Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Темекі баланың ағзасын қалай зақымдайды?

Темекі баланың ағзасын қалай зақымдайды?
Автор
Темекі шегу – балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына тікелей қауіп төндіретін ең ауыр кеселдің бірі. Ғылыми деректерге сүйенсек, темекі түтінінің құрамындағы улы заттар бала ағзасының барлық жүйесіне кері әсер етіп, иммундық қорғанысты әлсіретеді және зат алмасу үдерісін бұзады. Темекі шегу кезінде көмірқышқыл газының көп мөлшері баланың қанына түсіп, гемоглобинмен байланысады да, оттегінің ағзаға жеткізілуін тежейді. Салдарынан ұлпалар мен мүшелер оттегі жетіспеушілігіне ұшырайды. Мұндай жағдай ұзақ уақыт жалғасса ауыр асқынуларға, тіпті өмірге қауіп төндіретін жағдайларға әкелуі мүмкін.

Балалық және жасөспірімдік шақ – ағзаның белсенді өсіп, қалыптасу уақыты. Осы кезеңде темекіге әуестік баланың бойының өсуін баяулатып, сүйек-бұлшықет жүйесінің дұрыс дамуына кедергі келтіреді. Темекі шегетін жасөспірімдерде төзімділік төмендеп, тез шаршау, әлсіздік, бас айналу белгілері жиі байқалады. Сонымен қатар, жүрек-қантамыр жүйесіне түсетін салмақ артып, жүрек соғысының бұзылыстары мен өкпенің созылмалы аурулары ерте жаста қалыптасуы мүмкін.

Никотин ең алдымен баланың ми қызметіне кері әсер етеді. Оттегі тапшылығы салдарынан жүйке жасушаларының қалыпты жұмысы бұзылып, зейін қою, есте сақтау және ойлау қабілеттері төмендейді. Балалардың тыныс алу және ас қорыту жүйелері ересектерге қарағанда әлдеқайда белсенді жұмыс істейді. Сондықтан темекі түтініндегі уытты заттар бала ағзасына тез сіңіп, зиянды әсері бірнеше есе күшейеді. Тіпті темекі шекпейтін балалардың өзі пассивті шылым шегу жағдайында болса, олардың денсаулығына да үлкен қауіп төнеді. Бұл бронхит, аллергиялық реакциялар және тыныс алу жолдарының жиі қабынуына себеп болады.

Никотинге тәуелділік балаларда өте жылдам қалыптасады. Бірнеше рет темекі тартудың өзі тұрақты әдетке айналып, одан бас тартуды қиындатады. Сондықтан темекінің зияны туралы алдын ала түсіндіру, ерте жастан бастап салауатты өмір салтын қалыптастыру аса маңызды. Бұл бағытта ата-ананың жеке үлгісі, мектептегі тәрбиелік жұмыстар мен медицина қызметкерлерінің кеңестері үлкен рөл атқарады.

Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» №360-VI Кодексінің 110-бабы 2 және 5-тармақтарының 1 және 5-тармақшаларына сәйкес, білім беру ұйымдарының, спорттық және сауықтыру нысандарының ғимараттары мен аумақтарында темекі өнімдерін, оның ішінде электрондық темекілерді, қыздырылатын темекі жүйелерін және қорқор өнімдерін сатуға және тұтынуға қатаң тыйым салынған. Бұл заң нормалары балалардың денсаулығын қорғауға және зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті балалар мен жасөспірімдер арасында темекі шегудің алдын алу мақсатында жүйелі ақпараттық-ағарту жұмыстарын жүргізіп келеді. 2025 жылдың басынан бері бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде бірқатар материалдар жарық көріп, тікелей эфирлер, «Ашық есік» күндері, дәрістер мен радиолекциялар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, мектептер мен ата-аналар жиналыстарында түсіндіру жұмыстары жүргізіліпліп, жасөспірімдерге зиянды әдеттердің салдары кеңінен түсіндірілуде.

Бұл атқарылып жатқан кешенді жұмыстардың барлығы – болашақ ұрпақтың денсаулығын сақтау, балаларды темекі түтінінен қорғау және олардың саналы, жауапты тұлға болып қалыптасуына ықпал етуге бағытталған. Балалардың темекі шегуінің алдын алу – тек медицина қызметкерлерінің ғана емес, ата-аналар мен мұғалімдердің, жалпы қоғамның ортақ міндеті.

Салтанат ӘЛІБАЕВА,

облыстық санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаменті басшысының орынбасары

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар