«Шымкент шоу» әзіл-ысқақ театрының бір қойылымында қызық оқиға көрсетіледі. Бір үйге бөтен адам келеді. Үйдегілер оны танымайды, бірақ ол олардың бәрін біледі. Балалардың сабақ үлгерімінен бастап, үйдегі ит пен мысыққа дейін, тіпті әженің жайнамазы қайда тұратынын да біледі. Отбасы мүшелері әлгі адамды танымағанына ұялып, мал соймақ болады. Кейін анықталғандай, бұл адам олардың ешбір туысы емес, оларды әлеуметтік желі арқылы ғана танитын адам болып шығады. Бұл мысал қазіргі цифрлық дәуірде жеке өміріміздің интернетте қаншалықты көрініп жатқанын айқын көрсетеді.
Қазіргі әлеуметтік желілерде адамдардың жүрген-тұрғаны, ішкен-жегені, барған жері ғана емес, көңіл күйі мен күнделікті сәттері де жарияланып отыратынына әбден көзіміз үйренді. Тіпті кейбіреулер үшін әлеуметтік желі жеке күнделікке айналған. Олар әр сәтін бөлісіп, өмірін көпшілікке көрсетеді, пікір күтеді, «лайк» дәметеді. Экрандағы өмір көбіне ойластырылған және сұрыпталған сәттерден тұратыны белгілі. Бір адамның «стористерінен» оның өмірін толық таныдым деу дұрыс емес. Жасөспірімдер де, ересектер де осыны байқамай, өз өмірін өзгелермен салыстырып, күйзеліске түсіп, өзіндегі барына қанағат етпей, басқа әдемі әлемді армандап жатады. Соңы суицидпен, ажырасумен, тым болмағанда психологтың көмегіне жүгінумен аяқталып жатады.
Әлеуметтік желілерді қолдану әдеті психологиялық тұрғыдан да қызық құбылыс. Зерттеулер көрсеткендей, күн сайын әлеуметтік желіде 1 сағаттан көп уақыт өткізетін адамдардың мазасыздық деңгейі жоғары, өзін-өзі бағалау деңгейі төмен болады екен. Британдық Бата университетінің зерттеуі бойынша, күн сайын бір сағаттан артық әлеуметтік желіде уақыт өткізетін ересектер мен жасөспірімдер өздерін өзгелермен жиі салыстырады және депрессиялық көңіл күйге жиі түседі.
Соңғы жылдары «цифрлық детокс» деген ұғым жиі айтылатын болды. Бір апта немесе бір ай әлеуметтік желіден бас тартқандар бұл кезеңді кейде қиын сынақ ретінде сезініп, «зорға шыдадым» деп жатады. Біреулері тіпті бұл үзілісті де әлеуметтік желіде бөлісіп, жаңа контентке айналдырады. Бұл қазіргі қоғамдағы қайшылықты жағдайдың айқын көрінісі. Интернетсіз өмірді ойлап, оған қадам жасаған адам да экранға тәуелділіктен толық босамай қалатынын көрсетеді.
Цифрлық детокс тек гаджеттерден толық бас тарту емес, оларды саналы түрде қолдану туралы шешім қабылдау. Digital detox экран уақытын шектеу, әлеуметтік желілерден үзіліс жасау, офлайн хоббилерге уақыт бөлу сияқты әрекеттерді қамтиды. Информациялық детокс – бұл қажетсіз жаңалықтардан, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі артық ақпараттан бас тарту. Екеуі қатар қолданылуы мүмкін, бірақ бірінен бастауға болады.
Әлеуметтік желілерде ұзақ отырудың психологиялық әсері бар. Үнемі хабарламаларды тексеру, лайк күту, өзгелердің реакциясына тәуелді болу – адамға ішкі тыныштық бермейді. Ғылыми деректер бойынша, адам күн сайын орта есеппен 7 сағаттан аса гаджетпен отырады екен, оның ішінде 2,5 сағаты әлеуметтік желілерде өтеді. Бұл миға үлкен жүктеме береді, концентрацияны төмендетеді, эмоционалды тепе-теңдіктің бұзылуына және нақты қарым-қатынасқа кедергі болады. Адамдардың 88 пайызы ояна сала смартфонға қол созады. Әлеуметтік желіні орташа деңгейде қолданатын адам күніне 2600 рет экранмен өзара әрекеттеседі. Мұндай цифрлық жүктеме зейінді төмендетіп, шаршауды тездетеді, депрессия мен мазасыздықты арттырады.
Экрандағы өмір мен шынайы өмір әрдайым бірдей болмайды. Кейбіреулер сторис арқылы өмір сүріп жатқандай көрінуі мүмкін, ал басқалары өз өмірін жарияламай, оны тек өздері үшін сақтайды. Бұл қазіргі цифрлық қоғамдағы басты ерекшелік. Әлеуметтік желідегі белсенділік кейде адамның өмірін бағалаудың басты өлшемі сияқты көрінгенімен, экрандағы аз көріну адамның өмірі қызықсыз немесе мәнсіз дегенді білдірмейді. Керісінше, бұл шынайы өмірде өз уақытын және энергиясын маңызды нәрселерге бағыттай алу мүмкіндігін көрсетеді.
Әлеуметтік желі адамның өмірін жеңілдетуі де, қиындатуы да мүмкін. Экрандағы өмір мен шынайы болмысты ажырата білетін адамдар цифрлық кеңістікте адаспайды. Өз өміріміздің басты бөлігін сторис үшін емес, өзіміз үшін, жақындарымыз үшін өткізу бүгінгі қоғамға қажет маңызды ұстанымдардың бірі. Әрбір сәтті өз көзіңмен көру, өз эмоцияңды сезіну және оны шынайы өмірде бағалау – психологиялық тұрақтылық пен саналы өмірдің белгісі. Сіз қай топқа жатасыз, оқырман?
Айжан ӨЗБЕКОВА


