Қазақстанда креативті индустрияны мемлекеттік қолдау қағидалары бекітілді
- author AR-AY
- 6 қаңтар, 2026
- 32
Жаңа құжат саланы дамытудың жүйелі әрі ашық тетіктерін қалыптастыруға бағытталған.
Қағидалар креативті жобаларды идея мен пилоттық шешімдерден бастап, оларды коммерцияландыру және халықаралық нарықтарға шығару кезеңіне дейін кешенді түрде қолдауды көздейді. Бұл ретте жобалардың экономикалық тұрақтылығына басымдық беріліп, гранттық қаржыландыру үлесін азайту және жеке инвестиция тарту негізгі бағыттардың бірі ретінде айқындалған.
Құжатта креативті және пилоттық жобаларды қаржыландыру, бірлесіп қаржыландыруға арналған қаржы құралдарын пайдалану, жеке инвесторлармен серіктестік орнату, креативті өнім экспортын қолдау мәселелері қарастырылған. Сондай-ақ зияткерлік меншікті тіркеу және құқықтық қорғауға жұмсалған шығындарды өтеу, халықаралық шығармашылық байқаулар мен іс-шараларға қатысу, халықаралық деңгейде жетістікке жеткен жобаларға сыйақы беру нормалары енгізілген.
Сонымен қатар, қаржылық емес қолдау шаралары да көзделген. Атап айтқанда, консультациялық, акселерациялық және білім беру қызметтері, халықаралық мәдени және креативті платформаларға қатысуға жәрдемдесу, үй-жайлар мен жабдықтарды жеңілдетілген шарттармен ұсыну, цифрлық сервистер мен онлайн-платформаларды дамыту, маркетингтік және құқықтық сүйемелдеу шаралары қарастырылған.
Бұдан бөлек, креативті индустрияны дамытудың өңірлік стратегияларын әзірлеу, инклюзияны қамтамасыз ету және саланың жекелеген бағыттары бойынша арнайы бағдарламаларды іске асыру жоспарланып отыр.
Мамандардың пікірінше, қағидалардың қабылдануы креативті индустрияны ел экономикасының бәсекеге қабілетті әрі табысты саласына айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құрып, экспорттық әлеуетті арттыруға жол ашады.




