Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіле береді

Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіле береді
Автор
Өңір экономикасының дамуы кәсіпкерлік ортаның ахуалымен де тікелей байланысты. Бұл ретте облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірдегі шағын және орта бизнестің мүддесін қорғау, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізіп келеді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты міндеттерінің бірі – кәсіпкерлерге қолайлы, іскерлік орта қалыптастырып, мемлекеттік органдармен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету және бизнестің тұрақты дамуына жағдай жасау.

МҮЛІКТІК ҚҰҚЫҚТАР ҚОРҒАЛУДА

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаевтың айтуынша, осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасына бизнесті қорғау желісі арқылы 78 өтініш түскен. Оның ішінде 10 өтініш бүгінгі күнге дейін оң шешімін тапса, 15 өтініш бойынша кәсіпкерлерге түсіндіру хаттары жолданыпты. Қалған 53 өтінішке қатысты тиісті мемлекеттік органдарға сұраныс хаттар жіберілген екен.

Түскен өтініштердің 22-сі жер қатынастары саласына тиесілі болса, мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша 11, білім беру бағытында   10, ауылшаруашылығы секторында 4 өтініш тіркелген. Қорғалған мүліктік құқықтардың жалпы сомасы 2,8 миллиард теңгені құраған. Өткен жылдың есепті кезеңінде қорғалған мүліктік құқықтар бойынша көрсеткіш 1,99 миллиард теңге болған.

Палатаға жергілікті мемлекеттік органдардан сараптамалық қорытынды алу үшін де 112 нормативтік-құқықтық акт жобасы келіп түсіпті. Оның ішінде 58 жобаға ескертусіз оң сараптамалық қорытынды берілген. 22 жоба бойынша ұсыныстар жолданып, 32 нормативтік-құқықтық акт жобасына кәсіпкерлердің мүдделерін қозғамайтындығы туралы жауап беріліпті. Сонымен қатар палата жанында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес биыл 10 отырыс өткізсе, оның ішінде бір кеңес сырттай облыстық прокуратура өкілдерімен Сарысу ауданында ұйымдастырылыпты. Осы кеңестерде 11 мәселе қаралса, сол  бойынша 15 ұсыныс жолданған екен. 5 мәселе оң шешімін тауып, 5 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған көрінеді.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында палата өкілдері 13 сот отырысына қатысыпты. Оның ішінде төртеуі бойынша оң шешім қабылданып, бизнес субъектілерінің құқықтары 201 миллион теңге көлемінде қорғалған. Облыстық прокуратура жанындағы кәсіпкерлерді және шетелдік инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытында жұмыс істейтін эксперттік кеңес осы жылы 7 сараптамалық жиын өткізіп, 5 жүйелік бизнес мәселесі шешіліпті. Кәсіпкерлік субъектілердің қызметіндегі 16 тексеру жойылған. Биыл жыл басынан бастап облыстық прокуратура органдарымен тығыз ынтымақтастықта және оперативті түрде прокурорлық актілерді енгізу арқылы да кәсіпкерлердің құқықтары қорғалған екен. Құқығы қорғалған 90 кәсіпкерге қатысты жалпы сома 160 миллион теңгені құраған.

– Мәселен, «Жамбыл су» кәсіпорнының Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы келісілген қарыздарды төлеу кестесі 2025 жылғы сәуір-қазан айларына бекітілген. «Жамбыл су» мекемесі директорының бұйрығымен Ж.Шогалов тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, жалпы сомасы 377,2 миллион теңгені құрайтын 189 шаруаға қатысты ревизиялық комиссияның нұсқамасына сәйкес 189 бизнес субъектісі 2022 жылғы наурыз-сәуір айларында алған субсидия қаражатын жергілікті бюджетке қайтаруға тиіс болған. Сол секілді 278 кәсіпкердің жеке балабақша саласында құқықтары қорғалды. Мұнда да облыс әкімдігі білім басқармасының «Мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржыландырылатын меншік нысанына қарамастан балалардың балабақша ұйымдарында болуын бақылау үшін ақпараттық жүйені енгізу» туралы бұйрығымен жеке балабақшаларда балалардың дактилоскопиялық тіркеуі заңсыз талап етілген. Инвестициялар мәселесіне келетін болсақ, облыста 2025-2028 жылдарға арналған база 82 инвестициялық жобадан тұрады. Жалпы сомасы 3,6 триллион теңгелік жоба арқылы 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылуы қажет. Оның ішінде құрылыс сатысында 62 жоба бар. Бұл тұрғыда  5,5 мың жұмыс орны құрылуы керек. Ал өнеркәсіп саласында 36 жобада – 1,7 триллион теңге болса, ауылшаруашылығында 17 жобаның сомасы – 48,4 миллиард теңге. Электр энергетикасында 1,3 триллион теңгелік екі жоба, туризм саласында 11,6 миллиард теңгелік 7 жоба бар. Осы орайда палата инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша  тұрақты түрде мониторинг жүргізді. Ұлттық палатаның интерактивті инвестициялық картасы және Ұлттық цифрлық инвестициялық платформасы арқылы жобаны орындау кезеңінде және оны пайдалануға беру кезінде туындайтын проблемалық мәселелерді анықтау бойынша сүйемелдеу жүргізіледі. Сондай-ақ инвесторлармен, оның ішінде аймақтық инвестициялық штаб аясында кездесулер ұйымдастырылады, онда палата тұрақты мүше болады. 82 жобадан 71 жоба Ұлттық палатаның интерактивті инвестициялық картасына енгізілді. Жалпы сомасы 1,28 триллион теңге болса, 4 мыңнан астам жұмыс орнын құру қарастырылды. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға 41 жоба енгізілді. Бұл жерде жалпы сома 4,7 триллион теңге болса, 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Аталған платформа аясында палата 26 жобаның тапсырмаларына мониторинг жасап, верификациясын жүргізді. Сонымен қатар палата жергілікті атқарушы органдармен, қадағалау және тексеру мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Осындай ведомствоаралық ынтымақтастықтың нәтижесінде облыстық прокуратурамен бірлесіп, «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне табиғатқа шығарылған зияндылық үшін артық төленген 1,9 миллиард теңге салық қаражатын қайтаруға жәрдемдесті. «Кнауф-Тараз» ЖШС-ның да құқықтары қорғалды. Оған гипс зауытын салуға жер алу құқығы тиісті әкімдік тарапынан берілмеген еді. Бұл серіктестік гипстен құрылыс материалдарын өндіру үшін құны 14,5 миллиард теңгелік жобаны жүзеге асыруда. Облыстық прокуратура мен облыстық экология департаментінің араласуымен құны 50 миллиард теңгелік цемент зауытының құрылысын  қолға алған «KORCEM» ЖШС-на және құны 200 миллиард теңге болатын кальцийлендіріленген сода зауытын салып жатқан «Qazaq Soda» кәсіпорнына экологиялық рұқсат алу үшін көмек көрсетілді. Сонымен қатар облыстық прокуратурамен бірлесіп және кейінгі кездесуде палата алаңында жергілікті атқарушы органдар және энергетика мен газ саласы ұйымдарының қатысуымен бес инвестициялық жобаға инфрақұрылым тарту мәселелері қаралды. Мәселен, «Алель Агро» кәсіпорнына кәріз, газ және электр желілеріне қосылу мәселелерін шешуге көмек көрсетілді. «Көксай ресорт» компаниясына инженерлік желілерді тартуға қажетті қаржыландыру бойынша қолдау жасалды. Ал «AzNur AGRO» ауылшаруашылығы кооперативіне өндірісті кеңейту кезінде электр және басқа да энергия көздеріне техникалық шарттар алу мәселесін шешуге жәрдем берілді. Палата әрбір жобамен жеке жұмыс істеп, туындаған мәселелерді шешуге көмектесіп келеді. Қазіргі таңда палата жанынан өңір экономикасының негізгі бағыттары  бойынша 7 тұрақты салалық кеңес құрылған. Бұл кеңестерге 500-ден астам мүше бірігіп, облыстағы 109 мыңнан астам кәсіпкердің мүддесін қорғауға атсалысып отыр, – дейді Еркін Садуахасұлы.

 

СЕРІКТЕСТІК БАЙЛАНЫСТАР НЫҒАЙТЫЛУДА

Палата директорының сөзіне сүйенсек, осы жылдың 11 айында аталған  кеңестерде барлығы 52 отырыс өтіп, 130-дан астам мәселе қаралыпы. Олардың қатарында өңірлік кәсіпкерлікті қолдау жобаларын іске асыру, әр салаға қатысты өзекті түйткілдер, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, Салық кодексіне енгізілетін өзгерістерді талқылау, өңдеу өнеркәсібін қолдау шаралары болған. Сондай-ақ ұлттық индустриялық сертификаттау жүйесі аясында өндіріс пен жұмыспен қамтуды дамыту, қазақстандық тауар өндірушілердің жаңа тізілімін қалыптастыру, агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау және нормативтік-құқықтық актілерге енгізілетін өзгерістер күн тәртібіне шығарылған екен.

Бұдан бөлек, құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алулар, геопарктерді құру және іске қосу, Тараз қаласында балалар мен жасөспірімдер туризм орталығын ашу, облыс әкімдігінің туризм басқармасының жұмысын қайта жандандыру мәселелері қаузалған. Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдар мен жекеменшік мектептерді қаржыландыру, жұмысшы  мамандықтарын насихаттауға арналған шаралар, «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушы кәсіпкерлерді оқыту және қолдау, халықаралық автомобиль және жүк тасымалы, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері де кеңінен талқыланған. Сонымен қатар салалық кеңестердің ақпараттық сүйемелдеуі арқылы мемлекеттік органдармен және даму институттарымен бірлесіп, 50-ден астам іс-шара ұйымдастырылыпты. Бұл кездесулерде нормативтік-құқықтық талаптар, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік мәселелері және мемлекеттік қолдау тетіктері түсіндірілген. Биыл осы бағыттарда бас-аяғы 112 іс-шара өткізіліпті.

2025 жылы палата жанындағы салааралық кеңестер кәсіпкерлерді алаңдатқан мәселелерді көтеріп, оларды шешу бағытында белсенді жұмыс жүргізген. Жыл ішінде кәсіпкерлікке қатысты 134 мәселе қаралса, оның 54-і бойынша бизнес иелеріне түсіндірме берілген, 53 мәселе толық шешімін тапқан. Қалған мәселелер палатаның бақылауында және тиісті жұмыстар жалғасуда.

Сонымен қатар серіктестік байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлініпті. Үш салааралық кеңес аясында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған. Әлеуметтік бағыттағы салааралық кеңес «Басқаша іс-әрекет ет» жобасын іске асыру мақсатында «77 TV» телеарнасы, «Жамбыл облысының азаматтық қоғам ұйымдары» қауымдастығы және палата арасында меморандумға қол қойылыпты. Туризм, сауда және қызмет көрсету салалары бойынша салааралық кеңес «Орда» бизнес-клубымен бірлесіп, сарапшылар мен кәсіпкерлердің ортақ бастамаларға қатысуына жол ашатын меморандум жасады.

Маңызды бағыттардың бірі – арнайы жұмыс топтарының қызметі. Аграрлық сала және тамақ өнеркәсібі жөніндегі кеңес тарапынан 2025 жылғы құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлерге қолдау көрсетуге арналған ұсыныстар дайындалыпты. Ал өнеркәсіп саласы бойынша құрылған жұмыс тобы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, өндірістік жүктемені арттыруға және сотталғандарды жұмыспен қамту көлемін көбейтуге бағытталған іс-шаралар жоспарын дайындаған. Сонымен қатар 2025 жылдың сәуір айында бизнеске жасалатын кедергілерді анықтау және оларды жою жөніндегі кеңес аясында арнайы келісімге қол қойылған. Осы жұмыс барысында түрлі саладағы кәсіпкерлердің алдында кездесетін тосқауылдар анықталып, оларды жоюға нақты ұсыныстар әзірленіпті. Бұдан бөлек, кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі қолдауды қамтамасыз ету үшін бизнеске кедергілер картасы жасалған көрінеді.

– Осы ретте Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының 2025 жылғы 20 қазанда өткізген отырысында берілген хаттамалық тапсырманы орындау аясында бизнес пен қылмыстық-атқару жүйесінің өзара іс-қимылына қатысты атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталуды жөн деп санаймын. Осы бағыттағы негізгі құжат ретінде 2025 жылғы 21 қазанда кәсіпкерлік палатасы, қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, «Еңбек-Тараз» филиалы және «Жамбыл жиһаз зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл меморандум тараптардың бірлесіп жұмыс істеу тәртібін айқындады. Қазіргі таңда облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелерде 2 502 сотталған есепте тұр. Олардың 1 815-і түрлі жұмысқа тартылған, ал 1 050 адам бизнестің қолдауымен ашылған өндірістерде тұрақты жұмыс істеп жүр. Аталған жобаларды іске асыруға 34 кәсіпкерлік субъектісі қатысып отыр. Сонымен қатар өнеркәсіптік кеңес қылмыстық-атқару жүйесіне қатысты мәселелерді талқылайтын және бизнес пен осы мекемелер арасындағы ынтымақтастықты нақты іске асыратын негізгі алаңға айналды. Кеңес төрт отырыс өткізіп, оның барысында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі өндірістерді дамытуға және сотталғандарды жұмыспен қамту деңгейін арттыруға байланысты 13 өзекті мәселе қаралды. Бұл ретте ведомствоаралық жұмыс тобы 2 отырыс өткізді, онда өндірістік қуаттарды қамтамасыз ету және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде кәсіпорындарды тиімді ұйымдастыру үшін жағдай жасау мәселелері бойынша 8 түйткілді іс қаралды. Оның ішінде бизнеспен өзара әрекеттесу механизмдерін жетілдіру және оқу орталықтарын құру мәселелері бар. Жұмыс тобы мен палатаның өнеркәсіптік кеңесінің жұмысы аясында қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, «Жамбыл жиһаз зауыты» ЖШС, «Енбек-Тараз» филиалы және кәсіпкерлік палатасы арасындағы өндірістерді ұйымдастыру және сотталғандарды оқыту мен біліктілігін арттыруға арналған оқу орталықтарын құру жөніндегі төртжақты келісім сияқты маңызды құжаттарға қол қойылды. Сондай-ақ жұмыспен қамтуды және өндірістік қуаттарды арттыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, «Жамбыл жиһаз зауыты» ЖШС оқу орталығында оқыту жоспары дайындалды. «Жамбыл жиһаз зауыты» ЖШС-мен ынтымақтастық тұрғысында 9 сотталған адам жұмысқа орналастырылды. Кәсіпорын базасында оқу орталығы құрылуда, онда жиһаз жасау және жинау бойынша кәсіби дайындық қамтамасыз етілуде. Практикалық сабақтар мен кәсіби дағдыларды бақылауды қамтитын кешенді оқу жоспары да әзірленді. Осылайша, жұмыс тобының жұмысы айқын нәтижелер беріп, бизнестің және қылмыстық-атқару жүйесінің күштерін біріктіре отырып, ең маңызды міндет, яғни жұмыспен қамтуды арттыруды шешуге мүмкіндік берілді. Адам капиталының дамуы аясында биыл 2,4 мың кәсіпкер арасында сауалнама жүргізілді. Қажеттілік туралы 520 кәсіпорын мәлімдеме жасаса, сауалнама нәтижесі бойынша өңірдегі жалпы қажеттілік 6,4 мың адамды құрады. Дуалды оқыту әдісі 35 колледжде енгізілген, ол 15 сала бойынша 72 мамандықты қамтиды. 2025 жылы тәлімгерлерге екі күндік оқыту жүргізілді. Барлығы 78 тәлімгер оқу курсын аяқтап, сертификат алды. Қазіргі таңда, палата мен жергілікті атқарушы орган бірлесіп, өңірдегі қамтылмаған колледждерде салалық мамандықтарға арналған арнайы оқыту бағдарламасын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының білім беру ұйымдарының реестріне облыс бойынша 33 оқу орталығы енгізілген. Олардың ішінде кәсіпорындарда – 12, колледждерде – 10, заңды тұлғаларда – 1 және он тәуелсіз оқыту орталығы бар. Осы оқыту орталықтарында 90-нан астам мамандық бойынша оқыту жүргізіледі. Мысалы, тігінші, аспаз, машина операторлары, электрик, технолог және басқа да мамандықтар қамтылған. Оқыту барысында 1 300-ден астам адам дайындалып, олардың 78 пайыздан астамы екі қолға бір күрек тапты. Тарқата айтар болсақ, 2024 жылы 25 оқу орталығында оқыту жүргізіліп, жоспар бойынша 1 291 адам оқуға қабылданды. Дегенмен, нақты оқуды 1 243 адам аяқтады. Оқуды бітіргендердің 1 234-і, яғни 99,2 пайызы жұмысқа орналастырылған. Қысқа мерзімді курстарға 346,6 миллион теңге бөлінген, бір адамның оқыту құны 39 512 теңгені құраған болатын. 2025 жылы жоспар бойынша 1 315 адамды қамту көзделді. Оның ішінде қысқа мерзімді оқыту бойынша  980 азамат, жұмыс орнында оқыту бойынша 335 тұрғын қамтылды. Бюджет көлемі 412,7 миллион теңгені құраса, ал бір адамның оқыту құны – 39 902 теңге, – дейді Е.Атымтаев.

 

ОҚЫТУ КУРСЫ ОҢ НӘТИЖЕ БЕРУДЕ

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында негізгі іс-шараларды жүзеге асыру шеңберінде облыс әкімінің штабы құрылып, осыған орай аймақтық жоспар бекітіліпті. Жоспар 6 бағыт бойынша 123 іс-шараны қамтыса, оның 25 іс-шарасында палата қосалқы орындаушы қызметін атқарған. Сонымен қатар палатаның қолдауымен өңірлік 27 кәсіпорын мен 350-ден астам мектеп оқушысы «Дублер күні» акциясына қатысып, жұмыс орындарында, мысалы тоқыма цехында, өндірісте және сервистік аймақтарда тәжірибе жинақтаған. Палата жұмыс берушілердің мансаптық кездесулерге қатысуын да қамтамасыз етіпті. Жұмысқа орналастыру орталықтарымен бірлесіп 69 іс-шара өткізілсе, ол бойынша 6 381 оқушы қамтылыпты. Оның ішінде 4 288-і  9-11 сынып оқушылары болса, 2093-і колледж студенттері екен.

– Сонымен қатар біздің мекеме «WorldSkills Jambyl-2025», «MedSkills-2025», «AgroLeague-2025», «DeafSkills-2025» секілді чемпионаттардың өткізілуіне белсенді қатысты. Сондай-ақ республикалық «Innovation Hackathon» конкурсының финалында 90-нан астам команда бақ сынады.Палата жұмысшы мамандықтарын насихаттау бойынша да белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтқанда, өңірдегі өндірістік алаңдарда еңбек жағдайлары, мансап мүмкіндіктері және жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын көрсететін бейнероликтер циклын дайындады. Бұл іс-шара «Қазфосфат», «НДФЗ», «ТАУ», «СГТК», «Аулиеататранспасс», «Мерке сүт зауыты», «Пекарь» және тағы да басқа бірқатар серіктестіктерді қамтыды. Бейнероликтер әлеуметтік желідегі «Instagram», «Facebook» секілді парақшалар мен «YouTube» видеохостингінде жас мамандар мен тәлімгерлердің қатысуымен жарияланды. Сондай-ақ палата өңір кәсіпорындарының ең үздік қызметкерлерінің бірі – «Меркі сүт зауыты» серіктестігінің бас технологы Т.Шишковты «Ерен еңбегі үшін» медаліне ұсыну бойынша бастаманы қолға алды. Палатаның қолдауымен мектеп және колледж оқушылары өңірдегі кәсіпорындарға экскурсияға барды. Олардың қатарында «СПК Кордай-Корм», «Самғау» шаруа қожалығы, «НДФЗ» ЖШС және тағы басқа кәсіпорындар бар. 2025 жылы палата қаржылық емес қолдау көрсету арқылы 7 мыңнан астам қызмет көрсетіп, шамамен 3 мың бизнес субъектісі мен кәсіпкерлік бастамасы бар адамға көмек көрсетті. «Іскерлік байланыстар» құралдары шетелде тақырыптық бизнес-тәжірибеден өтуді, кәсіптік профильдегі кәсіпорындарға баруды және шетелдік серіктестермен іскерлік байланыс орнатуды қарастырды. Мысалы, минералдық тыңайтқыштар өндіру ісімен айналысатын «Эко систем» ЖШС Германияда аталған бағдарламадан өтті. Сонымен қатар, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бір ауыл – бір өнім» жобасын жүзеге асыруда. Жоба 2021 жылы басталған және 2025 жылдың желтоқсанына дейін жалғасты. Биылғы 25 шілдеде Тараз қаласында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қатысушыларына арналған тауарлар мен өнімдер көрмесі өтті. Көрмеге 100-ден астам адам қатысты. Қазіргі таңда биылғы жылғы жобаның екі финалисі – Айткүл Мүсілімова мен Нұрсұлтан Рахыштың әрқайсысы  5 миллион теңгеден грантқа ие болды. Жобаны жүзеге асырудағы маңызды бағыттардың бірі – қатысушыларды қолдау және оқыту. Осы мақсатта кәсіпкерлер палатасы М.Х.Дулати атындағы Тараз университетімен бірлесе отырып, ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Осы арқылы қатысушылар оқыту курсынан өтуге, қолдау табуға және өнім сапасын арттыру үшін зертханалық сынақтар жүргізуге мүмкіндік алды. Биылғы жылдың маусым айында Тараз университетінің базасында үш топқа арналған қысқа мерзімді курстар өткізілді. Бағыттары текстиль және аяқ киім, нан өнімдері, биочарды қамтыды. Барлығы 28 қатысушы оқуды аяқтады. Курстар барысында өнімнің зертханалық сынақтары жүргізіліп, ғылыми ұсыныстар берілді. Қатысушылар курсты аяқтағаны туралы сертификат және зертханалық сынақтан өткендігі туралы куәлік алды. Тиімділіктің айқын мысалы ретінде Меркі ауданынан келген кәсіпкер Айткүл Қуандыққызының есімін атауға болады. Ол биочар бойынша алған білімін пайдалана отырып, өнімнің сапасы мен өнімділігін арттыра алды, – дейді Еркін Садуахасұлы.

Айткүл Қуандыққызының есімі облыс, қала берді өзге өңірлерге де кеңінен таныс. Саңырауқұлақ өсірумен айналысатын оның кәсібі туралы уақытында біздің газетімізде де көлемді мақала жарияланған болатын.

Жалпы бүгінде курс түлектері гранттарға өтініш беру және өндірісте инновациялық технологияларды енгізу үшін ғылыми қолдауға ие болып жатқаны шындық. Бұл өз кезегінде облыста ауыл кәсіпкерлігін дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашып жатқанын көрсетеді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар