ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ БАР
КСРО ыдырап, егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдар еліміз үшін аса ауыр кезең болды. 1990 жылдардың басында экономиканың көптеген саласы тоқырауға ұшырап, қарапайым халық жоқшылық пен алмағайып заманды, сындарлы сәтті бастан кешті. Ел ішінде жұмыссыздық белең алып, әлеуметтік жағдай құлдырады. Бірақ халқымыз сол тұста төзімділік таныта отырып, қиындықты бірге еңсерді. Уақыт өте келе ел еңсесін тіктей бастады. Тұралаған экономиканың тамырына қан жүгіріп, әр салаға жан бітті. Оның ішінде Әулиеата өңірі де қайта түлеп, тәуелсіздік жылдарында құрылыс саласында қарқынды жұмыстар жүргізілді. Жылдар бойы назардан тыс қалған әр ауылда тіршілік жанданды. Шалғай елді мекендерге дейін жол, жарық тартылып, мектеп, клуб, ауылдық дәрігерлік амбулатория, спорттық кешен секілді жаңадан салынған әлеуметтік нысандар елге есігін айқара ашты. Бір кездері қаңырап бос қалған Қаратау мен Жаңатас қаласының да екінші тынысы ашылып, көркейе түсті. Түрлі кәсіпорындар іске қосылып, жұмыс орындары көбейді.
Құрылыс саласының қанат жаюы аймақтың бұрынғы келбетін түбегейлі өзгертті. Әсіресе облыс орталығы – Тараз қаласының дамуы өңір үшін өркениетке жасалған үлкен бетбұрыс болды. 2000 жылдардан бастап шаһардың инфрақұрылымы жаңарып, мәдени нысандар, тұрғын үйлер салына бастады. Қаланың қақ ортасында бой көтерген түрлі зәулім ғимараттар Тараздың заманауи келбетін қалыптастырды. Бұған шаһардың тарихи болмысын айшықтайтын «Тектұрмас» этно-тарихи кешені, шығыстық сәулет бедерін сақтай отырып салынған «Көне Тараз» тарихи-этномәдени орталығы секілді айтулы нысандардың ашылуы зор үлес қосты. Қарқынды жүргізілген құрылыстың арқасында ішкі туризмнің тынысын кеңейтуге де ерекше екпін берілді. Тараздың әлеуметтік-экономикалық өсу динамикасы тәуелсіздік жылдарында бірінен соң бірі салынған «Астана», «Бәйтерек», «Ұлы дала», «Шапағат», «Балауса», «Қарасай» сияқты ықшамаудандармен де өлшенетінін айта кетуіміз керек. Сонымен қатар көптеген жаңа тұрғын алқаптардың салынып, мыңдаған отбасының қоныс тойын тойлауы да сөз етуге тұрарлық. Бұрын бос жатқан аумақтарға елдің қоныстанып, қажетті инфрақұрылым және әлеуметтік нысандармен қамтылуына құрылыс саласының тигізген септігі зор.
НЫСАНДАР УАҚЫТЫЛЫ ТАПСЫРЫЛУДА
Осының ішінде биыл облыс әкімдігі құрылыс басқармасы арқылы сметалық құны 299,6 миллиард теңгені құрайтын 178 жобаға қаражат бөлініп, ауқымды жұмыс қолға алыныпты. Оның 108-ін осы жылы тапсыру жоспарланған болса, бүгінгі таңда 61 нысанның құрылысы аяқталған екен. 47 нысан жыл соңынде ел игілігіне берілетін болса, 70 нысан келер жылға өтпелі көрінеді. Бұл жөнінде облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев қай салада қандай нысан қашан пайдалануға берілетінін тарқата айтып берді.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, білім саласында 22 нысан тапсырылуы қажет болса оның оны осы жылға, қалғаны келер жылға жоспарланыпты. Одан бөлек, «Келешек мектептері» жобасы бойынша төрт мектеп ел игілігіне ұсынылған. Денсаулық сақтау саласындағы 9 нысанның үшеуінің құрылысы келер жылы аяқталады. Спорт саласында биыл – 5, алдағы жылы 8 нысан пайдалануға берілмек. Мәдениет саласындағы 12 нысанның екеуін, ауылшаруашылық саласындағы 6 нысанның үшеуін, ішкі істер саласындағы үш әкімшілік ғимараттың екеуін, 46 тұрғын үйдің 26-сын, 63 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның 14-ін келер жылы пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ биыл пайдалануға беріліп жатқан 1 415 пәтердің 361-і мемлекет есебінен қаржыландырылса, 54 пәтер облигация арқылы сатып алынуда.
– Аталған жобалардың 109 нысаны жалпы 47,9 миллиард теңге көлемінде «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бойынша қаржыландырылды. Сонымен қатар 20,1 миллиард теңгеге 27 нысан «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша, 4,2 миллиард теңгеге 29 нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынуда. «Келешек мектептері» жобасы бойынша 13,5 миллиард теңгеге 4 нысан салынды. Білім инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы қолға алынған бес нысанға 2,5 миллиард теңге жұмсалуда. 4 нысан арнайы мемлекеттік қор арқылы 2,8 миллиард теңгеге қаржыландырылды. Осының ішінде бүгінгі күнге 61 нысанның құрылысы аяқталды. «Келешек мектептері» жобасы аясында Тараз қаласындағы «Ұлы дала» ықшамауданында 2 000 орындық, «Шөлдала» алабында 600 орындық, Қордай ауданының Қарасу және Қаракемер ауылдарының әрқайсысында 300 орындық екі білім ошағы оқушыларға есігін айқара ашты. Денсаулық сақтау саласы бойынша Қордай ауданының Сортөбе ауылында 200 келушіге арналған емхана, Үлкен Сұлутөр ауылында және Талас ауданындағы Ақкөл ауылында 45 адамдық дәрігерлік амбулатория, Меркі ауданында орталық аурухананың Литер-А бөлігі салынды. Сонымен қатар Мойынқұм ауданының Бірлік ауылында стадион қайта жаңғыртудан өтсе, Айдарлы ауылында және Талас ауданының Бостандық ауылында спорт кешені пайдалануға берілді. Тараз қаласының «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінде Ежелгі бекініс, «Құмшағал» тұрғын алқабында, Байзақ ауданының Мырзатай ауылында 120 орындық, Жамбыл ауданының Қызылқайнар ауылында 180 орындық, Мойынқұм ауданының Айдарлы ауылында 90 орындық, Шу ауданының Белбасар ауылында 90 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Қордай ауданында 3800 гектар суармалы жерге құбыр тартылып, Т.Рысқұлов ауданында «Қарақат» каналы жөнделді. Тараз қаласындағы Тынышбаев көшесінде казарма, Сүлейменов көшесіндегі 2-7, 4-4, 20-2, 31-1, 31-2, 43-7, 44-6, 44-14, 44-16, 44-17 белгідегі және 14 ықшамаудандағы 1-5 белгідегі тұрғын үйлердің құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек «Ұлы дала» ықшамауданында магистралдық электр желілері кеңейтілді. Асқаров көшесіндегі тұрғын алапқа ауызсу, газ құбырын тартудың екінші кезеңі, кәріз құбырын салу ісі жүзеге асса, Сүлейменов көшесіндегі бірнеше үй инженерлік желілермен қамтамасыз етіліп, абаттандырылды. Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында 10 кВт тарату пункті, Қордай ауданының Ауқатты ауылында су құбыры, Қаратау аймағында электр жүйесінің бірінші кезеңі, су және кәріз жүйесінің екінші кезеңі іске асты. Сондай-ақ біздің басқарма тарапынан тапсырыс беру арқылы жалпы құны 165,1 миллиард теңгені құрайтын 45 жобаның құрылысы жүргізілуде. Бұл жобаларға мемлекеттен 28,1 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 23 жоба осы жылы аяқталуы тиіс, ал 22 жоба келесі жылға қалдырылған. Қазіргі кезде сметалық құны 33,2 миллиард теңгені құрайтын 22 білім нысанының құрылысы жүріп жатыр. Олардың ішінде 9 жаңа мектеп және 13 қосымша құрылыс бар. Бүгінгі күні осы 10 нысанның алтауы пайдалануға берілді. Қалған 12 нысанның құрылысы 2026 жылы аяқталады. Сметалық құны 113,9 миллиард теңгені құрайтын 9 денсаулық сақтау нысанының құрылысына 2025 жылы 10,5 миллиард теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, 1 емхана, 2 орталық аурухананы қайта жаңарту, 2 дәрігерлік амбулаторияның, 1 денсаулық сақтау нысанының инженерлік желілері бар. Жыл қорытындысымен 6 нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда. Бүгінгі күнге 5 нысан құрылысы аяқталды. Спорт саласында облыс бойынша 1,7 миллиард теңгеге 13 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп жатса, нысан осы жылы пайдалануға беріледі. 8 нысан құрылысы жоспарға сәйкес 2026 жылға өтпелі. Мәдениет саласы бойынша сметалық құны 4,0 миллиард теңгені құрайтын 12 нысанның құрылысына 0,6 миллиард теңге қаржы бөлініп, осы жылы 10 нысанда құрылыс жұмыстары толығымен аяқталады. Ауылшаруашылығы саласында 6 нысанға биыл 2,8 миллиард теңге бөлінсе, қазір Тасөткел бөгетін қайта жаңғырту, Андас-3 тоғанында, Мойынқұм ауданында гидроқұрылыс, Қордай ауданында Благовещенск су каналының құрылысы жүруде, Жыл соңында Тасөткел бөгетін қайта жаңғырту жұмысы аяқталады, – дейді Ерлан Құрмантайұлы.
ҚОНЫСТОЙДЫҢ КӨБЕЙГЕНІ ҚУАНТАДЫ
Халықты баспанамен қамту бағытында жыл сайын бюджеттен қомақты қаржы бөлініп келеді. Кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде іске асырылуда. Коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 40 174 азамат тіркелген болса, оның 30 045-і әлеуметтік осал топтағы азаматтар екен.
– Осы жылы жалпы 765 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарлануда. 2024 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 100,8 пайыз болмақ. Пайдалануға берілетін 765 мың шаршы метр тұрғын үйдің 21,4 пайызы, яғни шамамен 164 мың шаршы метрі бюджет қаражаты есебінен, 78,6 пайызы жеке меншік қаражаты есебінен салынуда. Қаңтар-қараша айларының қорытындысымен 642,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, меже 101,1 пайызға орындалды. Жалпы құрылыс саласына 390,8 миллиард теңгеге инвестиция тартып, құрылыс жұмыстарының көлемін 113 пайызға асыра орындау жоспарланды. Қаңтар-қараша айларының қорытындысымен 118 пайыз деңгейінде орындау межесі белгіленген, бұл қаражатпен 293,3 миллиард теңге болады. Бүгінгі күнге оның 289,1 миллиард теңгесі, яғни 116,3 пайызы орындалды. 2025 жылы кезектегі азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуге бюджетен жалпы 39,7 миллиард теңге бөлініп, нәтижесінде 2430 тұрғын баспаналы болады. Оның 1 415-і әлеуметтік осал топтағылар. Атап айтсақ, 18,4 миллиард теңгеге 2 190 пәтерлі 46 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 1 015 пәтер болатын 20 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Атап айтқанда Тараз қаласындағы «Ұлы дала» ықшамауданындағы 815 пәтерді құрайтын 15 тұрғын үй мен 14-ықшамаудандағы 200 пәтерден тұратын 5 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Құрылыс-монтаждау жұмысы жүргізілген барлық үйлерді сөз етсек, Тараз қаласында 2 020 пәтерден тұратын 44 әлеуметтік кредиттік тұрғын үй құрылысы салынған болатын. Сарысу ауданында 90 пәтерлі 1 арендалық тұрғын үй қайта жаңғыртылды. Шу ауданында 80 пәтерлі 1 арендалық тұрғын үй құрылысы жүргізілді. Бүгінгі күнге бюджет қаражаты есебінен 580 пәтерлі 11 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. 2025 жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 21,5 миллиард теңге бөлінді. Жоспар бойынша 1 415 пәтер сатып алынады. Бүгінгі күнге 994 пәтер сатып алынды, 277 пәтер сатып алу конкурсына ұсынылған. Қалған 144-інде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым бойынша 2025 жылы облыс бойынша жеке тұрғын үй салу үшін жер кезегіне 220 960 азамат тіркелген. Оның ішінде Тараз қаласында – 130 466, Байзақ ауданында – 15 205, Жамбыл ауданында – 11 990, Жуалыда – 6 562, Қордайда – 17 791, Меркіде – 14 950, Мойынқұмда – 301, Т.Рысқұлов ауданында – 8597, Сарысуда – 1825, Таласта – 1155, Шуда 12 118 адам бар. Осы жылы бюджет қаражаты есебінен 63 инженерлік инфрақұрылым жобаларының құрылысына 11 381,3 миллиард теңге қаражат қаралды. Нәтижесінде 4 жаңа тұрғын алқапта жеке тұрғын үй құрылысы үшін 1 130 учаске дайындалады. Оның ішінде Меркі ауылында 77 гектардың 32 гектары, Тескентоғанда 37,9 гектар, Аққайнарда 45 гектар дайындалды. Бүгінгі күнге 23 жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Биыл басқарма тарапынан 32 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Оның ішінде 11 жобаның сараптама қорытындысы алынды. 7 жоба сараптама қарауында жатыр. 14 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Әзірленіп жатқан 32 жобалық-сметалық құжаттың сегізі білім саласына қатысты. Сол секілді денсаулық сақтау саласында –12, мәдениет саласында – 1, мемлекеттік органдар үшін – 10, әлеуметтік нысан бойынша – 1, индустриялық аймаққа тиесілі 1 жоба бар. Бүгінгі таңда жалпы құны 135 миллиард теңгені құрайтын 26 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы дайын. Атап айтқанда, білім беру жүйесінде 11, денсаулық сақтау ісінде 3, мәдениет бағытында 1, спорт саласында 1, әлеуметтік қамту бойынша 2 жоба қаржыландыруды қажет етеді. Дәл осындай индустриалдық аймаққа тиесілі және ауылшаруашылығы саласында бір-бір, құқық қорғау саласында 4 жоба бар, – дейді Е.Орынбаев.
Осы жылдың 11 айының қорытындысымен жалпы бөлінген 86,9 миллиард теңгенің 71,6 миллиард теңгесі игеріліпті. Қазіргі уақытта жыл қорытындысымен бөлінген қаржының 95,2 пайызын игеруге күш салынып жатса керек. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шұғыл шығындарға арналған резерві есебінен дамуға бағытталған іс-шаралар өткізу бағдарламасы бойынша 4,2 миллиард теңге игерілмей қалуы мүмкін екен. Себебі келісім шарт талаптарына мердігер келіспей отырған көрінеді. Қараша айының қорытындысы бойынша 77 137,0 миллиард теңгенің 71 602,2 миллиард теңгесі игеріліп, меже 93 пайызды құрапты.
Тараз қаласындағы құрылыс жұмыстарының жай-күйіне келсек, шаһарда екі көпір құрылысын салу және Талас өзені арқылы өтетін көпірді жаңғырту қолға алынған болатын. Атап айтқанда, Абай көшесінің темір жол үсті арқылы өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысын салу мақсатында мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке 16,9 миллиард теңгеге өтінім ұсынылған. Қазіргі таңда көпір құрылысын жүргізу үшін жол бойындағы жеке тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандарды мемлекет мұқтажына қайтаруға 1,8 миллиард теңге, нысандарды сүру жұмыстарына 285,04 миллион теңге қаржы қарастырылып, тиісті шаруалар атқарылуда. Сондай-ақ Абай және Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейінгі аралықты қамтитын жобада Тараз қаласындағы теміржол, өнеркəсіптік аймақ арқылы эстакада салу қарастырылған. Бүгінде мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылған. Аталған эстакада салынған жағдайда ел аузында «Горбатый мост» атанып кеткен жерүсті көпіріндегі үлкен көлік кептелісі едəуір азайып, қаланың шығыстан кіреберіс жолына, 14-ықшамауданға тікелей қатынауға мүмкіндік тумақ. Бұдан бөлек, тараздықтар үшін көптен бері жыр болып келе жатқан кəріз суына қатысты мәселе шешімін таппақ. Ол үшін де арнайы жобаны жүзеге асыру, яғни кәріз суын тазарту кешенін салу қолға алынуда. Өйткені шаһардың шайынды суы бүгінде іргеде жатқан Жамбыл ауданындағы 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңына құйылып жатыр. Аталған орын шамадан тыс толғандықтан, Аса өзені мен жерасты суларының ластану қаупі туындауда. Бұл тұрғыда сөз етіліп отырған кəріз суын тазарту кешенінің құрылысын салу арнайы әзірленген «Жол картасы» бойынша жүзеге асады. Соған сəйкес Еуропа Қайта құру жəне даму банкінен грант бөлініп, техникалық және экономикалық негіздеме жасалып, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алыныпты. Жобаны қаржыландыру «Бəйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының еншілес ұйымдары арқылы мемлекеттік бағалы қағаздарды, ұлттық даму құралдарын шығару тетіктерін пайдалана отырып жүзеге асырылмақ.
Тараз қаласынан екі аудан құрылғанда Байзақ ауданының Талас ауылы, Талас стансасы мен Қызылжұлдыз елді мекендері, Жамбыл ауданынан Шайқорық, Шайқорық стансасы, Танты, Қоңыртөбе, Бектөбе, Қызылшарық, Сұлутөр, Кемел, Түркісіб, Жалпақтөбе, Ақбұлым секілді елді мекендері шаһар құрамына енгені белгілі. Бүгінде бұл тұрғын алаптары толығымен құжаттандырылған. Жаңадан құрылған екі аудан қаланың аумақтық тұтастығын қамтамасыз етіп, бүкіл қаланы бақылауға, жалпыұлттық қызметтерді аумақтық ұйымдастыруға, төтенше жағдайлар кезінде күштерді жедел ұйымдастыруға мол мүмкіндік беруде. Бір айта кетер жайт, қалаға қосылған елді мекендерге қатысты бұрыннан бар мəселелерді зерделеу жұмыстары жүргізіліп, оларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісін кезең-кезеңімен шешу жөнінде тиісті жұмыстар атқарылуда.
Бүгінде көне шаһарда халықты баспанамен қамтамасыз ету ең маңызды мәселенің бірі болғандықтан көпқабатты тұрғын үйлер салынып, шетінен халыққа үлестірілуде. Мысалы, «Шапағат» ықшамауданында 16 көпқабатты тұрғын үйдің дені пайдалануға берілген. Бұған қоса аталған ықшамауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында 351 жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу, 82 бес қабатты көппəтерлі тұрғын үй салу, жалпыға бірдей орта білім беретін мектеп, балабақша, емхана, халыққа қызмет көрсету орталығын ашу қарастырылған. Сондай-ақ өрт сөндіру бекеті, əкімшілік ғимараты, жол бойындағы қызмет көрсету нысандары, саябақ, инженерлік, коммуналдық қойма құрылыстарының аумақтары, коммерциялық қызмет көрсету нысандары, перзентхана, спорт кешені, мəдениет үйі, мешіт секілді нысан құрылысын жүргізу көзделген.
«Ұлы дала» ықшамауданында 34 көпқабатты тұрғын үйдің 12-сі пайдалануға тапсырылса, қалған тұрғын үй құрылысы əлі де жүргізілуде. «Балауса» ықшамауданында 22 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сəйкес мұнда 2 мектеп, 3 балабақша, онкологиялық диспансер, көпсалалы аурухана, профильді емхана, лицей-интернат бой көтереді. Сонымен қатар «Салтанат сарайы», инновациялық шығармашылық орталығы, денешынықтыру-сауықтыру кешені, инженерлік құрылымдар, кəсіпкерлік нысандар ашылатын болады. Қаладағы А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алабына қосымша 66 көпқабатты үйдің жобалық-сметалық құжаттамалары əзірленіп, сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке тиісті өтінім ұсынылып қойған. Одан бөлек, «Қарасай» шағынауданының да жоспарлау жобасы əзірленді. Мұнда да көпқабатты тұрғын үйлермен қатар түрлі əлеуметтік, коммерциялық нысан халыққа қызмет көрсететін болады. Жеке инвестициялар есебінен іске асырылып жатқан жобалар да қаланың əлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отыр. Осы жылға Тараз қаласында 260 пәтер сатып алу жоспарланған. Олардың денінің құрылыс жұмысы, яғни дайындығы толықтай аяқталып, шетінен конкурсқа шығарылды. Желтоқсан айында ішінара қалған пәтерлер конкурсқа шығарылуда. Жалпы жыл соңына дейін жоспарланған пәтерлер сатып алынатын болады. Келер жылға 400 пәтер сатып алу жоспарланса, олардың да құрылыс жұмыстары осы жылдың өзінде қарқынды жүргізіліп жатыр.
Жалпы Тараз қаласы бүгінде түлеп, түрленіп келеді. Шаһарда түрлі ғимараттар бой көтеріп, кішігірім жолға дейін жөнеделуде. Үйлердің қасбеттері әрленіп, аулалар жаңғыртылуда. Құрылыс саласының қарқынын, жүргізіліп жатқан қызу жұмыс пен жүзеге асырылып жатқан жобалардың нәтижесін өңірдің кез келген елді мекенінен көруге болады.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ




