Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Халықаралық байқауда күміс жүлде иеленді

Халықаралық байқауда күміс жүлде иеленді
Автор
Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 «Н» сынып оқушысы Сырым Уали халықаралық деңгейдегі беделді зияткерлік сайыста ел абыройын асқақтатты. Ол әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 12 300-ден аса қатысушының арасынан оза шығып, халықаралық астрономия және астрофизика байқауында күміс жүлдеге ие болды.

«The International Astronomy and Astrophysics Competition» (IAAC) – астрономия мен астрофизика саласындағы білімді терең бағалайтын, логикалық ойлау мен ғылыми талдауды талап ететін әлемдік деңгейдегі жарыс. Байқау үш кезеңнен тұрады: іріктеу, финалға дейінгі кезең және қорытынды финал. Сырым үшін бұл жарыс бастапқыда өзін сынап көру мүмкіндігі ретінде басталғанымен, үлкен ғылыми тәжірибеге айналды.

– Жалпы, астрономия мен астрофизикаға тікелей қызығушылығым болған жоқ. Бірақ осындай мүмкіндік бар екенін көріп, тәуекел етіп қатысып көрдім. Қатысушылар саны соншалықты көп болады деп ойламадым. Оның қаншалықты ауқымды байқау екенін соңғы тур нәтижелері жарияланған кезде ғана түсіндім. Ең күрделісі екінші тур болды. Бұл кезеңде қатысушылар әртүрлі деңгейдегі есептерді шешіп қана қоймай, астрономияға қатысты заңдылықтарды меңгеріп, формулаларды өз бетінше қорытып, ең бастысы астрономия саласындағы екі ғылыми мақаланы терең талдап, сұрақтарға жауап берді. Мұндай тапсырмалар тек білімді ғана емес, шыдамдылық пен жүйелі ойлауды да талап етеді. Байқау кезінде жетекшім Ерболат Қасқарбаевтың, сондай-ақ физика пәнінің мұғалімі Ерболат Өнербекұлының қолдауын ерекше сезіндім. Тәлімгерлерімнің арқасында осы жеңіске қол жеткіздім, – дейді Сырым.

Дайындық барысында білімді өрен «ilectureonline.com» және «nineplanet.org» сынды халықаралық ғылыми платформалардағы материалдарды кеңінен пайдаланған. Осылайша ол астрономия мен астрофизиканың түрлі тақырыптарын өздігінен меңгеріп, білімін тереңдеткен.

Болашақта білімді өрен өзін инженер ретінде елестетеді. Мектепті аяқтаған соң шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуды мақсат етіп отыр. Оның айтуынша, оқу орнын таңдаудағы басты талап – инженерлік бағдарламалардың сапалы аккредитациясы мен жоғары деңгейдегі білім беру жүйесі.

Сонымен қатар, жас зияткер Қазақстандағы ғарыш саласының дамуына қатысты өз көзқарасын да білдірді. Оның пікірінше, еліміздің бұл бағытта әлеуеті зор. «Байқоңыр» ғарыш айлағы, географиялық орналасу және халықаралық ынтымақтастық – үлкен артықшылық. Дегенмен, салада білікті мамандардың жетіспеушілігі, жастардың астрономияға қызығушылығының төмендігі, қаржыландыру мен технология тапшылығы сынды түйткілдер бар екенін де жасырмайды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар