Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қазақстанда мобильді алаяқтыққа қарсы қорғаныс шаралары күшейтіліп жатыр

Қазақстанда мобильді алаяқтыққа қарсы қорғаныс шаралары күшейтіліп жатыр
freepik
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды arainfo.kz

Қазақстанда азаматтарды мобильді және интернет-алаяқтықтан қорғауға бағытталған жаңа тетіктер іске қосылады. Қабылданып жатқан шаралар байланыс саласындағы қауіпсіздікті күшейтіп, алаяқтық әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Негізгі жаңашылдықтардың бірі – ұялы байланыс операторларының Ұлттық Банктің Антифрод-орталығымен тұрақты өзара іс-қимылы. Бұл алаяқтық мақсатта пайдаланылатын телефон нөмірлерін дер кезінде анықтап, жедел бұғаттауға жол ашады. Күдікті қоңыраулар мен хабарламалар анықталған жағдайда, операторлар абонент туралы мәліметтерді Антифрод-орталыққа жолдап, тексеру жүргізеді. Алаяқтық белгілері расталса, нөмір бірден бұғатталып, байланыс қызметі тоқтатылады.

Сонымен қатар, абоненттік нөмірлерді рәсімдеу тәртібі нақтыланды. Енді бір адам жеке және отбасылық қажеттіліктер үшін онға дейін SIM-картаны тіркей алады. Бұдан артық нөмірлерді рәсімдеу тек нақты негіздеме болған жағдайда және олардың қай құрылғыларда пайдаланылатыны көрсетілген кезде ғана мүмкін болады. Бұл шешім нөмірлерді жаппай тіркеу арқылы жасалатын алаяқтық схемалардың жолын кесуге бағытталған.

Абоненттерді сәйкестендіру талаптары да күшейтіледі. SIM-карталарды рәсімдеу міндетті биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін ғана жүзеге асырылады. Бұл талап бизнес құрылымдарға да қатысты: қызметтік мақсатта SIM-карта берілетін барлық қызметкерлер жеке басын растауы тиіс.

Міндетті биометриялық сәйкестендіру SIM-карталардың делдалдар арқылы заңсыз сатылуын болдырмауға мүмкіндік береді. Нөмір қай жерде сатып алынғанына қарамастан, байланыс қызметі абоненттің жеке басы расталғаннан кейін ғана іске қосылады.

Жалпы алғанда, енгізіліп жатқан шаралар телекоммуникация саласында ашық әрі қауіпсіз ортаны қалыптастырып, азаматтарды қаржылық және цифрлық алаяқтықтан қорғауға бағытталған.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар