Семинар жұмысына еліміздің әр өңірінен келген мектеп мұғалімдері, ғалымдар, әдіскерлер мен тәжірибелі педагогтар қатысып, шерхантанудың теориялық, әдістемелік және практикалық қырларын жан-жақты талқылады. Жиын барысында Шерхан Мұртаза шығармашылығын оқытудың ғылыми негіздері сараланып, авторлық бағдарламалар мен оқытудың тың әдіс-тәсілдері ұсынылды. Қатысушылар ғалымдар мен білікті ұстаздардың ғылыми тұжырымдарына қанығып, тәжірибеге бағытталған нақты ұсыныстар алды.
Семинардың мазмұндық ерекшелігі – шерхантанудың теориясы, оны оқытудың әдістемесі және цифрлық кеңістіктегі мүмкіндіктері біртұтас жүйе ретінде қарастырылуында болды. Осы арқылы ұлттық әдебиетті оқытуда дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімді моделі ұсынылды.
Ғылыми жиын аясында шерхантанудың теориялық мәселелеріне ерекше назар аударылып, бұл бағытта мазмұны терең, ғылыми тұрғыда негізделген баяндамалар тыңдалды. Шерхан Мұртаза шығармаларының көркемдік әлемі, идеялық-тақырыптық ерекшелігі мен тәрбиелік мәні кеңінен талданып, пәнді ғылыми жүйеде оқытудың маңыздылығы айқындалды.
Сонымен қатар семинар барысында «Шерхантану» курсы бойынша әзірленген авторлық бағдарламалар таныстырылды. Бұл бөлімде мектеп мұғалімдерінің шығармашылық ізденісі мен әдістемелік шеберлігі айқын көрініс тапты. Ұсынылған бағдарламалар 5-10-сыныптарда шерхантануды жүйелі түрде оқытуға арналған нақты үлгі ретінде бағаланды. Әр бағдарламада оқушының жас ерекшелігі, танымдық қабілеті мен ұлттық құндылықтарды меңгеру деңгейі ескерілген.
Семинардың ең заманауи әрі инновациялық сипатын «Шерхантану және цифрлық кеңістік» бағыты айқындады. Бұл бағытта цифрлық филология, инклюзивті білім беру, дизайндық ойлау және жасанды интеллект элементтерін оқу үдерісіне енгізу жолдары жан-жақты көрсетілді. Қатысушылар Шерхан Мұртаза шығармаларын оқытудың жаңа форматтағы тиімді тәсілдерін ұсынып, цифрлық технологиялардың білім сапасын арттырудағы рөліне тоқталды.
Сонымен қатар ұсынылған қысқа мерзімді сабақ жоспарлары «Шерхан ЖИ тілімен» бағытының практикалық мүмкіндігін нақты дәлелдеді. Жасанды интеллект көмегімен әзірленген бұл сабақ үлгілері мұғалімдер тарапынан жоғары бағаланып, тәжірибеде қолдануға дайын екені айтылды.
Семинар нәтижесінде қатысушылар Шерхан Мұртаза шығармаларын оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздерін терең меңгеріп, авторлық бағдарламалар мен цифрлық ресурстарды тиімді пайдаланудың жолдарын үйренді. Сонымен бірге ұлттық руханиятты қазіргі білім беру талаптарымен ұштастырудың тиімді моделі қалыптасты.
Семинар қорытындысында белсенділік танытқан 26 спикерге алғыс хаттар табысталып, онлайн және офлайн форматта қатысқан 140 мұғалімге біліктілікті арттыру жөніндегі сертификаттар берілді.
Үш күндік тағылымды басқосу шерхантануды білім беру жүйесіне жүйелі енгізудің, ұстаздардың кәсіби құзыреттілігін арттырудың және ұлттық әдеби мұраны заманауи форматта оқытудың жарқын үлгісі ретінде өз мәресіне жетті.
Айжан ӨЗБЕКОВА



