БЕРГЕНІ МОЛ БІРЛЕСТІК
Негізі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоғамда үздіксіз жүргізіле беруі керек. Осы тұрғыдан алғанда еліміз бойынша ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беріп, халық арасында ағартушылық сипаттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің еңбегі ерен.
Бірлестіктің облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиевтің айтуынша, биыл БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Конвенциясына 22 жыл, ал «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігіне 12 жыл толып отыр екен.
Жалпы қоғамдық бірлестік 2013 жылдың 3 желтоқсанында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімовтың бастамасымен құрылған. Одан кейін барлық облыстарда филиалдары ашылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді жұмыс істейтін ықпалды қоғамдық күшке айналғанын бүгінде көзіміз көріп отыр.
Қоғамға бергені мол бірлестіктің, оның ішінде еліміздің әр өңіріндегі филиалдарының жұмысы нәтижесіз емес. Соның арқасында «ЖАҢАРУ» РҚБ Біріккен Ұлттар Ұйымының азаматтық қоғамдық бөлімінің ВЕБ-сайтына еніпті. Осыдан екі жыл бұрын БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Конвенциясының 20 жылдығына орай Астанада өткен халықаралық конференцияға қатысқан БҰҰ-ның өкілі «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының» жұмысы туралы жақсы пікір айтқан екен. Осы конференцияға «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мэлс Семғалиев қатысып, өз ой-пікірімен бөлісіп, квазисекторда құрылған комплаенс қызметінің белсенділігін арттыру туралы ұсынымын жеткізген.
Сондай-ақ М.Семғалиев БҰҰ-ның жемқорлық тақырыбында өткен конференция, форумдарында жоба жетекшісі ретінде сөз сөйлеп, тақырып аясында талдау жасаған. Біріккен Ұлттар Ұйымының осы жылғы маусым, қараша айларында Алматы қаласында, Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында өткен форум, конференцияларында «ЖАҢАРУ» РҚБ-ның өткізіп отырған іс-шараларына оң баға беріліп, жемісті жұмыстары басты баяндамада атап өтіліпті.
– Біздің ұйымның жұмысына аз-кем тоқталсам, мемлекеттік органдардың өкілдерімен өткен кездесулер аясында 20 өңірде өтетін іс-шараларда назарға алынатын мәселелердің жалпы бағдарламасы әзірленген болатын. Өңірлерде «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» жобасы аясында ұйымдастырылған кездесулерде жастар саясатына қатысты бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, әкімдіктер мен жастар ресурстық орталықтары арқылы әр өңірде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын күшейту, жауапкершілік пен ашықтық қағидаттарын нығайту, жастар арасында құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ ұжымдарда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын орнықтыру, білім беру ұйымдары мен ювеналды полицияда арнайы есепте тұрған ұйымдастырылмаған жастар мен жасөспірімдерді қамтитын іс-шараларға жұмылдыру жолдары қарастырылды. Кездесулер барысында өңірлердегі жастар мәселелері талқыланып, нақты ұсынымдар айқындалып, шешімдер қабылданды. Мекеме қызметкерлері сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге қатысты өзекті мәселелерді, оларды шешудің тиімді тетіктерін және өзара ынтымақтастықты дамыту жолдарын ортаға салды. Нәтижесінде 6 жастар ресурстық орталығымен меморандумдарға қол қойылып, қабылданған ұсынымдар өңірлік білім басқармаларына жолданды, – дейді Қ.Төлендиев.
ОБЛЫСТА ЖҰМЫС ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Қоғамдық бірлестіктің облысымыздағы филиалы 2014 жылдың 14 қаңтарында ашылған екен. Құрамында өңірдің 11 белсенді азаматы болған. Мұндағы қоғамдық кеңес кейіннен «Журналистік клуб» ретінде құрылған. Кеңестің алғашқы мүшелерінің бірқатары бүгінде маңызды салаларда адал қызмет атқарып, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарымызбен қатар, адалдық, әділеттілік және парасаттылық қағидаттарын дәріптеуге зор үлестерін қосуда.
– Алғашқы «жаңарулықтардың» қатарында Қазақстанның Еңбек Ері, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров, сол кездегі Жамбыл педагогикалық университетінің ректоры Дария Қожамжарова, Жамбыл облысы әкімінің қазіргі бірінші орынбасары Нұржан Календеров, Тараз қалалық мәслихатының экс-хатшысы Балабек Нарбаев, Тараз қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдазимов, облыстық «Аq jоl» газетінің бұрынғы редакторы Қуаныш Иембердиев, «Жамбыл облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің сол кездегі басшысы Айнұр Заурбекова, құқық қорғау саласының ардагері Болат Құлекеев, тағы басқалар болды. Журналистік клубқа жетекшілік еткен сол жылдардағы «Жамбыл-Тараз» газетінің редакторы Эльмира Мырза-Ғали бүгінде «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығын басқарып, «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігімен ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, әдеп-ғұрпымызды дәріптеуге зор үлес қосуда. Бүгінде біздің сенімді серіктестеріміздің қатарында «АМАНАТ» партиясы облыстық филиалының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Жұмахан Мұқашев, Исламбек Дастан басқаратын «Азаматтық альянс» пен «Адал қоғам» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының жетекшісі Назима Жұбандықова, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Үміт Битенова, тағы басқалар бар. «Қоғамның басты талабының бірі – әділдік пен заң үстемдігін орнату. Бұл жолдағы ең үлкен кедергі – сыбайлас жемқорлық екені сөзсіз. Біз осы қоғамдық кеселді қалайда жеңуіміз керек» деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы бірінші ақпанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өткен кеңесте. Расында да жемқорлықты жою үшін бүкіл ел болып қарсы тұруымыз керек. Шынын айтсақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті тек ҰҚК, прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі, Ішкі істер министрлігі секілді уәкілетті органдар жүргізіп жатады. Ал басқа мемлекеттік органдардың жемқорлыққа қарсы әрекеттері мардымсыз, кейде байқалмайды. Шынын айтсақ, қазақстандықтар, яғни әрбір азамат сыбайлас жемқорлықпен жалпыұлттық күресте айтарлықтай белсенділік танытпай отыр. Тіпті ақшалай сыйақының болуына қарамастан, жемқорлық туралы хабарлауға құлықсыз. Осыған орай 2023 жылы 29 тамызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының «Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзгеше түрде жәрдем көрсеткен адамдарды көтермелеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы шыққанын, ол әлі күшінде екенін еске салғым келеді. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін «ЖАҢАРУ» РҚБ облыстық филиалы облыстық әкімдікпен, Мемлекеттік қызмет істері агентігінің облыс бойынша департаментімен, облыстық қоғамдық кеңеспен, ардагерлер кеңесімен, кәсіпкерлер палатасымен, облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасымен, «АМАНАТ» партиясы облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңеспен, облыстық кәсіподақ ұйымымен, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыс бойынша департаментімен, облыстық полиция департаментімен, облыстық телеарнамен, облыстық жастар ресурстық орталығымен өзара ынтымақтастық орнатып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлесе іс-қимыл жасауға үшін келісім-меморандум қабылдадық, – дейді Қасымхан Естемесұлы.

Аталған келісім-меморандумға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен «ЖАҢАРУ» РҚБ төрағасы Мэлс Семғалиевтің арасында 2023 жылдың 24 қарашасында қол қойылыпты. Бұл мемлекет пен қоғам бір күш болып күрескенде ғана сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауға болатынын көрсететіні анық.
Жалпы жастардың құқықтық мәдениеті, құқықтық сауаттылығы және олардың қауіпсіздігі мен қоғамдағы тәртібі күрделі мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде «Жастардың құқықтық сауатын арттыру аса маңызды. Сонда әркім өзінің құқығын қорғай біледі және өзгенің құқығын таптамайды» – деп айтқан болатын. «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің 2024 жылы іске асырған «Жастардың құқықтық сауаттылығын, құқық қорғау органдарына деген сенімділігін арттыру бойынша іс-шаралар ұйымдастыру» атты жобасы және 2025 жылы қолға алынған «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» атты жобасы ұтымды іс болғанын өз өңірімізде атқарылған жұмыстардан да байқауға болады.
Жобаларды іске асыру үшін бекітілген кестеге сәйкес нақты, кешенді іс-шаралар ұйымдастырылғанын айта кетуіміз керек. Былтырдан бері Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде және Қазақ ұлттық сушаруашылығы және ирригация университетінде, Құлан агротехникалық жоғары колледжінде, Жамбыл медициналық жоғары колледжінде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылғаны есте. Бір айта кетерлігі, осы колледжде сыбайлас жемқорлыққа қарсы «ЖАҢАРУ»-дың жастар қанаты – «Жас қыран!» ұйымы құрылған болатын.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал азамат» ұғымының мәнін, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар екенін 2024 жылы 15 наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтты. Ал 2023 жылдың 17 маусымында Түркістанда өткен үшінші Ұлттық құрылтайда «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбы талқыланды. Президент Жарлығымен 2025 жылы 5 қарашада Қазақстан Республикасының Ішкі саясат қағидаттары мен негізгі құндылықтары бекітілді. Басты идея – баршаға бірдей мүмкіндік беретін ашық, қуатты және дамыған ел, жауапты әрі өркениетті қоғам – Әділетті Қазақстанды құру. Ішкі саясаттың қағидаттары мемлекеттік құрылыстың бірыңғай бағдарларын айқындайды. Әділетті Қазақстан құру дегеніміз біреудің ала жібін аттамау, біреуге пара бермеу, пара алмау, кісі еңбегін бағалау, өз ісіңді атал атқару секілді түрлі құндылықтардың барлығын қамтиды. Бұл туралы біз мемлекеттік қызметкерлер арасында оқылған дәрісте де, басқа жиындар да үнемі кеңінен әңгімелеп келеміз. Мысалы, жақында Тараз қаласындағы Балалар мен жасөспірімдердің арнаулы мектебінде болып, балалардың әлеуметтік-тұрмыстық, оқу-тәрбиелік жағдайымен танысып, өздерімен ашық әңгімелестік. Оларме бір сәт сырлас болдық. Жасөспірімдердің жатақханасын, асханасын, оқу, демалу орындарын көріп, мекеменің барлық жерінде тазалық пен тәртіп бар екенін аңғардық. «Қиын» балалардың тазалыққа, салауатты өмірге, тіпті тәртіпке өздерінің қызығушылық танытып жатқандары көңілімізге қонымды. Ол үшін мектеп директоры Нұртас Құсаиновқа, мектеп мұғалімдеріне, барлық қызметкерлеріне, әсіресе бас психологіне алғыс айтамыз. Аталған кездесу барысында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» атты жобасы түсіндірілді. Сонымен қатар, қоғамда заң үстемдігін сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу және жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдерді отансүйгіштікке, адал азамат болуға тәрбиелеу мәселелері кеңінен сөз болды. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандар арасында қауіпсіз достық, сенімді орта қалыптастырудың маңыздылығы да айтылды. Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінде «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» тақырыбында студенттермен кездесу өткізіліп, дәріс оқылды. Студенттер алдында Тараз қалалық полиция басқармасы басшысының кадр жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Берік Сәлемов және Қазақстан дүнгендерінің республикалық этно-мәдени орталығының төрағасы Зайнуддин Махусеев және өзім баяндама жасап, сөз сөйледік. Іс-шараға аталған университеттің проректоры Мақсат Мұсабаев та қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 23 маусымда өткен құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін елімізде Заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыру қажеттігін атап өткен болатын. Қазақстан бүгінде «Тәртіп пен қауіпсіздік» көрсеткіші бойынша әлемдегі 142 елдің арасында 43-орында тұр. Заң мен тәртіп басты құндылыққа айналса, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, есірткі саудасы, лудомания сияқты қатерлерден бастап, сыбайлас жемқорлық сияқты жағымсыз әрекеттердің де тамырына балта шабылады. Осы тұрғыда бірлестіктің «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» атты жобасын өңірде сәтті жүзеге асырып жатырмыз. Мұндағы басты мақсат – өскелең ұрпақты қоғамның заңдары мен нормаларын бұлжытпай орындауға, құқықбұзушылықтың алдын алуға тәрбиелеу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, адалдық пен адамгершіліктің маңыздылығын түсіндіру. Президенттің бастамасымен қолға алынған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету – мемлекет алдында тұрған басты міндет. Жыл басынан бері «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда нығайту бойынша барлық жерде ауқымды профилактикалық жұмыстар үздіксіз жүріп жатыр. Облысымызда осындай кездесулер облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен орынбасары Серік Сәлемовтің тікелей қатысуымен өтуде – дейді Қ.Төлендиев.
БЕЛСЕНДІЛЕР ЕЛЕУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ
Айта кету керек, Қасымхан Төлендиев Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облысы бойынша департаменті жанындағы Тәлімгерлер кеңесі мен Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі ретінде мемлекеттік қызметтің имиджін көтеруге, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормасы мен тәртібі, мемлекеттік органдарға деген сенімін, қызығушылығын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік танытуға, халыққа адал қызмет көрсету мәселелеріне барынша атсалысуға тырысып жүр. Содан шығар биыл Мемлекеттік қызмет істері агаенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев қол қойған «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісін 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қолынан алған болатын. Бұл филиал төрағасының көпжылғы мемлекеттік қызмет саласындағы қажырлы еңбегінің жоғары бағаланып отырғанын білдіреді. Әр кездерде «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен мен «Алтын барыс» төсбелгісімен марапатталған. Сонымен қатар Жамбыл облысының, Тұрар Рысқұлов, Шу аудандарының Құрметті азаматы. Облыс әкімдерінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының, «АМАНАТ» партиясы Төрағасының Алғыс хаттарымен де марапатталған.
Осы орайда Қасымхан Естемесұлынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізуде белсенділік танытқандарды филиал қалай бағалап жатқанын сұрадық.
– 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай Астана қаласындағы Maqsut Narikbayev University-де «Білім беру жүйесінде академиялық адалдықты ілгерілету» тақырыбында республикалық форум өткен болатын. Форум Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың алғы сөзімен басталды. Жиында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Maqsut Narikbayev University-дің Академиялық адалдық лигасының жобалық кеңсесінің басшысы Нұргүл Нұрлан құттықтау сөз сөйледі. Ал Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің басқарма төрағасы – ректоры, ҰҒА академигі Нұрлан Дулатбеков академиялық адалдық лигасының мүшесі ретінде өз тәжірибесімен бөлісті. Республикалық форумға жамбылдықтар тікелей бейнебайланыс арқылы қатысты. Еске сала кетейін, ел Президентінің 2025 жылғы 30 маусымдағы №927 Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомствосы – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі құрылды. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру мен іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы үйлестіру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілді. Сол күні Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Адал білім – адал ұрпақ» атты форум өтіп, қоғамда парасаттылық идеологиясын қалыптастыруда белсенділік танытқан білім саласының, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, азаматтық қоғам, зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының және «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың қатарында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков, облыстық мәслихат аппаратының басшысы Дәурен Абдықасымов, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Дүйсеналы Бықыбаев бар. Сондай-ақ «АMANАТ» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ерғали Әбуғали, облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының «Олимпиада резервін даярлау орталығы» мекемесінің директоры Махамбет Дүйсембаев, облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов, облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылқұлова, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық Әкелер кеңесінің төрағасы Сарсенбай Мыңбаев та құрметке кенелді. Марапатталғандар арасында Қазақстан дүнгендерінің республикалық этно-мәдени орталығының төрағасы Зайнуддин Махусеев, Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай, «АMANАТ» партиясы облыстық филиалының Партиялық бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңестің мүшесі – бас инспекторы, «ЖАҢАРУ» филиалы басшысының орынбасары Ерғали Омаров та болды. Сонымен қатар облыс әкімдігі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Рахматілда Рахманбердиев, облыстық «AR-AI» жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков, «Жамбыл – Тараз» газетінің бас редакторы Саятхан Сатылғанов, құқық қорғау органдарының ардагері Қыстаубай Сағынтаев та марапатқа ие болды, – дейді Қасыхан Естемесұлы.
Байқағанымыздай «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы қоғамда адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын орнықтыруға сүбелі үлес қосып келеді. Аталған бірлестік өз бастамалары аясында жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған нақты істері арқылы ерекшеленуде. Алдағы уақытта біз сөз еткен филиал мемлекет пен қоғамның өзара сенімін нығайту жолындағы белсенді жұмысын жалғастыра бермек.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ



