Ол қала тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту мақсатында шағын дүкен мен дәмхана ашып, жергілікті халыққа қолайлы қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, малшаруашылығын дамыту ісіне де белсене араласып, ауыл экономикасының өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді.
Жас кәсіпкер Сарысу ауданының тумасы. Ауыл тіршілігінің қыр-сырын бала күнінен бойына сіңіріп өскен ол еңбекке ерте араласып, маңдай термен табыс табудың қадірін жастайынан ұғынған.
Он сегіз жасқа толған шағында қатарластары секілді қалаға кетпей, туған ауылында қалып, малшаруашылығымен айналысуға бел буады. Алғашында шағын қадамдардан басталған бұл іс уақыт өте келе берекесі мен нәсібі мол кәсіпке ұласып, бүгінде ауыл экономикасына өз үлесін қосып отырған табысты шаруашылыққа айналған.
– «Мал баққанға бітеді» дегендей, бұл салада нәтижеге жету үшін үздіксіз еңбек пен шыдамдылық қажет. Тәжірибесі жоқ мен үшін алғашқы қадамдар оңайға соқпады. Күнделікті табанды еңбектің арқасында тәжірибе жинадым. Санаулы ғана малдың өзі қаншама жауапкершілікті арқалатты. «Аздың қадірін білген – көпке жетеді» деген сөздің мәнін сол кезде терең түсіндім. Себебі кәсіп жолын 1-2 бас малды бордақылап, оны сатып, санын біртіндеп көбейтуден бастадым. Уақыт өте келе тәжірибе молайды. Тәжірибенің арқасында жылқы сатып алып, кәсібімді кеңейтуге мүмкіндік туды, – дейді Жандос Мелдебекұлы.
Әрбір жетістіктің артында маңдай тер мен тынымсыз еңбек тұратыны белгілі. Бұл жолда жас кәсіпкер де жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруді мақсат етпеген.
Тәжірибенің аздығынан кей кездері нарықтың талабын дәл бағалай алмай, бағаны дұрыс қоюда қателіктерге де жол бергенін жасырмайды. Алайда әрбір қателік келешектегі нық қадамдарға негіз болып, кәсібінің берік қалыптасуына жол ашты.
Сонымен қатар жас кәсіпкер мал күтімі мен төрт түлікке тән аурулардың алдын алу жолдарымен де бөлісті. Оның айтуынша, мал ауруларының алдын алу малшаруашылығындағы ең маңызды әрі жауапты бағыттардың бірі.
– Бұл жұмыс ең алдымен уақытылы және жүйелі түрде жүргізілетін ветеринарлық шаралардан басталады. Малға қажетті екпелер мен профилактикалық дәрі-дәрмектер уақытында салынып, жоспарлы тексерулер тұрақты түрде жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар қора-жайдың тазалығын сақтау, малды дұрыс күтіп-баптау және сапалы жем-шөппен қамтамасыз ету де аурудың алдын алуда шешуші рөл атқарады. Одан бөлек күнделікті бақылаудың да маңызы зор. Малдың жалпы күйі, тәбеті мен жүріс-тұрысы үнемі назарда болуы керек. Қандай да бір өзгеріс байқалған жағдайда уақыт оздырмай мал дәрігеріне хабарласып, тиісті алдын алу шараларын қолға алу қажет, – дейді ол.
Жандос Мелдебекұлы тек малшаруашылығымен шектеліп қалмай, «кәсіп түбі – нәсіп» деген қағиданы берік ұстанып кәсіпкерліктің өзге де бағыттарын қатар дамытуда. Бүгінде ол азық-түлік дүкені мен шағын дәмхана ашып, сауда мен қызмет көрсету саласында да мол тәжірибе жинақтауда.

«Туған жерге туыңды тік» дегендей, жас кәсіпкер барлық бастамасын өзі туып-өскен Тоғызкент ауылында жүзеге асыруды көздеп отыр. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстардың басым бөлігі пысықталып, жер мәселесі мен негізгі жоспарлар жергілікті басшылықпен толық келісіліпті.
– Мен жастарға жол сілтегенде бір ғана саланы нұсқап, «тек осыны таңда» деген тар шеңберге ешқашан қамамаймын. Өйткені адам атаулы бір қалыптан құйылып шыққан мүсін емес. Әркімнің жүрегіне жақын өз жолы бар, табиғатынан дарыған бейімі мен ішкі қуаты бар. Біреудің жаны кәсіпкерлікке жақын болса, енді бірі қызмет көрсету арқылы елге пайдасын тигізеді. Қай-қайсысы да қоғамға қажет, өмірге мән беретін адал еңбек. Адам өз ісін шын ниетпен, ықыласпен атқарса, сол еңбегімен-ақ ел есінде қалады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөздің де түп-төркіні – табандылық пен маңдай терде. Қай салада болсын адал еңбек пен қайсарлық болса, алынбайтын асу жоқ, бағынбайтын белес жоқ. Ең бастысы – екі қолға бір күрек тауып, уақытты зая кетірмеу. Себебі бос отырған жан берекеден де, өсуден де алыстайды. Ал еңбек бар жерде тіршілік бар, қозғалыс бар, даму бар. Адам өз ісін сүйіп атқарғанда ғана еңбегі берекеге айналып, өмірін нұрлы жолға бастайды. Сонда ғана еңбек міндет емес, мағынаға толы ғұмырдың өзегіне айналады. Алдағы арманым – өзім туып-өскен ауылда кәсібімді дөңгелетіп, ауыл тіршілігін жаңа деңгейге көтеру. Ауыл – алтын бесік, тамыр тартқан қасиетті мекен. Оның тынысы кеңейіп, тіршілігі жанданса, тұтас өңірдің әлеуеті артады. Бұл арман құр қиял емес, нақты жоспарға негізделген мақсат. Себебі бүгінгі таңда аудан әкімдігі тарапынан жас кәсіпкерлерге жүйелі қолдау көрсетіліп келеді. Осы ретте аудан әкімі Сәкен Мамытовтың жастардың бастамасына жанашырлықпен қарап, кәсіпкерлікті дамытуға қолдау білдіріп отырғанын ерекше атап өткім келеді. «Жақсы басшы елдің ырысы» демекші, осындай қолдаулардың арқасында ауылда да, ауданда да ілгерілеу мен жаңғыру жалғаса беретініне сенім мол,– дейді Жандос Бейсен.
Жастардың ауыл тіршілігін жандандыруға бағытталған игі бастамалары – ел дамуының берік іргетасы. Мұндай қадамдар туған жерге жан бітіріп, болашаққа деген сенімді күшейтеді.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ



