Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дәстүр мен медицинаны ұштастырған жоба

Дәстүр мен медицинаны ұштастырған жоба
Автор
Қазіргі таңда кәсіп бастауды, стартап жобасын жүзеге асыруды мақсат еткен жастар үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау аз емес. Түрлі гранттар мен мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, идеяңды іске асыруға мүмкіндік мол. Соның бірі – «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты – дарынды жастарды анықтауға бағытталған Президент бастамаларының бірі. Облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру бойынша байқау өңірімізде жыл сайын өткізіліп келеді.

Жуырда ғана биылғы жеңімпаздар анықталып, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен өткен форумда салтанатты түрде марапатталған болатын. Жүзден жүйрік шыққан жастар ұсынған жобалар әлеуметтік маңызы жоғары, қоғамға нақты пайда әкелетін бастамалар. Соның ішінде жас та болса өмірлік және кәсіби тәжірибесі қалыптасқан Нұрбақыт Сейтқасымованың дәстүр мен заманауи көзқарасты ұштастыра білген жобасы назарымызды аудартты. Стартап авторы қазақтың ежелгі «Шілде терін шығару» дәстүрін бүгінгі күн талабына сай қайта жаңғыртып, жас аналарға арналған кешенді күтім көрсетуді мақсат еткен ерекше әлеуметтік жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

25 жастағы Нұрбақыт Тараз қаласының тумасы. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқып, «Биология пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бакалавр және магистр дәрежелерін алған. Университетте жүріп-ақ түрлі марапаттарға ие болып, халықаралық конференцияларда жүлделі орындар алған.

Кейіпкеріміздің айтуынша, «ШілдеТер» жылжымалы сервис жобасын жүзеге асыру туралы ой кездейсоқ тумаған.

– Өзім де ана болған соң, бастан өткізген соң босанудан кейінгі қиындықтарды, әйелдің ағзасы қалай әлсірейтінін жақсы білемін. Бала дүниеге келгеннен кейін ананың денсаулығын қалпына келтіру кезеңі көбіне елеусіз қалып қояды. Алайда дәл осы уақыт ананың әрі қарайғы физикалық және психологиялық жағдайы үшін шешуші маңызға ие. Қазіргі таңда көптеген жас ана босанғаннан кейінгі күтімнің қыр-сырын толық білмейді. Ал сенімді ақпарат пен кәсіби қолдаудың жетіспеушілігі түрлі денсаулық мәселелері мен эмоционалдық күйзелістерге алып келіп жатады. Осы олқылықтың орнын толтыру, аналарға нақты әрі қолжетімді көмек көрсету қажеттілігі «ШілдеТер» атты жылжымалы сервис құру идеясының тууына түрткі болды. Қазақтың ежелгі «Шілде терін шығару» дәстүрін заманауи форматта қайта жандандырып, босанған аналарға үй жағдайында кешенді күтім көрсететін сервис жас аналар үшін үлкен қолдау бола алады. Жоба аясында арнайы дайындықтан өткен, ұлттық дәстүрді терең білетін массажист, фитотерапевт және психологтан құралған топ жас ананың үйіне барып, оған физикалық, эмоционалдық және рухани тұрғыда жан-жақты қолдау көрсетеді. Қызмет көрсету барысында дәстүрлі элементтер мен заманауи тәсілдер үйлесім табады. Атап айтқанда, күтім құрамына қазақы салтқа сай сорпа беру, шөптік бу, массаж секілді рәсімдермен қатар, психологиялық кеңес, жеңіл жаттығулар, перинаталды күтім элементтері енгізіледі. Мұның барлығы ананың босанғаннан кейінгі қалпына келу процесін жеңілдетуге, өзін қауіпсіз әрі қамқорлықта сезінуіне бағытталған, – дейді Нұрбақыт Әбсадыққызы.

Жобаның басты артықшылықтарының бірі – қолайлылығы. Аналарға арнайы орталықтарға барып, уақыт жоғалтудың қажеті болмайды. Барлық күтім пакеті өз үйінде, үйреншікті әрі жайлы ортада көрсетіледі. Бұл әсіресе босанғаннан кейінгі алғашқы күндері аса маңызды. Сонымен қатар «ШілдеТер» сервисінің көпфункционалдылығы жобаның негізгі ерекшелігі саналады. Себебі мұнда тек бір бағытқа емес, ананың денсаулығына кешенді түрде көңіл бөлінеді.

Әрбір клиенттің жеке жағдайы мен қажеттілігін ескере отырып арнайы бағдарлама құрастырылып, 3 күндік «Жеңіл дем», 7 күндік «Толық дем» немесе 14 күндік «Жандану» атты абонементтік пакеттер ұсынылады. Бұдан бөлек, қызмет алған әр анаға жоба атынан ұлттық тағамдардан құралған – құрт, ірімшік, кілегей секілді сыйлықтар табысталады.

«ШілдеТер» жобасы бір жағынан тұрақты дамуға бағытталған бизнес-бастама болса, екінші жағынан айқын әлеуметтік мәні бар жоба. Ана мен бала денсаулығын нығайтып, отбасы құндылықтарын дәріптеуге үлес қосады. Осындай мазмұнды әрі қажетті сервис арқылы жас кәсіпкер қоғамдағы жас аналардың өмір сапасын жақсартуға нақты үлес қосуды көздеп отыр.

Грант қаржысы старпаты іске қосу мақсатында кешенді түрде жұмсалатын болады. Жоба аясында ең алдымен жас аналарға үй жағдайында қызмет көрсетуге арналған жылжымалы қызмет тобы қалыптастырылады. Қызмет сапасын қамтамасыз ету үшін портативті массаж үстелі, фитошөп қоспалары, жылжымалы бу құрылғысы сияқты арнайы жабдықтар мен құралдар əзірленеді. Қызмет аясын кеңейту мақсатында жас аналарға арналған бейнесабақтар, пайдалы кеңестер мен онлайн-консультациялар ұсынылатын онлайн сервис іске қосылады. Әлеуметтік желілерде жарнамалық роликтер, клиенттердің пікірлері мен ұлттық дəстүрді насихаттайтын маркетингтік стратегия жүзеге асырылады. Нəтижесінде сапалы қызмет көрсету арқылы тұрақты тұтынушылар пулын қалыптастырып, сенімді клиенттік база құру көзделеді.

Сервис қызметі жұмысты жетілдіріп, пысықтап алған соң жақын айларда іске қосылмақ. Тіпті алғашқы клиенттер де дайын екен.

– Алғашқы кезеңде қызмет алған клиенттердің нəтижесін жүйелі түрде бақылап, аналар тарапынан тұрақты сұраныс пен оң кері байланыс қалыптасқан жағдайда, бір жыл ішінде кемінде 30-дан аса анаға үй жағдайында кешенді қызмет көрсету жоспарлануда. Бұл жоба аясында жаңа жұмыс орындары ашылып, дəстүрлі күтім маманы, массажист жəне психолог сияқты мамандарды жұмыспен қамту көзделеді. Сонымен қатар бұл бастама болашақта табысты жəне тұрақты бизнес-модель ретінде дамуға əлеуетті. Қазіргі таңда Қазақстанда босанғаннан кейінгі кезеңде үй жағдайында көрсетілетін кəсіби күтім сервистері өте аз немесе мүлдем жоқ деуге болады. Жас аналардың басым бөлігі сəбимен бірге арнайы орталықтарға барып қызмет алуға уақыт пен мүмкіндік таба бермейді. Ал үйде көрсетілетін қызмет олардың күнделікті тұрмысына анағұрлым ыңғайлы. Қазақ дəстүріндегі босанғаннан кейінгі күтім элементтері біртіндеп ұмыт бола бастағанымен, оларды қауіпсіз, сапалы жəне заманауи форматта қайта ұсынуға қоғам тарапынан сұраныс бар. Əлемдік тəжірибеде postpartum care, яғни босанғаннан кейінгі күтім сервистеріне деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Осы үрдісті ескере отырып, аталған бағыт Қазақстанда да болашағы зор, ауқымды нарыққа айналып, ұлттық құндылықтар мен заманауи сервисті үйлестірген бірегей жоба ретінде дамуға толық мүмкіндік береді, – дейді Н. Сейтқасымова.

Облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали да жобаның әлеуметтік маңызы бар жоғары екенін айтады.

– Баланың дүниеге келуі – әр отбасы үшін үлкен қуаныш әрі ананың өміріндегі ең жауапты кезеңдердің бірі. Алайда босанғаннан кейінгі уақыт – жас ананың физикалық та, психологиялық та тұрғыда ерекше күтімді қажет ететін аса нәзік шағы. Өкінішке қарай, бұл кезеңнің маңыздылығы кейде елеусіз қалып, ананың толық қалпына келуіне жеткілікті көңіл бөлінбей жатады. Осы тұрғыда «ШілдеТер» жылжымалы сервис жобасының маңызы зор деп есептеймін. Бұл жоба – қазақтың ежелгі, тәрбиелік мәні терең «шілдехана», «қалжа» секілді дәстүрлерін заманауи форматта қайта жаңғырта отырып, жас аналарға үй жағдайында кешенді күтім көрсетуді мақсат еткен бірегей бастама. Қалжаланудың ананың күш-қуатын қалпына келтірудегі, иммунитетін нығайтудағы, сондай-ақ сүттің келуін жақсартудағы рөлі халық тәжірибесінде дәлелденген. «ШілдеТер» жобасы осы құндылықтарды ғылыми негізделген, қауіпсіз және қолжетімді қызметпен ұштастыруды көздеп отыр. Сондықтан бастаманы ұрпақ саулығына қызмет ететін игі іс деп сеніммен айта аламын, – дейді Э.Мырза-Ғали

Жоба авторы қазіргі таңда жас аналарға қызмет көрсететін білікті мамандарды іріктеп қойған. Барлығы да өз ісінің кәсіби шеберлері, тәжірибесі мол, жауапкершілігі жоғары мамандар.

Алдағы уақытта жоба ауқымын кеңейтіп, еліміздің өзге өңірлеріне шығару жоспарда бар. Себебі жас аналарға арналған мұндай форматтағы қызмет барлық аймақта сұранысқа ие екені анық.

Ана денсаулығы – ұлт денсаулығы. Осы қағиданы негіз еткен «Шілде тер» жобасы қоғам үшін пайдалы, болашағы зор бастамалардың бірі ретінде бағалануға әбден лайық.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар