Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қызметіне қырағы құтқарушылар

Қызметіне қырағы құтқарушылар
Автор
Әулиеата өңірінің қысы әдетте жұмсақ саналғанымен, кейбір шеткері аудандарда табиғаттың тосын мінез танытып, қаһарына мінетін кездері аз емес. Әсіресе таулы аймақтарда қарлы боран мен ызғарлы желден көз ашпай, жолға шығудың өзі қатерге айналады. Мұндай сәттерде облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазгидромет» акционерлік қоғамының мамандары бірқатар автожолдардың уақытша жабылатынын алдын ала ескертіп, хабарлама таратқанымен, кей тұрғындар бұл қауіпке салғырт қарап, жолға шығып кетіп жатады. Соның салдарынан төтенше жағдайға тап болып, құтқарушылар көмегіне жүгінуге мәжбүр болады.

ҚЫС ҚЫСПАЙДЫ ДЕМЕҢІЗ...

Өткен аптада облыста қар жауып, қыс өзіне тән мінезін көрсетті. Бар-жоғы екі күн ғана жатқан ақ ұлпа өңір жұртын әбігерге салып үлгерді. Әсіресе Қордай ауданында жағдай күрделене түсті. Айталық, 9 желтоқсан күні сағат 22:45-тен бастап Жуалы ауданында ауа райының күрт нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар «Алматы – Термез – Ташкент» автожолының Айша бибі ауылы мен Түркістан облысының шекарасы аралығындағы учаскеде ауыр жүк көліктерінің қозғалысы уақытша тоқтатылды. Ал сол күні сағат 23:00-ден бастап қалың қар мен боран салдарынан «Алматы – Ташкент – Термез» автожолының Кенен ауылы мен Қайнар ауылы аралығындағы жаңа Қордай асуында барлық көлік түрлеріне қозғалыс шектелді. Бұл кезеңде көлік қозғалысы баламалы бағыт – ескі Қордай асуы арқылы ұйымдастырылды.

Қатты жел «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне қалың қар үйіп, жол бойында қозғалысты мүлде тоқтатты. Нәтижесінде жеңіл көліктер жүре алмай, жолаушылар жолда қалды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Арман Смайловтың айтуынша жолдардың жабылғаны жөніндегі ескертулерді елемеген жүргізушілер осылайша қиын жағдайға тап болған.

 – Өткен аптада Қордай ауданында қар құрсауында қалған 19 адам құтқарылды, олардың біреуі – бала. Сондай-ақ әріптестеріміз, полиция қызметкерлері қатты аяз салдарынан жанармайы қатып қалған жолаушылар автобусына көмек көрсетті. Табиғаттың тосын мінезі сол түні аудан аумағындағы автожолдарда шамамен 700-ге жуық көліктің қозғалысын тоқтатты. Қатты боран салдарынан жаңа және ескі Қордай асулары барлық көлік түрлері үшін жабылды. Ескі Қордай асуындағы жабық учаскеде төтенше жағдайлар қызметінің күштері қар құрсауында қалған көліктерді шығару бойынша авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді. Құтқарушылар қардан 42 автокөлікті, оның ішінде 7 жүк көлігін және 35 жеңіл автокөлікті қауіпсіз жерге шығарды. Барлық жүргізушілер мен жолаушылар медициналық көмекті қажет етпей, өз бағыттары бойынша жолдарын жалғастырды. Жолдың жабық бөлігінің алдында көлік кептелісі де айтарлықтай болды. Кенен ауылынан Қайнар ауылына дейінгі аралықта және Қордай ауылы маңында 350 жүк көлігі мен 110 жеңіл автокөлік шоғырланды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен өңір аумағындағы жолдарды тазалау және күтіп ұстау жұмыстары күшейтілді. Жауапты мекемелер тәулік бойы кезекшілікке көшті, – деді А.Смайлов.

Жамбыл ауданында да қарлы бораннан зардап шеккен жолаушыларға құтқарушылар көмегі қажет болған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 112 нөміріне Жамбыл ауданының Аса ауылынан екі шақырым қашықтықта жолдан шығып кеткен жеңіл автокөліктің жүргізушісіне көмек қажет екені туралы хабарлама түсті. Құтқарушылар арнайы техниканың көмегімен көлікті сүйреп шығарып, уақытылы көмек көрсетті. Көлік ішінде болған үш ер адам зардап шекпей, құтқарушыларға кәсібилігі мен жедел әрекеті үшін алғысын білдіріп, сапарын  жалғастырды.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірдегі жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы 4 401 шақырымды құрайды. Республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау жұмыстарын «ҚАЖсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің облыстық филиалы атқарып отыр екен. Қыс маусымына дайындық аясында 6 жылу пункті мен 14 өндірістік база әзірленіпті. Жолдарды тазалауға 90 бірлік арнайы техника жұмылдырылып, қосымша 10 техника жалға алыныпты. Қоймада 20 549 текше метр құм, 5 709 тонна тұз, 63 тонна көмір және 125 тонна химиялық реагент қоры бар. Жергілікті маңызы бар автожолдарды қысқы күтіп ұстауға 385,5 миллион теңге қарастырылып, бұл жұмыстарға 21 мердігер ұйым мен 178 техника тартылған. Қысқы маусымға қажетті құм мен тұз толықтай әзір. Ал Тараз қаласында «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қысқы кезеңде қар күреу және құм-тұз қоспасын себу үшін 50 арнайы техниканы қолданады.

Ал ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, қыс басталғалы бері еліміз бойынша 1,1 мыңнан астам адам қар құрсауынан құтқарылыпты. Ведомствоның хабарлауынша, 2025 жылғы 1 қарашадан бері 1 137 адам эвакуацияланған, оның 129-ы – балалар. Сондай-ақ 199 техника қардан шығарылған. Төтенше жағдайларды жою мақсатында барлық 17 облыста 1 681 жылыту пункті дайындалып, 40 трассалық медициналық-құтқару пункті қосымша жылыту орны ретінде пайдаланылуда. Республикалық жедел штаб пен барлық өңірлердегі штабтар тәулік бойы жұмыс істеп, қысқы кезеңдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылған.

 

ТІЛСІЗ ЖАУМЕН КҮРЕС ТОҚТАМАЙДЫ

Облыс аумағында 8–15 желтоқсан аралығында жедел кезекшілік тәртібімен төтенше жағдайлар мен оқиғаларға тұрақты мониторинг жүргізілді. Аталған кезеңде облыс бойынша барлығы 17 төтенше жағдай тіркелген. Оның біреуі табиғи сипатта болып, адам шығыны мен ауруханаға жатқызу деректері орын алған жоқ. Қалған 16 жағдай техногендік сипатта тіркелді. Жедел ақпарат санатына жататын оқиғалар түспеген. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Карина Карташованың айтуынша, апта ішінде мекеменің құрылымдық бөлімшелері барлығы 65 шақыртуға шыққан. Оның 36-сы өрт сөндіру бөлімдерінің үлесіне тиесілі екен.

 – Атап айтқанда, 15 рет өртке шығу, 15 жану оқиғасына байланысты, 5 жағдайда авариялық-құтқару жұмыстары жүргізіліп, 1 өзге сипаттағы шақырту орындалды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 3 адам, оның ішінде 1 бала құтқарылды. Қауіпсіз орындарға көшірілгендер болған жоқ. Жедел-құтқару жасағымен 29 рет шығу тіркелді. Оның ішінде 27 авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 19 жағдайда есік ашу, 3 жануарларға қатысты, 2 өртке байланысты, 1 жол-көлік оқиғасы және 2 жол үстіндегі авариялық-құтқару жұмыстары жүзеге асты. Сонымен қатар 2 рет іздеу-құтқару жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде 18 адам құтқарылып, қауіпсіз орындарға көшірілгендер тіркелмеді. Апта барысында «Қазгидромет» акционерлік қоғамының облыстық филиалынан 8 дауылдық ескерту келіп түсті және тиісті қызметтермен пысықталды. Облыс тұрғындарын дер кезінде хабардар ету мақсатында ұялы байланыс операторлары арқылы 36 SMS-хабарлама жіберілді. «101» және «112» желілеріне есепті кезеңде барлығы 7 298 қоңырау түсті. Оның 982-сі жедел сипаттағы, 5 626-сы жедел сипаттағы емес қоңыраулар, – деген К.Карташова соңғы уақыттарда өрт фактісі жиілегенін жеткізді.

Таяуда ғана Тараз қаласының Шөлдала алқабында  күндіз жеке тұрғын үйде өрт шықты. Оқиға орнына жедел түрде облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен апаттар медицинасы орталығының күштері жетті. Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында өрт жарты сағат ішінде толық ауыздықталды. Өрт сөндіру барысында үйдің ішінен газ баллон қауіпсіз жерге шығарылып, ықтимал жарылысқа және ауыр зардаптарға жол берілмеді. Нәтижесінде қаза тапқандар мен зардап шеккендер тіркелмеген.

Сол секілді өткен айда Тараз қаласының «Аса» ықшамауданындағы бес қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатындағы пәтерде диван өртенеді. Оқиға орнына облыс құтқарушылары жедел жетіп, өртті 15 минут ішінде сөндірген. Пәтерге кіру үшін құтқарушылар альпинистік жабдықты қолданып, бесінші  қабаттан төртінші қабатқа түсіп, есікті ішінен ашқан. Департаменттің ресми өкілі К.Карташованың айтуынша, өрт кезінде пәтер ішінде оның иесі болған. 1948 жылы туған ер адамды құтқарушылар жедел эвакуациялап, апаттар медицинасы орталығының мамандарына тапсырыпты.

Облыс құтқарушылары тілсіз жаумен күресте төтенше жағдайды болдырмау мақсатындағы іс-шараларды ілгерілету айрықша маңызға ие екенін жақсы түсінеді. Сол үшін профилактикалық жұмыстарды жандандыра түскен. Жақында департаментке қарасты мемлекеттік өрт бақылау басқармасы мен Шу ауданының төтенше жағдайлар бөлімі аудан аумағында профилактикалық іс-шаралар жүргізді. Науқан барысында құтқарушылар 130 улы газ датчигін орнатып, 20 мұржаны тазалады. Әсіресе әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың үйлеріне ерекше назар аударылды, өйткені бұл санаттағы азаматтар үшін төтенше жағдай туындау қаупі жоғары.

Сол секілді жақында Тараз қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің құтқарушылары балаларға арналған ауқымды жиын өткізді. «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында өткен балалардың қауіпсіздігіне арналған іс- шараға 200-ден астам оқушы қатысты. Басқосуда құтқарушылар өрт қауіпсіздігі ережелері мен жер сілкінісі кезінде дұрыс әрекет ету тәртібін түсіндірді. Сонымен қатар, арнайы техникалардың көрсетілімі ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында қауіпсіз мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған театрландырылған қойылымдар мен оқыту бейнероликтері көрсетілді.

Бірер аптадан соң ел тұрғындары Жаңа жыл мерекесін дүркірете тойлайды. Ақ тілектер ақтарылып, шабыт пен шаттық шарықтайтын бұл күндері көшелер жарқырап, аспанды отшашулар жарыққа бөлейді. Алайда әсем көріністің артында үлкен қауіп жатқанын көпшілік ескере бермейді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт бақылау басқармасының басшысы Дархан Қалдырбектің айтуынша, соңғы жылдары мереке күндері пиротехникалық бұйымдардан зардап шеккендер саны артып келеді. Осыған орай облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері пиротехникалық өнімдерді заңсыз сату фактілерін анықтау және алдын алу мақсатында профилактикалық рейд жүргізіп жатыр екен.

 – Өткен аптада мемлекеттік өрт бақылау басқармасының қызметкерлері мен полиция қызметкерлері бірлесіп Тараз қаласының базарлары мен сауда орындарында рейд жүргізді. Рейдтік іс-шаралар барысында қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату фактісі анықталды. Анықталған құқықбұзушылық бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Осы бағыттағы жұмыстар барлық аудандарда жалғасуда. Сондай-ақ департаментке қарасты барлық өрт сөндіру бөлімдерінде тактикалық арнайы даярлау бағдарламасына сәйкес жеке құрамнан жылдық қорытынды сынақ қабылдануда. Сынақ барысында қызметкерлердің кәсіби шеберлігі, дене дайындығы, тактикалық іс-қимылдар мен нормативтерді уақытылы әрі дұрыс орындау қабілеті тексерілді. Әр бөлімшенің өрт сөндіру тактикасы, жоғары қабатқа көтерілу, жеке құрал-жабдықтарды пайдалану және құтқару тәсілдері бойынша машықтары бағаланды. Жылдық сынақ нәтижесінде бөлімшелердің жалпы қызметтік дайындығы сараланып, олардың кәсіби деңгейі бойынша қорытынды жасалды, – дейді Дархан Өскенбайұлы.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт пен табиғи апаттардан бөлек, өз құзыретіне кіретін барлық бағыттағы жұмыстарға тұрақты түрде назар аударады. Жақында департаментте кезекші-диспетчерлік құраммен арнайы кездесу өтіп, жедел қызметті ұйымдастыруға қатысты бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Кездесу барысында төтенше жағдайлар туралы хабарламаларды қабылдау және өңдеу тәртібі жан-жақты қаралды. Сонымен бірге ақпаратты нақты әрі уақытылы қабылдау, тіркеу, өңдеу және тиісті бөлімшелерді оқиға орнына жедел бағыттау алгоритмдері пысықталды.

Кездесу аясында жеке құрамға «Бірыңғай диспетчерлік қызмет – 112» пилоттық жобасы таныстырылды. Мамандар жүйенің негізгі мүмкіндіктері мен артықшылықтарын түсіндіріп, оның халықтан келіп түскен өтініштерді өңдеу сапасын арттырып, төтенше жағдайларға жедел ден қою жылдамдығын күшейтуге ықпал ететінін жеткізді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар