Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков, өңірдегі бірқатар колледж директоры мен білім саласының мамандары қатысты. Лента қию рәсімінен кейін қонақтар жаңа ғимаратты аралап, колледждің материалдық-техникалық базасымен жан-жақты танысты.
Колледж директоры қатысушыларға Ләззат Мырзабекова оқу орнының бүгінгі тынысы, жетістіктері мен алдағы даму жоспарлары жөнінде мазмұнды презентация жасап, жаңа корпустың мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, бұл ғимарат – студенттің жан-жақты дамуына жағдай жасайтын толыққанды білім беру ортасы. Жаңа оқу корпусында кең әрі жарық аудиториялар, заманауи спортзалы, жаңартылған кітапхана, мультимедиялық мәжіліс залы, өндірістік шеберханалар мен арнайы кабинеттер орналасқан.
Кітапханада электронды дерекқорлар, цифрлық ресурстар мен жаңартылған әдеби қор таныстырылып, студенттер үшін қолайлы әрі тиімді оқу ортасы қалыптастырылғаны айтылды. Іс-шара барысында қонақтар дәстүр бойынша «Қонақтар кітабына» өз тілектерін қалдырды.
Сонымен қатар, террассада өткен жұмысшы мамандықтар көрмесінде студенттердің «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Ветеринария», «Орман шаруашылығы» бағыттары бойынша орындаған үздік жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды. Болашақ мамандардың тәжірибелік дағдылары мен шығармашылық ізденістері көрме қонақтарының жоғары бағасына ие болды.
Ресми жиында Мәжіліс депутаты Ерболат Байұзаұлы, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Ғалымжан Құсманғали, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков сөз сөйлеп, жаңа оқу корпусының маңыздылығын атап өтті. Олар мұндай заманауи инфрақұрылым білікті кадрлар даярлауда шешуші рөл атқаратынын айтты. Университет атынан құрметті қонақтарға естелік сыйлықтар табысталды.
Іс-шара соңында делегация колледждің қосымша корпусын, оқу кабинеттері мен өндірістік шеберханаларын аралап, білім беру кеңістігінің жаңа деңгейге көтерілгенін ерекше атап өтті.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Халықаралық байқауда күміс жүлде иеленді
Ұқсас жаңалықтар
Елімізде 2025 жылдың басынан бері 91 мыңнан астам педагог біліктілігін арттырды
- авторAR-AY
- 8 желтоқсан, 2025




