңгеге дейін жетеді. Дәл осындай сома жолаушылар мен жүк тасымалдау талаптарын бұзғандарға, соның ішінде қауіпсіздік белдігін тақпағандар мен шлемсіз мотоцикл тізгіндегендерге, көлік жүргізгенде телефон пайдаланғандарға да қолданылады.

Тәртіп тек жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілерге де ортақ. Жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өткен немесе бағдаршамның қызыл түсіне қарамаған жаяу жүргіншілер 8 650 теңге айыппұл арқалайды. Қоғамдық көлікте жолақы төлемеген жолаушылар да осы көлемдегі айыппұл төлеуге міндетті.

Қоғамдық тәртіп пен абаттандыру ережелері де қатаң бақылауға алынды. Мәселен, кіреберісте қоқыс қалдыру немесе абаттандыру қағидаларын бұзғандар алғашқы ретте 86 500 теңге айыппұлмен жазаланады. Көпқабатты үйлерде түнгі уақытта сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін тыныштықты бұзған жеке тұлғалар 21 625 теңге төлесе, кәсіпкерлер үшін бұл айыппұл 648 750 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Қоғамдық орындарда түкіру немесе қоқыс тастау сияқты әрекеттер үшін 21 625 теңге белгіленген, ал бұл заңсыздық қайталанса, айыппұл екі есе өседі. Тіпті қоғамдық орындарда былапыт сөйлеп, өзгелерге зәбір көрсеткендер 86 500 теңге төлейді немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады. Темекі шегу ережелері де қатаңдатылды. Тыйым салынған жерде темекі тартқандарға 64 875 теңге, ал ұшақ бортында тәртіп бұзғандарға 216 250 теңге айыппұл салынады.

Балалардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік жауапкершілік мәселелері де назардан тыс қалмаған. Кәмелетке толмағандардың түнде ата-анасыз ойын-сауық орындарында болуы 12 975 теңге айыппұлға, ал мекеме иелері үшін 432 500 теңгеге дейінгі шығынға әкеледі. Егер бала сағат 23.00-ден кейін көшеде ересектерсіз жүрсе, ата-анасына ескерту жасалып, қайталанған жағдайда 30 275 теңге айыппұл жазылады. Бұған қоса, қоғамдық орындарда ішімдік ішкендерге де 21 625 теңге айыппұл қарастырылған. Сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз немесе жеке куәліксіз бір айдан артық жүрген азаматтар 30 275 теңге төлеуге мәжбүр болады. Айта кетерлігі, айыппұлды алғашқы 7 күн ішінде төлеген жағдайда 50 пайыздық жеңілдік мүмкіндігі әлі де сақталуда.

 

САЛЫҚ КОДЕКСІ КҮШІНЕ ЕНДІ

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Бұл құжаттағы ең ауқымды өзгерістің бірі – қосылған құн салығының (ҚҚС) базалық мөлшерлемесінің 16 пайызға дейін көтерілуі.

Сонымен қатар қосылған құн салығы бойынша міндетті есепке қою шегі 10 мың айлық есептік көрсеткішке немесе 43 миллион теңгеден астам көлемге дейін төмендетілді. Дегенмен әлеуметтік маңызы бар салалар үшін жеңілдіктер қарастырылған, дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерге ҚҚС мөлшерлемесі 2026 жылы 5 пайыз, ал 2027 жылдан бастап 10 пайыз деңгейінде белгіленді.

Реформа аясында салықтардың жалпы саны азайтылып, бірыңғай жер салығы алынып тасталды. Арнайы салық режимдері оңтайландырылып, енді олардың саны жеңілдетілген декларация, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін және шаруа қожалықтарына арналған режимдер болып үшке дейін қысқарды. Әсіресе өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін жағдай жеңілдетілді. Оларға жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелудің немесе күрделі есеп берудің қажеті жоқ, тек арнайы мобильді қосымша арқылы чек шығарып отырса жеткілікті. Бұл режимде табыс 1,3 миллион теңгеден аспаса, тек 4 пайыздық бірыңғай салық төленеді.

Жеңілдетілген декларация режимі де өзгеріске ұшырап, бөлшек салық жүйесімен біріктірілді. Енді жылдық табысы 2,5 миллиард теңгеге дейінгі кәсіпкерлер үшін базалық мөлшерлеме 4 пайызды құрайды, бірақ жергілікті әкімдіктер бұл ставканы 2-3 пайызға дейін төмендетуге құқылы. Мұндай кәсіпкерлер қосылған құн салығы мен әлеуметтік салықтан босатылады. Алайда, жалпыға бірдей режимдегі ірі компаниялар үшін «жеңілдетілген» режимдегі кәсіпкерлермен жұмыс істеу тиімсіз болуы мүмкін, себебі бұл жағдайда салық шегерімдері жасалмайды. Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай көптеген кәсіпкерлердің жалпыға бірдей режимге ауысуына немесе тауар бағасының өсуіне әкелуі ықтимал.

Көлік иелері үшін бірқатар жағымды жаңалықтар бар. Пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан көліктер үшін салыққа 0,7 коэффициенті, ал 20 жылдан асқан көліктерге 0,5 коэффициенті қолданылатын болды. Яғни, ескі көліктердің салығы екі есеге дейін азаяды. Сонымен қатар 3000 текше сантиметрден асатын көліктер үшін бұрынғы жоғары мөлшерлемелер мен көлік түрлеріне қатысты күрделі жіктеулер алынып тасталды. Шаруа қожалықтары да бір пикап автомобилі үшін көлік салығын төлеуден босатылды. Енді көлік салығы бойынша ағымдағы төлемдер есебін тапсырудың қажеті жоқ, салық төлеуші тек жыл қорытындысы бойынша бір рет декларация тапсырып, төлем жасайды.

Әлеуметтік қолдау бағытында Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан төленетін төлемдер жеке табыс салығынан босатылды. Мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік салықтық шегерімдер мөлшері 882 айлық есептік көрсеткіштен 5000 айлық есептік көрсеткіш дейін айтарлықтай ұлғайтылды.

Сонымен бірге Қазақстанда азаматтардың мобильді ақша аударымдарын кезең-кезеңімен тексеру басталды. Тексеруге тек кәсіпкерлік қызметтен түскен табысы көрсетілген транзакциялар ғана ілігеді. Нақтырақ айтқанда, егер жеке тұлға үш күнтізбелік айдың әрқайсысында өзінің банктегі жеке шотына 100 немесе одан да көп әр түрлі адамнан ақша алса, бұл бақылауға алынады. Сондай-ақ көрсетілген кезеңдегі аударымдардың жалпы сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қолданыста болатын ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асуы тиіс.Ал жаңадан енгізілген «байлық салығы» кәсіпкерлерге емес, тек қымбат мүлігі бар жеке тұлғаларға ғана қолданылады.

 

ЗАҢСЫЗ АКТИВТЕР ҚАЙТАРЫЛАДЫ

2026 жыл Қазақстанның құқықтық саласы үшін түбегейлі бетбұрыс кезеңі болмақ. Нақты айтқанда, елдегі заң үстемдігін нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге және сот-құқық жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар өзгерістер орын алады.

Биылғы 3 қаңтарда Президент қол қойған заңсыз иеленген активтерді мемлекетке қайтару туралы түзетулер құқық қорғау саласының басым бағытына айналды. Енді активтерді қайтару процесі тек қылмыстық істер аясында ғана емес, сонымен қатар азаматтық-құқықтық тәртіппен де жүзеге асырылады. Бұл ретте прокуратура жанындағы Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің рөлі күшейтіліп, халықаралық ынтымақтастық аясында шетелге заңсыз шығарылған капиталды анықтаудың жедел тетіктері іске қосылды.

Осы жылдың ең басты жаңалығы – елімізде дербес кассациялық соттардың толыққанды жұмысқа кірісуі. Бұрын кассациялық саты Жоғарғы Соттың ішінде ғана қарастырылса, енді Астана қаласында құрылған қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш дербес кассациялық сот істерді тікелей қарай бастады. Бұл өзгеріс «жаппай кассация» үлгісіне өтуге мүмкіндік беріп, азаматтардың Жоғарғы Сотқа дейін кедергісіз жетуіне жол ашты. Енді тараптар алдын ала сүзгісіз, тікелей кассациялық алқада өз уәждерін қорғай алады, бұл сот шешімдерінің сапасы мен әділдігін еселей түспек.

Қылмыстық-процестік кодекске енгізілген өзгерістер құқықбұзушылықтардың алдын алуға және жауапкершіліктің бұлтартпастығына негізделген. Сонымен қатар экономикалық қылмыстар саласында заңнаманы одан ары ізгілендіру үрдісі байқалады. Егер залал толық өтелсе, қамауға алумен байланысты емес жаза түрлерін қолдану аясы кеңейді. Бұл мемлекеттік бюджеттің толығуына және сотталғандар санын оңтайландыруға оң әсерін тигізеді.

 

ПЕДАГОГ МӘРТЕБЕСІ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖЕТІЛДІРІЛЕДІ

2026 жыл Қазақстанның білім беру жүйесі үшін сапалық өрлеу мен ауқымды инфрақұрылымдық жаңару жылы болмақ. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформалар мектепке дейінгі тәрбиеден бастап, жоғары білімге дейінгі барлық буынды қамтып, оқу сапасы мен мұғалім мәртебесін жаңа деңгейге көтеруді көздейді.

Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында білім беру жүйесінде ауқымды шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде «Педагог мәртебесі туралы» Заңға өзгерістер енгізілуде. Бұл өзгерістер педагогтерді артық қағазбастылықтан қорғауға, мектептен тыс уақытта балаларға қатысты жазатайым оқиғалар үшін ата-аналардың да жауапкершілігін нақтылауға, сондай-ақ педагог құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған.

Сол секілді 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасының тұжырымдамасы бекітіледі. Құжат балалардың құқығын қорғау, әлеуметтік қолдау секілді шараларды қамтиды. Елде мамандандырылған білім беру ұйымдарын жаңарту жалғасады. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін білім беру саласындағы ынталандыру тетіктері жетілдіріледі.

Сондай-ақ 2026-2027 оқу жылына арналған 4, 7, 8, 9 және 10-сыныптардың «Дүниежүзі тарихы», «Алгебра», «Химия», «Биология» және өзге де негізгі пәндері бойынша оқулық жобалары Білім беру мазмұнын сараптау орталығының (talqylau.bmso.kz) сайтында қоғамдық талқылауға шығарылды. Жаңа ережеге сай, әр оқулық мектепке жеткенше бес сатылы (ғылыми сараптама, пысықтау, апробация, қоғамдық талқылау және комиссия қорытындысы) тексерістен өтеді.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында заманауи мектептер салу қарқын алады. 2026 жылдың соңына қарай еліміздегі 245 ескі мектеп толық реновациядан өтіп, күрделі жөндеумен қатар жаңа технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Ауыл мектептеріне де ерекше көңіл бөлініп, көптеген білім ордасында STEM және робототехника кабинеттері ашылады.

Одан бөлек 2026 жылы денсаулық сақтау саласында халық үшін де, мамандар үшін де маңызды жаңалықтар бар. Ең бастысы – медициналық көмектің бірыңғай пакеті іске қосылып, сақтандыруы жоқ азаматтар үшін де негізгі скринингтер мен шұғыл көмек түрлері толықтай тегін болды. Сонымен қатар сақтандыру жүйесіндегі жеңілдіктер кеңейіп, табысы төмен 1 миллионға жуық адам мемлекет есебінен МӘМС-пен қамтылды.

Сондай-ақ ұстаз, дәрігер, бапкерлер мен кітапханашылардың жалақысы айтарлықтай ұлғаймақ. Жастарды қолдау мақсатында студенттер мен магистранттардың шәкіртақысы тағы да өсіп, шәкіртақы мөлшерін кезең-кезеңімен екі еселеу жоспары биыл толықтай жүзеге асырылды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар