Терроризм мен экстремизмге, соның ішінде діни сипаттағы аталған келеңсіздіктерге қарсы күрес – мемлекет алдында тұрған басым міндеттің бірі. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында құқық қорғау органдарына экстремизммен және әсіре діншілдікпен ымырасыз күрес жүргізуге тапсырма бергені белгілі. Ол ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесу жөнінде айта келе: «Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс», деді.
Жалпы экстремистік бағыттағы топтардың ең үлкен қателігі әрі мұсылман қауымына тигізіп отырған зияны – діннің атын жамылып әрекет етуі. Олар білім алуға, ғылым игеруге, мәдениет пен өнерге, ұлттық салт-дәстүрге күмәнмен қарап, отбасылық және қоғамдық қатынастарда шектен тыс тыйым салуды уағыздайды. Мұндай әрекеттер Исламның емес, әсіре діншілдіктің көрінісі екені анық.
Ал шын мәнінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с), «Қорқытпаңдар, сүйіншілеңдер», «Қиындатпаңдар, жеңілдетіңдер» деп, үнемі ортақ тепе-теңдікті сақтауды насихаттаған жоқ па?! Орта жолды ұстану – Исламның басты қағидаларының бірі. Дінде шектен шығу қатаң айыпталады. Құран Кәрімде: «Осылайша сендерді орташа үммет еттік» деп баяндалуы да осының айғағы.
Ислам – ақыл мен парасатқа негізделген дін. Ол адамды ойлануға, талдауға, саналы түрде сенуге шақырады. Күштеу арқылы иман келтіру немесе дінді зорлықпен қабылдату – Ислам рухына жат дүние. Бұл қағида Құрандағы «Дінде зорлық жоқ» деген айқын аятпен бекітілген.
Ислам – бейбітшілік пен әділеттілікті ту еткен, адамзатты мейірімге, сабырға, ізгілікке үндейтін асыл дін. Ал экстремистік ағымдар осы қасиетті жолды бүркемелеп, зорлық-зомбылық пен қатыгездікті ақтауға тырысады. Өздерін «таза мұсылманбыз» деп бетперде киіп, шын мәнінде Ислам қағидаларына қарсы әрекет етеді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмір жолы – бейбіт насихаттың, кешірім мен көркем мінездің үлгісі. Ол өзіне қастандық жасаған жандарды да кешіре білген. «Мұсылман – тілі мен қолынан өзгелерге зиян келмейтін адам» деген хадис шынайы мұсылманның қандай болуы керектігін анық көрсетеді.
Экстремизмнің ең ауыр салдары – жазықсыз адамдардың жапа шегуі. Өткен жылдары елімізде де, өзге мемлекеттерде де орын алған лаңкестік әрекеттердің артында радикалды идеология тұрғаны белгілі. Яғни өз көзқарасын ақиқат деп санайтын адам түптің-түбінде қантөгіске барудан да тайынбайды. Бұл – Исламға мүлде кереғар әрекет. Құранда: «Кім жазықсыз бір жанды өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең» деп анық айтылған.
Экстремистік көзқарастың қалыптасуына дінді үстірт түсіну, діни білімнің таяздығы және сыртқы радикалды ағымдардың ықпалы себеп болады. Бұған қарсы тұрудың ең тиімді жолы – жастарға дәстүрлі, дұрыс діни білім беру. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі бағыты да – осы. Имамдар мен дін ұстаздары Исламның бейбітшілік діні екенін, ал экстремизмнің адасу екенін үнемі айтып келеді. Ал діни білімді ҚМДБ-ға қарасты ресми мешіттер мен медреселерде алу – қоғамды радикалды идеялардан қорғаудың сенімді жолы. Сонда ғана қоғам бейбіт түрде теріс ағымдардан арылады.
Дін – мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – біз ұстанған ислам дінінің басты мұраты, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Ең бастысы жат ағымның бірлікке емес, бүлікке алып баратын жол екенін ұмытпайық.
Айжан ӨЗБЕКОВА




